Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕСІК ҮНІНЕН БАСТАЛҒАН БАҚ...

БЕСІК ҮНІНЕН БАСТАЛҒАН БАҚ...

Қазақ дүниетанымында ер мен әйел – бір шаңырақтың қос қанаты. «Түз – ердікі, үй – әйелдікі» деген тәмсілдің астарында билік емес, жауапкершілік пен үйлесімнің ұлы заңы жатыр. Ер – қорған, әйел – жылу. Осы екі ұғым тоғысқанда ғана шаңырақ шайқалмай, өмірдің өзегі бекем болады. Ал сол шаңырақтың ең киелі иесі – ана. Ана деген бір ауыз сөздің өзінде тұтас әлемнің мейірімі, тіршіліктің тамыры, адамзаттың үміті сыйып тұр. Өмір есігін ашқан әрбір жан ең алғаш ананың ақ сүтімен, әлдиімен дүниенің жарығын таниды. Сол сәттен бастап адам тағдырына ізгілік пен жылылықтың дәні себіледі.
Ана – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ұлттың болмысын қалыптастыратын рухани күш. Ұрпақтың мінезі, жүріс-тұрысы, адамға деген көзқарасы – бәрі ананың бесігінен бастау алады. Сол себепті де халқымыз «ананың ақ сүтін ақтау» деген ұғымды қасиетті парызға балаған. Демографияның өсім алуына да осы жандардың қосар үлесі мол.
Кеше аудандық мәжіліс залында ел ертеңі үшін еселі еңбек етіп жүрген көпбалалы аналарға арналған салтанатты құрмет рәсімі өтті. Асыл жандарды Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 7 сәуірдегі №1223 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі А.Жандарбеков «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапаттады. Шара барысында аудан бойынша 26 ана «Алтын алқа», 18 ана «Күміс алқа» иегері атанды. Осынау марапаттың артында сансыз түнсіз ұйқы, тынымсыз еңбек, өмірдің барлық ауыртпалығын мейіріммен жеңген аналық төзім жатыр.
Аудан әкімі өз сөзінде ананың қоғамдағы орны ешқашан өлшенбейтінін, оның еңбегі ұлттың болашағымен тікелей байланысты екенін атап өтті. «Әйел – өмірдің бастауы ғана емес, ұлттың рухани өзегі. Ананың мейірімі бар жерде қоғам да мейірімді, ұрпақ та тәрбиелі болады» деген лебіздер зал ішін ерекше тебіреніске бөледі.
Жиын барысында көпбалалы аналар да өз ризашылықтарын білдірді. «Алтын алқа» иегері Гүлназ Ақылбаева мемлекет тарапынан көрсетілген құрмет пен аудан басшылығының жылы лебіздері аналарға үлкен рух беретінін айтты. Оның айтуынша, бейбіт өмірде ұрпақ өсіріп, саналы азамат тәрбиелеу – аналар үшін ең үлкен бақыт әрі жауапкершілік.
Салтанатты басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил да сөз алып, халық даналығына сүйене отырып, ананың қоғамдағы орнының ерекше екенін атап өтті. Ол «Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы» деген сөзді келтіріп, ананың аялы алақаны әлемді мейірімге бөлейтінін, саналы ұрпақ тәрбиелеу – ең үлкен міндет екенін айтты.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова ананың қоғамдағы орны туралы терең ой қозғап, «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналықтың өмір шындығымен дәлелденіп отырғанын жеткізді. Аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев та аналарға ыстық ықыласын білдіріп, көпбалалы аналардың еңбегі ел тарапынан әрдайым бағаланатынын атап өтті.
Шара барысында аудан өнерпаздары аналарға арнап әсем ән орындап, салтанатты жиынға ерекше рухани реңк берді. Ән мен құрмет, лебіз бен алғыс тоғысқан бұл кеш аналардың жүрегін қуанышқа бөледі.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
13 мамыр 2026 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031