АНАЛАРҒА КӨРСЕТІЛГЕН АЛТЫН ҚҰРМЕТ

Қазақ «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» дейді. Себебі, ананың шексіз еңбегі мен мейірімін ешбір сыйлықпен, ешбір марапатпен өлшеу мүмкін емес. Оның аялы алақаны сәбиін ғана емес, тұтас қоғамды мейірімге бөлейді. Ұрпақ тәрбиесі – ананың алақаны мен жүрегінде басталады. Ұлы Абайдың даналығы, Шоқанның ғұламалығы, Мұхтардың заңғарлығы – бәрі де ананың ақ сүті мен адал тәрбиесінің жемісі.
Бүгінгі таңда да халқымыз ананы ардақтауды өз парызы деп біледі. Соның айғағы ретінде сәрсенбі күні аудан әкімдігі көпбалалы аналарды құрметтеу рәсімін өткізді. Бұл – жай ғана марапаттау емес, ананың қоғамдағы биік орнын тағы бір мәрте айшықтаған мәнді шара болды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы 26 көпбалалы ананы қабылдап, олардың ерен еңбегін атап өтті.
Салтанатты жиында 3 анаға «Алтын алқа», 23 анаға «Күміс алқа» төсбелгілері тағылды. Бұл – ананың бала тәрбиесіндегі, демографиялық өсімдегі еңбегіне берілген лайықты баға. Бұны аудан әкімі де атап өтті.
– Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді.Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы, әлемнің ажырамас бөлігі, сұлулықтың асыл тәжі. Ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесінің көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай да болмасын құрметке лайық. Қашан да үлкенді құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында ананы сыйлау – тәрбиенің өзегі. Сіздер еліміздің демографиясының өсуіне, халық санының көбеюі мен ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келесіздер. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын, – деді аудан басшысы.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет және қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекішев өздерінің жүрекжарды тілектерін білдіріп, аналардың қоғамдағы рөліне тоқталды.
Олар: «Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы. Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы. Алған жарың жақсы болса – абыройыңның тұрағы» деген халық даналығын мысалға ала отырып, ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ал «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова аналар қауымының ұлттың ұйытқысы екенін тілге тиек етті.
– Сіздер тек отбасының ғана емес, ұлттың ұйытқысысыздар. Бүгінгі ұрпақ – сіздердің қолдарыңызда. Олардың елдің намысын қорғайтын, мемлекет мерейін үстем ететін азаматтар болып өсуі – сіздердің еңбектеріңізге байланысты, – деді «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы.
Алтын мен күміс алқа таққан жас аналардың қуанышында шек болмады. Көпшіліктің көңілін толқытқан сәт – жеті баланың анасы Гаухар Әділбекованың «Алтын алқа» иегері атануы болды. Бұған дейін «Күміс алқа» иесі атанған ол, енді аудан әкімінің қолынан алтын марапатын алып, аналардың атынан сөз сөйледі.
– Президентіміздің аналарға көрсеткен құрметі мен аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандыра түсті. Әрбір ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрланды. Бейбіт заманда дені сау ұрпақ өрбітіп, жайлы ғұмыр кешуіміз мемлекет басшысы мен сіздердің арқаларыңызда, – деп алғысын жеткізді.
Шара соңы аудан өнерпаздарының орындауындағы әсем әндермен жалғасып, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. Аналардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық – бұл игі істің ел жүрегінде өшпес із қалдырғанының дәлелі болды.
Ананы құрметтеу – ұлттың рухани деңгейін көрсетеді. Ананың мейірімі – өмірдің мәңгілік шамшырағы. Егер әр бала ананы сыйласа, әр қоғам ананы ардақтаса, болашақ жарқын болмақ. Алтын құрсақты аналардың шексіз еңбегі – елдің ең асыл қазынасы. Олардың қолындағы бесік – ұлттың тағдырын тербететін алтын бесік.
Мейіржан ИБРАГИМОВ