Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҒҰМЫРЫҢ БОЛСЫН БІР ҒАСЫР

ҒҰМЫРЫҢ БОЛСЫН БІР ҒАСЫР

Ана – адамзат баласының дүниеге келуіне себепші болатын ең аяулы жан. Ана дегенде жүрегі жылымайтын, толғанбайтын адам жоқ. Ақын біткеннің бәрі ана туралы сыр шертіп, қалам тербейді. Қазақтың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынова «Жердегі бар тағамнан, Ана сүті нәрлі екен. Бұл жалғанда анамнан, Сүйікті жан бар ма екен?» десе, Қадыр Мырза Әлі «Ана» туралы өлеңінде «Бәрі де, Ана, бір өзіңнен басталды, Сен деп жаздым алғаш өлеңдастанды» деп анаға деген құрметті арттырып, махаббат сезімін күшейтеді.
Бүгінгі кейіпкеріміз кент тұрғыны, тамыры тереңге жайылған әулеттің ұйытқысы болып отырған ардақты ана, асыл әже – Рыскүл Жаппарқызы. Тоқсанның екеуіне қадам басқан Рыскүл Жаппарқызы 1933 жылы 10 қаңтарда Қызылорда облысы, Абай совхозында дүниеге келген. Руы Кіші жүз, жаппас. Жолдасы Файзулла Айдарәлиевпен отау құрып, 12 ұл-қызды дүниеге әкелген көпбалалы ана атанды. Файзулла ақсақал 1941 жылы Ұлы Отан соғысы тұтанған тұста ел мен жерді жаудан азат ету үшін майдан шебінен табылып, соғыс ардагері атанды. Бұл күнде Рыскүл әжейдің 45 немере, 39 шөбересі бар. Бақилыққа аттанған жұбайының аманатына қиянат жасамай, түтінін түзу шығарып отыр. Немере мен шөберенің қызығын көріп, жуырда шөбересін үйлендіріп, шөпшегінің қолынан май жалайтын күн де алыс емес.
– Менің әжем үнемі қыз баланың әр қылығы өзіне жарасымды болуы керектігін айтып отырады. Бізді кішкентай күнімізден түрлі ертегілер айтып, қолөнер бұйымдарын жасауға баулыды. Үлкеннің тілін алып, кішіге ізет көрсетуді үйретті. Әжесі бар үйде бақ-береке, дәулет, молшылық болады деген рас екен. Қазір тұрмыс құрып өз шаңырағымның түтінін түтетсем де, әжеме келіп еркелеп, балалық шақтың бал дәмін сезініп кетемін, – дейді немересі Гүлбаршын Абдраман.
Қазақ халқы әуелден ананы құрметтеуге, қадірлеуге үндеген. Ел қорғаған батыр, сөз маржанын терген ақын, ғалым да аналарымыздың алтын құрсағынан шықты. «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» дейтін ана жүрегі қашан да мейірімге толы. Бесікте жатқан күнінен әлдиін айтып, баланың жарық дүниеге деген құштарлығын оятып, ақ сүтімен адалдық, адамдық қасиетті бойына дарытқан. Қазақтың ұлы ақыны Абай данамызға анасы Ұлжан, Шоқандай ғұламаға Зейнеп, Мұхтардай заңғарымызға анасы Нұржамал білім нәрін осылай сепсе керек. Дәл сондай аяулы аналардың ізін жалғап, жалғасы болған Рыскүл Жаппарқызы да қос ғасырдың куәсі атанған асыл жан.

М.ИБРАГИМОВ
07 наурыз 2024 ж. 283 0