Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ жаулықтың иесі

Ақ жаулықтың иесі


Қазақ телевизиясының жарық жұлдызына айналып, «Таңшолпан» таңғы сазды бағдарламасында «Қайырлы таң» қазақ елі деп қоңыр үнімен, әсерлі сөздерімен бүкіл көрерменнің көңіл-күйін көтеріп, бекзет болмысымен дараланған қазақ елінің сүйікті ұлы Руслан Бөлебайды Шиеліліктер Ұмыта қойған жоқ. Бүгін осындай ұлды өмірге әкелген аяулы ана Әмина Өтегенова жайында сөз қозғамақпыз.
Иә, ана деген сөз адам жүрегінен жарып шығып, ыстық сезімдерге жетелері хақ. Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады десек, Әмина апай жан-жағына шуағын төгіп, өзінің ынта-жігерімен талмас талапты өмірлік серігі етіп, адал еңбекті саналы ғұмырының алтын арқауына айналдыра білген жан. Ол 1957 жылы 5-ші қазанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1982 жылы Қарғалы ауылындағы балабақшада бастайды. Ғұмыр дариясында әр қазақтың жас жауқазынындай желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршіндерін тәрбиелеп өсірді. Бастысы жұмыста табанды, еңбекте қажырлы, ортасына сыйлы, ауданға ардақты ана бола білді. Бүгінгі кейіпкеріміз 1975 жылы Әбсаттар Төлегенұлына тұрмысқа шығып, 3 ұл, 3 қызды дүниеге әкелді. Ата-ананың жанына аяздай батқаны үш бірдей перзентін жер қойнына тапсырғаны. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген қос ұлынан айырылу ана жүрегін жұлып алып кеткенмен тең. Осылайша өмірдің соқпақ жолын тартып, сынаққа толы тағыдыр кешсе де мойымай, ұл-қыздары үшін бар қайратын бойға жинады.
– Наурыз мерекесінде «Қазақстан Ұлттық арнасы» арқылы барша қазақты ұйқысынан оятып, «жаңа жыл келді» дейтін Русланымның дауысы әлі күнге құлағымда, – дейді Әмина ана. Иә, көктемдегі көңіл-күйді көздерінен аңғаруға болатын Руслан әріптесіміздің орны бөлек еді-ау...

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
20 наурыз 2021 ж. 442 0