АРТЫНДА АЛАТАУДАЙ ЕСІМІ ҚАЛДЫ
Таңсәріден «Қайырлы таң, Қазақ елі!» деп барша қазақтың жүрегіне жылы шыраймен, сырлы үнімен жол таба білген Руслан Бөлебайдың күмбірлеген дауысы әр көрерменнің құлағында сайрап тұрса керек.Аз ғана ғұмырында жастардың эталонына айналған жас ғұмыр иесінің дүниеден өткеніне биыл он жыл толып отыр.
Өткен аптада «Жастар жылына» орай «Арман» мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты Руслан Бөлебайдың өмірден өткеніне 10 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Жас та болса, елдің сүйіктісіне айналып үлгерген марқұм журналист тірі болса биыл 34 жасын тойлайды екен.
16 мамыр Руслан Бөлебайдың туған күніне орай «Жырлайды жан жүрегім жақсылықты» атты жас жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Еске алу кеші барысында байқауда оқ бойы оза шапқан ақындарды «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Махамбет марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Шара барысында Талғат Күзенбаев пен журналистің ізбасарлары арнау өлеңдерін оқыды. Руслан жүргізушілік, әншілік қырынан бөлек, қағаз бен қаламды өзіне серік еткен жан. Оның қаламынан туған жыр жолдары «Айдындағы аруыма» деген атпен жинақ болып жарық көрді.
Журналист 1985 жылы Қарғалы ауылында дүниеге келіп, бастауыш сыныпты сонда оқыған. Еске алу кешіне журналистің жақындары, ұстаздары мен бірге оқыған сыныптастары, аудан жастары және өзі түлеп ұшқан мектептің оқушылары жиналды. Кеште Русланның өте еңбекқор, жастайынан көптеген істі тындырып үлгерген, белсенді, ашық-жарқын, ешкімді жатырқамай, ортаға тез бейімделетіндігін оның ұстаздары мен сыныптастары сағынышпен еске алды. Сонымен қатар, кеш барысында Р.Бөлебайдың ата-анасы Әбдісаттар көке мен Әмина апа сөз алып, залда отырған жас буынға сендерге ұлымыздың өмірін емес, өнерін берсін деген тілектерін жаудырды. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова елге еңбек еткен ерді дүниеге әкелген әке мен анаға алғыс айтып, лебізін білдірді.
2009 жылдың шілде айында талантты журналист Руслан Бөлебай жол апатынан көз жұмды деген ақпарат елді дүр сілкіндіргені күні кешегідей есімізде. Небәрі 24 жасында елге танылып, халықтың сүйіктісіне айналған азаматтың қазасын қазақ жұрты ауыр қабылдады. Тілшілік қызметтен бөлек, Руслан әншілікті де қатар алып жүрді. «Кең дала», «Сен болмасаң», «Жанарым», «Елес», «Мөлдір моншақтар», «Кешікпей келем деп ең», «Махаббатпен ойнама сен», «Іңкәрім-ай» әндерін нақышына келтіре орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Иә, Руслан Бөлебайдың жарқын да жайсаң бейнесі тек жақындарының ғана емес әрбір қазақтың жүрегінен орын алғаны анық. Екі мүшел ғана өмір сүрсе де әр сәтін мәнді де мағыналы өткізген, артына өшпестей із қалдырған танымал журналистің есімі 2016 жылы Шиелі кенті «Шұғыла» мөлтек ауданынан жаңадан ашылған көшеге берілген болатын. Бір қызы журналистің эфирге дайындаған соңғы сюжеті көлік апатынан сақтану жайлы болған екен.
Адам өмірі ұзақтығымен емес, мазмұндылығымен өлшенеді. Отты жанарымен талайлардың жүрегінен жол тапқан талантты ұлының есімін күллі қазақ елі мәңгі асқақтата бермек.
Г.ЯХИЯ.
Жылдам сөндің
Ағып түскен жұлдыздай
Өмір – өзен, өзгертпейді ағысын,
Қызықтайды адамдардың жарысын.
Бөлебайдың әулетінде туылып,
Қатарынан бөлек өскен арысым.
Баурап алар әуелеткен әнімен,
Сол бейнеңді ұмытқам жоқ әлі мен.
Таңшолпанды жүргізетін, жан аға,
Өзгелерден шолпандайын жарық ең.
Озық әнші, журналист те, шешен ең.
Көпшіл іспен көгерді рас көсегең
Қатпар-қатпар тарих қалды артыңда
Жүргеніңмен өте қысқа көшемен.
Алға тартып адалдықтың жетегін,
Жер үсті емес, жүректерде мекенің.
Ұқтырдың ау жадында елдің қалуға,
Жүз жыл өмір керек емес екенін.
Мол мұра бар, зерттесек ізіңді.
Сірә сендей бере алмаймыз біз үлгі.
Көлік жайлы соңғы сюжет түсіріп,
Соңғы демің сол көліктен үзілді.
Тұрғыны боп өмір атты базардың,
Санын бірге арттырдың-ау мазардың.
Көлігіңнен аяқ баспай бұл жерге,
Арбасына мініп кеттің ажалдың.
Қайран аға, биік едің шың құздай
Сені ойласам жүрек қалар бір мұздай.
Жарқ еттің де жарық сыйлап еліңе,
Жылдам сөндің ағып түскен жұлдыздай.
Жігіттердің тәуірін ап таңдап тым,
Ажал дейтін арманы жоқ қармақтың.
Сағынамыз, тілейтінім жаратқан,
Кең төрінен орын берсін жәннәттың.
Бекжан Ержігіт.
Сағыныш
Русланы Бөлебайдың,
Жерлесім.
Ерін ұмыт қалдыруы - елге сын.
Жастайыңнан арамыздан кетсең де,
Біздер үшін әрқашан да төрдесің!
Шиелімнің бетке ұстары, мақтаны,
Өзіңменен атты елдің ақ таңы.
Бірақ ерте құрығына түсірді-ау,
Ажал дейтін арамзаның қақпаны.
Қыймайтұғын жүректерді тілімдеп,
Суреттегі бейнең қалды күлімдеп.
Сені елің шын сүйеді әлі де,
«Таңымызды шуақты етер ұлым» деп!
Жүрегінен орын тауып жұртының,
Суретің тұр символы боп күлкінің.
Аман болсаң, 34-ке толдым деп,
Қуанышпен өтуші еді бұл күнің.
Бар қазақты бауырыңдай санарсың,
Жақсы адам өзіңдей-ақ боп алсын.
Мүмкін лайық екеніңді жұмаққа
Сол кезде-ақ, дәлелдеген боларсың.
Сендік жолды ешкім сүре алған жоқ,
Жүруші едің барлығына қорған боп.
Армандаушы ем, бір көруге өзіңді,
Қалды бірақ, сол арманым арман боп.
Бір күндері көкке ұшып жанымыз,
Өзің жаққа барамыз ғой бәріміз.
Ағасы мен қарындастай сол кезде
Отырып ап сырласармыз әлі біз...
Нұржайна Жұматай.
Аққан жұлдыз
Тұлға десем әрбір өскен гүлдерді,
Біздің өлке гүлге оранып үлгерді.
Тәңір жазып, мақтан тұтып жүретін,
Шиеліме Русландайын ұл берді.
Көзінде от, сөзіндже жалыны бар,
Орақ тілді, аузының салымы бар.
Он жыл өтіп келсе де кеткеніңе
Халқың сенің үніңе әлі құмар.
Тұла бойға тілшілікті дарытқан,
Шын дарының, қабілетің бар ұққам.
Еңбегіңді, өнбегіңді еске алып,
Арда халқың аңсап сені зарыққан.
Шіркін өмір, жүргеніңде боп есен,
Бүгін бұлай мұңлы өлең төкпес ем.
Алматыға арман қуып келдің де,
Арманыңмен ұшып кеттің көкке сен.
Есіміңді дүбір ғып жатқан күндіз,
Алауыңды бүгінде жаққан бұл біз.
Шоқандардай жарқ еттің де жоқ болдың,
Сен мен үшін екінші «Аққан жұлдыз».
Бақытжан Өтегенов.
Танылған бар Қазаққа есімімен,
Тек алға бағыт алып көші жүрген.
Халқына қайырлы таң тілеуші еді,
Шыққан ұл Шиелінің бесігінен.
Тілейтін туған елдің нұрланғанын,
Жасампаз жақсылықтың жырланғанын.
Әнімен, әзілімен, күлкісімен,
Тамсантып тастаушы еді тыңдарманын.
Бүкіл ел сүйсінетін сұңқарым деп,
Алдына қара салмас тұлпарым деп.
Жүрегін кәрі-жастың жаулап едің,
Ән айтып іңкәрім-ай, іңкәрім деп.
Жеткізіп әр сөзімен көңіл үнін,
Бойыңда бар еді сал серілігің.
Батыс пен шығыс Алтай Алатаудың,
Арасы сағынады сені бүгін.
Өнерден бақытыңды тапқан едің,
Құйрықты жұлдыздай боп аққан едің.
Әнші, әртіс, жүргізуші Руслан інім,
Жұмақтың төрі болсын жатқан жерің.
Т.Күзембаев,
Бала би ауылы.