Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАР АРДАҚТАЛДЫ

АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАР АРДАҚТАЛДЫ

Ана – адамзат баласының дүниеге келуіне себепші болатын ең аяулы жан. Ана дегенде жүрегі жылымайтын, толғанбайтын адам жоқ. Ақын біткеннің бәрі ана туралы сыр шертіп, қалам тербейді. Қазақтың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынова «Жердегі бар тағамнан, Ана сүті нәрлі екен. Бұл жалғанда анамнан, Сүйікті жан бар ма екен?» десе, Қадыр Мырза Әлі «Ана» туралы өлеңінде «Бәрі де, Ана, Бір өзіңнен басталды, Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды» деп анаға деген құрметті арттырып, махаббат сезімін күшейтеді.
23 қаңтар күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларымен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі және зиялы қауым өкілдері қатысты. Шараны аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жүргізіп, алтын құрсақты аналарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. – Құрметті алтын құрсақты, ақ жаулықты аналар! Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы, әлемнің ажырамас бөлігі, сұлулықтың асыл тәжі. Ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесінің көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандай да болсын құрметке лайық. Бүгінде ауданымызда халық саны артып, экономикасы қарқынды дамып келеді. Шиелі ауданындағы түрлі деңгейдегі игі бастамалардың бәрінде әйел-аналардың қолтаңбасы бар. Оның ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дамуына үлес қосып жүрген өздеріңіз секілді алтын құрсақты аналарымыздың еңбегін айтпасқа болмайды. Баланы өмірге әкеліп қана қоймай, оған қоршаған ортаның құндылығын, еліміздің мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрімізді түсіндіріп, қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – үлкен мектеп, тәжірибе. Отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық тілеймін», – деп Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған «Алтын алқа», «Күміс алқа» мәртебелі наградаларын табыс етті. Айтулы шарада аудан бойынша 22 ана осы марапатқа ие болды. Оның төртеуі – «Алтын алқа», он сегізі – «Күміс алқа». Жиын барысында «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет жылы лебізін білдіріп, еліміздегі ана мен бала жағдайын одан әрі жақсарту және демографиялық ахуалды көтеру жайлы ойларын ортаға салды. Өз кезегінде алтын құрсақты аналар да сөз алып, мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығына зор алғыстарын білдіріп, жергілікті басшылықтың жұмыстарына сәттілік тіледі. Бүгінде мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға түрлі сипаттағы әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Қоғам өміріне белсенді әйелдерді жұмыспен қамту, кәсіптік оқуларға жолдама беру, жаңа бизнес идеяларына қолдау шаралары тұрақты түрде іске асады. Айта кетейік, Шиелі ауданы бойынша, 2392 көпбалалы алтын құрсақты ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» иегерлері – 990 болса, «Күміс алқа» таққандардың саны – 1402-ге жетті. Жиын соңында аудан өнерпаздары әсем әнмен шашу шашып, аналарды құрметке бөледі.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ,
Фото: Б.БӘЙІМБЕТ
25 қаңтар 2025 ж. 64 0

Қоғам

БІЗДІҢ НӘЙЛА
05 ақпан 2025 ж. 47

БАЛА НЕГЕ ҰМЫТШАҚ?

05 ақпан 2025 ж.

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (9276)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (9275)

03 ақпан 2025 ж.

№7 (9274)

28 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728