Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

«Әйел. Қоғам. ­Отбасы». Дәл осындай атаумен Арман мәдениет үйінде аудандық әйелдер форумы өтті. Кіреберіс фойеде қолөнер шеберлерінің туындыларынан көрме ұсынылып, келушілердің иығына ақ жаулық жабылды. Содан соң қатысушылар көрермендер залына жиналып, қазіргі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі, отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі хақында әңгіме өрбітті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары ­Болатбек Ысмағұлов ашып, аудандағы белсенді нәзікжандыларға, алтын құрсақты аналарға ілтипатын білдірді.
– Халқымызда «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөз бар. Бұл тәмсілдің мағынасы – әйел тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар, еліміздің барлық салаларында жұмыс жасайтын қоғамның қозғаушы күші дегенді білдірсе керек-ті. Сөзіміздің айғағы ретінде өзіміздің ауданды алсақ болады. Себебі мұнда елдік мақсатта еңбек етушілердің жартысына жуығы – әйелдер қауымы, – деді Б.Ысмағұлов.
Содан соң бірқатар қатысушыны ­аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Алғыс хаттың алғашқысы «Өнегелі отбасы - 2024» атты республикалық патриоттық байқауының облыстық кезеңінен Астана қаласына жолдама алған еңбекшілік Қалымбетовтер отбасына табысталды. Сондай-ақ отау құрғандарына 50 жыл толған «Алтын той» иелеріне де құрмет көрсетілді. Олардың қатарында Ортақшыл ауылының тұрғындары 3 ұл, 8 қыздан 47 немере, 8 шөбере сүйіп отырған Мұсаевтар отбасы мен Нартай ауылындағы берекелі шаңырақтың иелері Досыбековтер отбасы бар.
Әйелдерге арналған дәстүрлі форумға түрлі салада жемісті еңбек етіп, қазір зейнетін көріп отырған, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген бір топ нәзік жандылар қатысты. Жиынның басты мақсаты – отбасындағы және қоғамдағы әйел рөлінің маңызын дәріптеу, кешегі қазақ әйелінің даналығы арқылы қазіргі заман әйелінің, анасының, әжесінің бейнесін ашып, болашақ қазақ әйелінің болмысын қалыптастыруға серпін беру.
Форум барысында облыс орталығынан арнайы келген облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова мен «Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжанова және «Дәстүрге жол – Қазақ аналары» республикалық қоғамдық бірлестігі Шиелі аудандық филиалының жетекшісі Роза Байділдаева сөз алды. Содан соң әртүрлі салада белсенді қызмет етіп жүрген, зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстардан алыстамаған бірқатар нәзік жандылар Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Мансұрқызының алғыс хатымен марапатталды.
Жиында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел – өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерекше. Әйел – алдымен отбасының ұйытқысы, ең бастысы «ана» деген киелі ұғымның иесі, сұлулықтың символы.
Иә, жаны нәзік бол­ғанымен, жаратылысы ерек әйел адамдары үшін кез келген сала жат көрінген емес. Әсіресе шиелілік нәзікжандылар ерлерге арналған қызметтерде де өздерін үздік жұмысшы ретінде көрсете білді. Тіпті қоғамдық көліктің тізгінінде де, ауыртпалығы зор құрылыс саласында да, егін алқабы мен трактор тізгінінде де кездестіресіз. «Әйел – қырық шырақты» дейді халқымыз. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген аудандық әйелдер форумы осындай көпке үлгі, өмірі өнегемен өрнектелген ауыл әйелдерін насихаттап келеді.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
06 желтоқсан 2024 ж. 132 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031