АУДАНДЫҚ ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ
Осындай атаумен «Арман» мәдениет үйінде аудандық әйелдер форумы өтті. Аудандағы іскер әйелдердің басын қосқан форумда түз бен үй тіршілігін үйлестірген нәзік жандардың қоғамдағы орны сөз болды.
Қазақ қашанда әйел затын тіршіліктің тұтқасына теңеген. Түз бен үйдегі тіршілікті қатар алып жүретін әйелдер қашан ер-азаматтың ақылшысы ретінде отбасының берекесін кіргізіп отыратыны анық. Әсіресе бала тәрбиелеу ісінде ананың алар орны ерекше.
Алқалы жиында облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова және облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова арнайы қатысты. Сонымен қатар форумда Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет сөз сөйлеп, өңіріміздегі әйелдер кеңесінің атқарып жатқан бірқатар жұмыстарына тоқталды.
Қазіргі қоғамда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Бүгінде қыз-келіншектер бүкіл салада табысты еңбек етіп жүр. Медицина, педагогика, саясат, бизнес, өнер, мәдениет, кәсіпкерлік салалары әйелдердің атсалысуымен гүлденіп, кемелденіп келеді. Мәселен, ауданда білім саласындағы ұстаздардың 87 проценті, денсаулық сақтау мекемелеріндегі әйелдердің үлесі 74 процентті құрайды.
Форум барысында ауданның мәдениеті мен тарихын қадірлеп, әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік саясаттың жоғарғы деңгейде жүзеге асуына үлес қосып жүрген қыз-келіншектер мен ақжаулықты аналарымызға құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.