ӘЛЕМДІ ӘЛДИЛЕГЕН - АНА
Шығыс даналығында «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Әрбір шаңырақтың нұрын кіргізетін нәзікжандыларға қай уақытта да қоғам құрметпен қарайды.
Бейсенбі күні Шиелі аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде білім бөлімінің және білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен «Әлемді әлдилеген – ана» атты мерекелік шара өтті.Тұтас ұлтты тәрбиелеп отырған ұстаз-аналарды көктемнің нұрлы мерекесімен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы құттықтады.
– Ардақты аналар, қымбатты асыл жандар . Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Көктемнің осы шырайлы күні жан дүниемізді жадыратып, жүректерге жылу береді. Ел дамуы мен қоғамның қалыптасуында елеулі еңбек атқарып жүрген аруларымыз жетерлік. Баршаңыз әрқашан жақсы өмірдің жарасымды гүліндей құлпырып, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер, – деп ізгі тілегін арнады.
Сондай-ақ басқарма басшысы әйел-ананың қоғамдағы рөлі мен маңызына тоқталып өтті. Залға лық толған жұртшылық бір жарым сағаттай концертті сүйсіне тыңдады.Салтанатты кештің ұйымдастырушылары қатысушыларға гүлден сый жасап, аруларға өзгеше ілтипат көрсетті. Сонымен бірге отбасында ұйытқы, бала тәрбиесінде ерекшеленген ұстаздар марапат төрінен көрінді. Аналар, әйелдер қауымына деген ақ тілек, риясыз пейілмен өткен мерекелік кеш жылы лебіздерге толы болды. Аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков ұстаз-аналарды құттықтап, №158 орта мектебінің ардагер-ұстазы Роза Машрапинаға «Шиелі ауданының Құрметті Азаматы» төсбелгісін табыстады. Айта кетейік, ұлт игілігі жолында өз әлеуеті мен қарым-қабілетін арнаған білім саласы қызметкерлері де Алғыс хаттармен марапатталды. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Осымен нәзікжандылардың құрметіне арналған мерекелік кеш өз деңгейінде жоғары өткізіліп, келген қонақтар мәз-мейрам болып тарқасты.
Айнұр ИБРАШЕВА,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ