Іскер әйелдер – ел мақтанышы
Шұғылалы көктемнің күнімен қатар келген 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында аудандық Іскер Әйелдер Қауымдастығы Ы.Жақаев ауылы клубында «Елмен бірге еңсемді тіктедім» тақырыбында үйдің де, түздің де тірлігін теңдей ұстап жүрген азаматшаларды, өз белсенділігімен әлеуметтік, экономикалық саланың өркендеуіне үлестерін қосып жүрген кәсіпкер қыз-келіншектерді құттықтап, мерекелік іс-шара өткізді. Аталған іс-шараны аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы А.Әбдіқадрова ұйымдастырды.
Ерекше форматта өткен басқосу барысында аудан әкімінің орынбасары Е.Әпетов және «Атамекен» ҰКП Шиелі аудандық филиалы директоры М.Нұртазаев аудандағы белсенді әйелдерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.
Ерекше форматта өткен басқосу барысында аудан әкімінің орынбасары Е.Әпетов және «Атамекен» ҰКП Шиелі аудандық филиалы директоры М.Нұртазаев аудандағы белсенді әйелдерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.
Одан соң, аудандық Іскер Әйелдер Қауымдастығының басқарма төрайымы Айткүл Әбдіқадырова 2021 жылы атқарылған жұмыстарының есебін беріп, алдағы атқарылатын жоспарлармен бөлісті.
Қазіргі таңда әйелдер қауымы отбасында ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Сан саланың дамуына үлес қосып, кәсібін дөңгелетіп отырғандары да баршылық. Олардың арасында жастардың да көптігі көңіл қуантады. Шиелілік іскер әйелдер өндіріс, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мейрамхана ісі салаларында жетістікке жеткен. Олар бүгінде кәсіптен нәсіп тауып қана қоймай, бірнеше жұмыс орындарын ашып отыр. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл жандар барлық сый-құрметке лайық. Тәуелсіздік туын тіккен алғашқы жылдары тәуекелге бел буып, сыры белгісіз кәсіпті бастап, қазір үлкен жетістікке жетіп, ел елеулілеріне айналған аға буын кәсіпкер аналар мен олардың ізбасарлары – халықты жұмыспен қамтып, елге қызмет жасап жүрген жас кәсіп иелерін басқарма мүшелері дайындаған бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Сондай-ақ А.Әбдіқадырова 2021 жылы «Ыбырай салған ізбенен» тақырыбында дәл осы клубта ауыл аналары ұлықталған кеш өткізуге атсалысқан Ы.Жақаев ауылының клуб қызметкерлеріне алғысын айта келіп, бұдан кейінгі жылдары да қауымдастықтың әйел-анаға арналған іс-шараларын Ыбырай ауылында дәстүрлі түрде өткізетінін айтты.
Осы ретте Ы.Жақаев музейінің директоры Қ.Ыханова бастаған музей қызметкерлері арнайы дайындаған көрме бұрышы да аналарға көрсетілген үлкен құрмет болды. Осы шарада іргелі істің басындағы ілкімді істерін іліп алып іске асырып, жаны нәзік бола тұра тастай қатты һәм болаттай беріктігінің арқасында аяулылар отбасы мен Отанын қоса өрге сүйреп жүргендерін байқатты. Аудан азаматтары да тектіліктің боямасыз болмысын ашқан нәзікжандыларға ризашылығын жеткізді.
Кеш соңы клуб қызметкерлері дайындаған әндер мен кеш қонақтарының көңілді биімен жалғасты.
Ш.Тілеубаев