Шешен таңдай – ақын нартай
Қазақтың ақындық, әншілік тарихында «Нартай мектебі» деген ұғым бар. Ол мектептің іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызған – белгілі халық ақыны әрі композиторы Нартай Бекежанов. Нартайдың ақындық, композиторлық, әншілік өнері оның көзі тірісінде-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленіп, баршамызға танымал болған.
Халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаев
«О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,
Аузыңнан шыққан сөзің шекер-балдай.
Айтыссаң, алдырмассың ақындарға,
Жарқырап қараңғыда жанған шамдай!» дейді. Бұл 1945 жылы Жамбыл атамыз озінің творчествосының 75 жылдық тойында айтқан сөзі еді.
Академик жазушы Сәбит Мұқанов ағамыздың және бір сөзі бар
«Жүлделі жүйрік Нарекең.
Сүйсінгендей бар екен!».
Бұл 1945 жылы 22 маусымда Жамбыл қайтыс болып, қырғыз елінің саңлақ ақындары Әлімқұл мен Оспанқұл қазақ халқына өлеңмен көңіл айтқанда, соларға табан астында жауап берген Нартайдың суырып салмалық талантына керемет риза болып айтқан сөзі еді.
Қазақтың айтыс өнерінің ішінде, әсіресе, Кеңес дәуірін айтатын болсақ, Нартай мен Нұрлыбектің арасындағы 1939 жылы болған айтысы ерекше орын алады. Академик Мұхтар Әуезовтің шығармалар жинағының 17-томының 330-бетінде былай жазылған: «Ең алғашқы күрделі, көркем, терең мазмұнды айтыс 1939 жылы Алматы қаласында екі атақты ақын Нартай мен Нұрлыбектің арасындағы айтыс болды. Ақындар жалынды көркем жырларды суырып салма өлеңмен қалың жұртшылық алдында өнерлерін паш етті. Еңбек жемістерін айту ретінде Нартай мен Нұрлыбек өздерінің туған жерлері Семей мен Қызылорда облыстарын салыстырып жырлады. Бірі – шалқар өзен Ертістен, екіншісі – Сырдан шыққан ақындар, жаңа дәуірде жаңғырып көркейген табиғат көріністерін де, ел ерлігін де айтыстың кең жарқын тақырыбы етіп алды».
Нарекең ССР одағының астанасы Москвада үш рет болып өнерін көрсеткен. 1936 жылы онда қазақ әдебиеті мен өнерінің тұңғыш онкүндігі өтті. Сонда шырқаған «Толқын» әніне академик Ахмет Жұбанов былай деп баға береді:
«Толқын» әні біз жиі баяндап жүрген, көп өлеңге бағынышты қысқа демді ырғаққа құрылған шығармаларға жатпайды. Бұл – «Нартай әні» секілді гармонды құлаштай созып, дауысын шырқай, аспан астын жаңғырта айтатын ән. Мұнда Нартайға ғана тән кең құлаш, жүрегіңді жылытатын лирика, үлкен гуманистік кейіп бар».
1939 жылы Москвада бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылуына орай, үлкен театрда өткен халық өнерпаздарының этнографиялық концерті туралы, сол кездегі «Правда» газетінің бірінші бетіндегі мақаласында былай деп жазады:
«Орындаушылардың ішінде айрықша, ақын Нартай Бекежановтың жыры өте қызығарлықтай болды. Ол өзінің «Отан мерекесі» деген әнін сырнайға қосылып, ерекше шабытпен айтып шықты. Бекежановтың орындау шеберлігі мен әсерлі жақсы дауысы шын мағынасында Мәскеу көрермендерінің айызын қандырды. Оның ән салу машығы – өте сирек кездесетін шынайы өнер. Бекежановтың дауысы құлаққа жағымды естіледі, жиналған көпшілік оның әндерін ерекше ықыласпен, ұйып тыңдады. Әншінің әсерлі әуені, сүйкімді дауысы сөз мағынасын бірден түсінікті етіп көрсетеді. Бұл – тек асқан суреткерге тән шеберлік. Сөз мағынасына жетік емес жұртшылық орындаушының не айтқысы келгенін әннен ұқса, бұдан артық өнерпаздық бола ма?» (Газета «Правда» 28 август 1939 жыл).
Жұртқа белгілі тағы бір факт, ол сол кездегі орталық «Правда» газетінде суреті басылып, жоғары баға алған Жамбылдан кейінгі екінші халық ақыны да Нартай Бекежанов ғана болды. Жалпы бұл кісінің ақындық, жыршылық, композиторлық творчествосы туралы осындай деректер баршылық. Атамыздың құнды мұрасын зерттеп, насихаттау жұмысында белгілі жазушы әрі композитор Мухамеджан Рустемов ағамыздың атқарган еңбегі зор, сондайақ Махмұт Нартайұлы, Сыздық Нүркеұлы, Сайлау Сыздықұлы, Сансызбай Сыздықұлы, Әшімхан Оспанұлы, Әлімхан Оспанұлы, Болат Сулейменов, Құттықыз Шайыққызы және де бірқатар азамат көп үлесін қосты.
Өмірбаяны.
Нартай Бекежанов 1890 жылы 26 наурызда осы күнгі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы «Коммунизм» колхозына қарасты «Бестам» ауылында орта шаруа отбасында дүниеге келді. Бұл күні «Коммунизм» колхозына «Нартай ауылы» аты берілген. Әкесі – Алыпқаш, Бекежан – үлкен әкесі. Туыстық жағына үңілсек, Отарбай бабамыздан туған Сүйіндік және осы Сүйіндік атамыздан Сыр жерінде тараған төрт әулет бар: Әнди, Дәнди, Нышан, Бекежан. Осы төрт әулеттен тараған ұрпақтын бәрі өзін атақты Ағыбай батырмен аталаспыз деп есептейді. Өйткені, Ағыбайдың үлкен әкесі Бөгенбайды Отарбай бабамызбен бірге туған деп есептеп келдік.
Нартай атамыз да өзін батыр бабамызбен аталас екенін өмір бойы жырлаумен болды. Нарекеңнің анасы – Бақтыгүл, туған ағасы Мәнсүр заманында елге белгілі ақындар болған. Бақтыгүл анамыз мәселен, Сыр бойының атақты сүлей ақыны Бұдабай Қабыловпен айтысып, жеңіске жеткен деген әңгіме бар. Нартай да жастайынан ән-өлеңге құмар болып өседі.
«Көңілім қыран құстай аспандаған,
Он жеті үйір болып жастан маған-
Бойыма біткен өнер шыдатпады,
Ұялып айтпай тастап қашқанменен» деп өзі айтқандай, оның ақындық, әншілік атағы ел ішінде ерте тарап кетеді.
Нартай жасынан Сыр бойының белгілі ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Шөраяқтың Омары, Бұдабай, Тасберген өлеңдерін жаттап алып, әртүрлі жиын-тойларда домбыраға қосып айтып жүреді, сонымен қатар ол ежелгі Шығыс поэзиясы үлгілерін жетік білген. Ғашықтық пен махаббат тақырыбындағы «Ләйлі-Мәжнүн», «Таһир-Зухра», «Сейфілмәлік», ерлік тақырыбындағы «Рүстем Дастан», «Ескендір Зұлқарнайын», «Байрам», қиял-ғажайып тақырыбындағы «Шахмаран», «Әбушахма», тағы басқа қиссаларды түгел жатқа жырлаған. Сондай-ақ Нарекең жастайынан керуеншілерге ілесіп, Өзбекстан, Тәжікстан жақты көп аралаған. Өзбектің халық әндерін, билерін үйренген, дутар, рубап, нәй секілді музыкалақ аспаптарды еркін тарта біліп шығыстың атақты «Он екі мұқамын» тәп-тәуір айту дәрежесіне жеткен.
Осылай ақын-әнші атанып, серілік құрып жүрген шағында, революция алдында Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан ақын келеді. Үкілі Ыбырайдың жиені, асқан ақын Тайжан Қалмағанбетов сол келгенде Сыр бойындағы көптеген жас ақын-әншілерге өнеге көрсетіп, ұстаздық етеді. Бұрын көбіне топ алдына домбыра ұстап шағатын Нартай бұдан былай Тайжанға еліктеп, енді дауысын он екі тілді татар сырнайына қосып шырқауды үйренеді. Осыдан кейін кеудесі кең, үні жұмсақ гармон Нартайдың серігіне айналады.
Серік Нартаев,
Нартай ақынның немересі