Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нартай ауылындағы Абай

Нартай ауылындағы Абай


Сұрапыл соғыс жүріп жатқан кез. Елді еңбекке шақырып жырын көкке самғатқан ақын Нартайдың атақ-даңқы дүркіреп тұрған сәт. Көкірегі жырға толған ақын «Алғабастың» қырманында қара гармонды құлаштай сермегенде көкке ұшқан дала қыранындай көрінетін. Неткен шырқау, төгілген жыр. Дауыс Қырымға жеткендей. Арқалы ақынның жыры жұртты бір серпілтіп тастайды. Алыстан құйындатып біреу келе жатыр. Жас бала екен. Ауылдағы атбапкерінің баласы болар, бірден байқалып тұр. Ақын Нартай орнынан тұрды.
– Аға, сүйінші, Баукен аға ұлды болды. Соған сізді шақыра келдім!
– Ал, ағайын, бағанадан бері айтқан ән-жырыма риза болыңдар. Баукен туысым ұлды болды. Мен сол жерді думандатып қайтайын, – деп ақын гармонды құшағына қысып, қара қасқа жорғаға суыт мінді. Жануар ауыздығымен алысып, Үлгілідегі Баукеннің үйін бетке алып жортып келеді. Аттан түскен бойда ақын Нартай қаумалаған жұртқа қарай жырды төгіп тастады.
Ауылға келіп қалдым, Баукен інім,
Қып-қызыл жарылыпты қызыл гүлің.
Келешек ғалым болсын, ақын болып,
Халқыңа төгіп тұрсын күннің нұрын!
– Төк-төк Нартай аға! – деп жұрт қаумалай түсті. Баукен аға қуаныштан көзіндегі жасты іркіп алды. Ақын Нар­тай жаңбырдай нөсерлеген жырды жалғастыра түсті:
Ақын боп, атақ-даңқың дауылдасын,
Мәңгілік ұмытпасын бауырласын.
Досына дос боп өсіп, дұшпанына
Тас болсын, қайсар болсын, табынбасын!
– Па, шіркін Нартайым-ай! – деді қариялар.
Баукен аға Нартайды төрге отырғызды, шекпенін кереге басына ілді. Дастархан жайылды.
– Ұлдың атын кім қоямыз, Нар­тай аға? – деді Баукен. Абай болсын. Абайдай дана болсын, халқына пана болсын деп, жырды тағы төкті. Сонымен, сәбидің аты Абай болды. Көкірегі тұнып тұрған Нартай ақын батаны тағы да нөсерлетті.
Сол Абай Баукенов қазір сексенге қарай бет бұрды. Жақында жолымыз түсіп, Әбекеңмен әңгімелескен едік. Ақсақал сөзін әріден бастады.
– Біздің ауыл ақындар мен батырлар ауылы. Диқан Шырынкүл, Ұлбала, ақын Қалмахан, журналист Нұртөре, Шиелінің даңқын шығарған Ыбырай, Шахмардан Есеновпен мақатанамыз. Ауылымыз Нартай ауылы атанды. Өзім ақын Нартай көшесінде тұрамын. Атым Абай болғасын Нартай, Абай жырларын жасымнан жаттап өстім. Институтта қазақ тілі мен әдебиет мамандығын алдым.
– Әлі есімде, сонау алпысыншы жылдың қысы еді. Он жасқа жаңа толған кезім. Ақын атаның үйіне бір топ ағайындар көңілін сұрауға барды. Науқасы ауыр болғандықтан ба, Нарекең әжептәуір жүдеп қалыпты. Содан жастықтан басын көтеріп, гормонды құлаштай сермегенде жұрт тына қалды.
Өздерің білер Нартаймын,
Нар болсам да қартайдым.
Арнасы бар да өзі жоқ,
Баяғы дауыс айқайдың.
Дәме бар да, дәрмен жоқ,
Еріксіз басты шайқаймын!

Ақын Нартайдың ел аузында әлі жарияланбаған, баспа бетіне түспеген жырлары жетерлік. Нартай өнер мектебінің директоры Құрманбек Бекпейістің бір әңгімесін еске сала өтейін.
– Жыр алыбы Жамбыл Жабаев дүниеден өткенде қырғыз ақындары келіп, кезектесе көңіл айтса керек. Солардың ішінде Мұхтар Әуезов те бар екен. Кенен мен Үмбетәлі кезектесіп көңіл айтуды жалғастырған көрінеді. Сәлден соң ақын Нартайға кезек келіпті. Сонда ақын былай деп төгілтіп:
Қасиетті еді қара нар,
Көшіңді ерді бастаған.
Асқар тау еді айбынды,
Асулап әркім аспаған.
Ғажайып мына заманның
Жүйрігі еді баптаған.
Абдырап қалды қалың ел
Жақұтын жырлап жаттаған.
Қазалы болдық, қайтейік,
Келмеске кетті қарт бабам.
Оспанқұл мен Әлімқұл
Таудан асып келдіңдер.
Қайғырып жатқан қазақты
Азалы жұртым дедіңдер.
Қайғыма ортақтасқандай,
Көңілдің құлпын ашқандай,
Жырыңмен медет бердіңдер,
Тарау-тарау таңғы жыр
Толастарын көрдіңдер.
Ажалға айла таба алмай,
Жүректі басты шемен шер.
Болашақ күнді болжаған,
Көреген еді кемеңгер.
Көсемім көштен жығылды
Ел қамы үшін елеңген,
Оспанқұл мен Әлімқұл
Алдымдағы ағасын.
Алатаудан табады
Қазақтар мен қырғыздар
Сарқылмас жырдың сағасын.
Өздерің бастап келгенде
Қалың қырғызды көргендей,
Жазылды-ау жанның жарасы.
Қуаныш ортақ, қайғы ортақ
Ешкімнің жоқ таласы.
Қатар жатқан халықпыз,
Жамбыл қарт болған бабасы.
Сүйінбайдан алған домбыра,
Алатаудың ағашы.
Күйіне келмей қақсып тұр
Бақытты күндер бағасы.
Жәкемдей жастар қолға алса,
Алатау айбын панасы.
Оспанқұл мен Әлімқұл
Қайғыма көңіл-қос арттың
Қос жүйрік құстың қанаты.
Қайырлы болсын сіздерге,
Қасиетті қарттың қазасы!
Осы сәтте Мұхтар Әуезов бастаған қазақ зиялылары келіп, Нартайға риза болып, төс түйістірген де ұлы Мұхаң «ел үшін жаралған жан екенсін!» деп бауырына қысып тұрып алыпты.
Міне, жоғарыдағы Нартайдың көңіл айту өлеңдерін Құрманбек Бекпейіс ел аралап жүріп, Ұзынағаштағы тұратын көнекөздерден жазып алғанын айтқан еді.
Бұл күндері бір кезде Нартай жырлаған, атын Абай қойған Абай Баукенов қазір кіндік қаны тамған Шиелідегі Нартай ауылында жүріп жатыр. Қуатты. Отырған жерде ақын Нартайдың жырларын, ел аузында сақтаған әңгімелерін айтудан жалықпайды. Қысқасы, ақын Нартайдың бай қазынасын насихаттаушы. Аты Абай болғасын ба, Абай әңгімелерін, әндерін, қарасөздерін тамылжыта әңгімелейді.
– Туған ауылдың кіндік қаным тамған жердің ауасын жұта жатқан жайым бар. Дағыстан ақыны Р.Ғамзатов бір сөзінде: «Мен биік тау басында өстім. Халқыма жақын болайын деп жерге түстім» демекші, туған жерді еш жерге айырбастағым жоқ, – дейді ақын Нар­тай ауылының байырғы тұрғыны, ардагер ұстаз Абай.


Қайырбек Мырзахметұлы,
Қызылорда қаласы.
23 ақпан 2019 ж. 1 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930