Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨРКЕНДЕУ ӨРІСІНДЕГІ ӨҢІР

ӨРКЕНДЕУ ӨРІСІНДЕГІ ӨҢІР

Бүгінгі Шиелі – кешегіден мүлде бөлек. Бір кездері тыныш аудан саналатын бұл өлке бүгінде жаңғыру мен даму айдынында жүзіп келеді. Қай көшеге барсаңыз да – құрылыс екпіні, еңбек қарқыны, жаңарған жүздер. Бұл – облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жүзеге асқан жүйелі саясаттың нақты жемісі.


ТҰРҒЫН ҮЙ – ТҰРМЫС ТІРЕГІ
2024 жыл Шиелі ауданы үшін ерекше белес болды. Аудан бойынша 2,6 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылып, 178 пәтер пайдалануға берілді. Бұл – жүздеген отбасының жаңа баспанаға қол жеткізіп, өмір сапасын арттырған қуанышты сәт. Биыл да игі бастамалар жалғасын тауып, 52 пәтерлік 26 тұрғын үйдің құрылысына тағы да 2,6 млрд теңге бөлінді. Мұның барлығы аудан халқының тұрмысын жақсартуға, ­жастар мен жас отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған нақты қадамдар.
БІЛІМ МЕН МӘДЕНИЕТ
«Білімге салынған инвестиция – ұлттың келешегіне салынған инвестиция». Шиелі бұл қағиданы терең түсінеді. Өткен жылы білім саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жетті. Жансейіт ауылында 100 орындық жаңа мектеп (құны – 899,7 млн теңге) бой көтерсе, №252 мектепке 375 орындық қосымша ғимарат (625,6 млн теңге) салынып, балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы №219 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Бұл жұмыстарға 384,9 млн теңге бөлініп, толық аяқталды. Ал шығармашылық пен руханият саласында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық өнер мектебі ел игілігіне берілді. Құны 1 млрд 68 млн теңгені құрайтын бұл нысандар – ­аудан жастарының бойындағы талант пен дарынын ұштайтын орталықтарға айналды.

АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ»: АУЫЛ КЕЛБЕТІН ТҮЛЕТУ
Шиелі тек орталықпен шектеліп қалған жоқ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шиелі кентінде 363 млн теңгелік спорт кешені, Бестамда 150 орындық клуб (461 млн тг) бой көтеріп келеді. Бұл жобаларға бөлінген 254 және 346 млн теңге қаржы – ауыл өміріне серпін беретін сүбелі қолдау. Ал Бестам, Бидайкөл, Байсын, Жөлек және 1 Мамыр ауылдарының кіреберісіне орнатылған жаңа аркалар – ауданның айнасы, ел рухының белгісі. 70 млн теңге жұмсалған бұл бастама – әр ауылдың еңсесін көтеріп, өңірдің бірегей брендіне айналды. ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ӨРКЕНДЕУДІҢ ӨЗЕГІ
Соңғы екі жылда Шиелі көшелерінің кескінкелбеті түбегейлі өзгеріп келеді. Көпқабатты үйлердің сыртын жаңартуға 2024 жылы – 83,8 млн теңге, 2025 жылы – 88,9 млн теңге қарастырылды. Бұрынғы сұр қабырғалар енді заманауи реңкке енді, аудан орталығының бетбейнесі көркейе түсті. Дәулеткерей, Яссауи, Шәкәрім көшелеріндегі тұрғын үйлердің шатырлары жөнделіп, 98,7 млн теңгеге ағымдағы жұмыстар атқарылды. Т.Рысқұлов көшесіндегі №19 мекенжайда автотұрақ салуға 67,8 млн теңге бөлініп, құрылыс алаңы дайындалуда. Бұл – тұрмыс мәдениетін арттыруға бағытталған нақты іс.
ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ШИЕЛІ
Қоғамдық тәртіп – өркениеттіліктің өлшемі. Шиелі бұл бағытта да алға шықты. 38 млн теңгеге сатып алынған Ekin Patrol G2 жүйесі аудандық полицияның автокөлігіне орнатылып, жол қозғалысын заманауи әдіспен бақылайды. Сонымен қатар 72 бейнекамера және 7 жылдамдық өлшеуіш радар орнатылып, «Жол қозғалысы оқиғаларын бақылау орталығы» өз жұмысын бастап кетті. Бұл – қауіпсіздік мәдениетін жаңа деңгейге көтерген заманауи шешім. Аудан орталығындағы бұрынғы бос ғимараттар бүгінде жаңа өмірге ие. Аудандық сайлау үйі, Мансап орталығы, ЦОН, Статистика басқармасы жаңа орындарға көшіп, халыққа жақын форматта қызмет көрсетуде. Ал Шиелі теміржол вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталды. 900 млн теңгеге бағаланған жоба ауданның логистикалық әлеуетін арттырып, жолаушыларға қолайлы жаңа орталық болмақ. Бүгінгі Шиелі – бейқам мекен емес, Бүгінгі Шиелі – еңбек пен жаңғырудың, дәстүр мен заманауилықтың тоғысқан нүктесі. Бөлінген әр теңге – нақты нәтижеге, әр бастама – халық игілігіне бағытталған. Мұның бәрі облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен, аудан басшылығының тиянақты жұмысының және шиеліліктердің бірлігі мен табандылығының жемісі. Шиелі бүгінде тек аймақтық емес – республикалық деңгейде үлгі боларлық даму бағытын қалыптастырды. Бұл өңірдің бүгінгі келбеті – ел еңсесінің, жаңғыру жолындағы сенімнің көрінісі.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
23 қазан 2025 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9347)

21 қазан 2025 ж.

№79 (9346)

18 қазан 2025 ж.

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031