КЕРЕГЕСІ КЕҢ КЕРДЕЛІ
Жан баласының жүрегінен ерекше орын алар құтты мекеннің бірі – ауыл. «Ағайын-туыс бауырмен, шешемнің шәйін сағындым» деген ақын Қайнар Алагөзовтың мына бір өлең жолдары ауылды еріксіз еске түсіреді. Иә, ауыл десе, барлығымыздың бала шағымыз еске түсіп, сағыныштың жетегінде кететіміз рас. Әркімнің өз ауылы өзіне ыстық. Доп теуіп, тезек тердірген ыстық мекеннің орны пенде біткеннің барлығына да ерекше. Бүгінде бірлігі бекем, тірлігі келісті ауылдар көп-ақ. Солардың бірі – Керделі ауылдық округі.
Нартай Бекежанов ауылының батыс бөлігінен орын тепкен Керделі ауылдық округы бүгінде көркейіп келеді. Қазіргі таңда бұл ауылда 2845 тұрғын өмір сүріп жатыр. Ал, экономикалық белсенді халық саны 1217 ні құрап отыр. Бұл ауылда тұрғындардың тәуір тұрмыс кешуіне негізделген атқарылып жатқан келелі жұмыстар жетерлік. Келелі деп текке айтып отырған жоқпыз. Жергілікті жамағаттың өмір сүру деңгейін арттыруға билік тарапынан жағдайлар жасалып, ауыл күн өткен сайын гүлденіп келеді.
Ауыл ағайындары жұмыссыз жатқан жоқ. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасының атқарылған жұмыстар күнтізбесімен айтар болсақ, қазіргі таңда Керделі ауылдық округынде 1173 тұрғын жұмыспен қамтылған. Солардың ішінде жалпы тіркелген кәсіпкерлердің саны бүгінде он екі адамға жетіп, кәсібінен нәсіп тауып отырған жандар ауылдың өркендеуіне өз үлестерін қосып жатыр. Бұл айтарлықтай керемет көрсеткіш. Ал, заңды тұлғалар саны жетеу. Төрт түліктің өнімін кәдеге жаратып, пайда табуда. Тұрғындардың басым бөлігі сыйр сауып, табиғи өнімді пайдаға жаратып отыр. Елді мекенде қазір Бекежанов ауылы дәрігерлік амбуляториясы, спорт кешені, «Қарлығаш», «Бал Шырын» балабақшасы, мал бордақылау орындары, сауда дүкендері өзі жұмысын жасап жатыр.