Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҮЛГІЛІ» АТАУЫ НЕГЕ ҰМЫТ ҚАЛДЫ?!

«ҮЛГІЛІ» АТАУЫ НЕГЕ ҰМЫТ ҚАЛДЫ?!

«...Колхоздың түбі кеніш тірлігінің,
Сайраған еңбекшінің бұлбұлымын.
Еңбегін ерлерімнің жырлап өтер,
Шашасына шаң жұқпаған дүлдүлімін»
Сыр сүлейлерінің сүйрігі, Алашқа аты мәлім Нартай ақын Бекежанов осылайша ән мен жырға қосқан «Үлгілі» мекені қазір қайда, ауданның қай жерінде орын тепкен?
Әрине, бұл сұраққа жауап беретіндер қатары қазір сиреді. Себебі 70 жылдан бері бұл атау еш жерде ресми аталмайды.
Кезінде бұл ауылдан ел игілігіне мол үлес қосып, күріш өсіруден әлемдік рекорд жасаған (Ы.Жақаевтан кейін) диқандар, мал шаруашылығын өркендету мен оның өнімдерін арттыруға белсене атсалысқан шопандар аз болмаған. 1966 жылы Нартай Көкиев әр 100 саулықтан 207-ден қозы өсіріп, мал шаруашылығы саласында тамаша табысқа жол ашты. Ал зейнеткер Маман Қалдыбаев соғыс жылдарында ауыл зейнеткерлерінен күріш звеносын жасақтап, Сыр маржанын өсірумен айналысты. Сөйтіп зейнеткерлердің үкен күш екенін, қолдарынан іс келетінін ерен еңбекпен дәлелдеді.
Үш айлық курсты бітіріп, алғаш трактор«тізгінін» ұстағанда Шырынкүл Қазанбаева небәрі 17- 18 жаста екен. 52 аттың күші бар шынжыр табанды «СХТЗ-НАТИ» тракторын қазақ қызы оп-оңай еркіне бағындырған. Кейін күріш егіп, мол тәжірибе жинақтап, соның нәтижесінде 20 гектар күріштің әр гектарынан 129 центнерден өнім алып, Жақаевтың рекордтын жалғастырды. 13 бала тәрбиелеп өсірген Ұлбала Алтайбаева да Сыр салысынан мол өнімге (әр гектардан 110 центнер) қол жеткізді. Осы майталмандардың бәрі де (5) Социалистік Еңбек Ері. Бәрі де «Үлгілі» деген атауға сай еңбек еткендер. Осы киелі сөздің үдесінен шығу үшін күн-түн қатып тер төккендер.
«Үлгілі» ауылы 1928 жылы алғаш артельге бірігіп, кейін колхоз болды. Колхоздың атауы да «Үлгілі» деп аталды. 1950 жылы сол кезгі үкіметтің ірілендіру саясатына байланысты «Үлгілі», «Еңбекші», «Жиделіарық» шаруашылықтары бірігіп, Молотов атындағы колхоз болып қайта құрылды. Кейін бұл атау «Коммунизм» деп өзгертілді. Кеңес одағы тараған соң ауыл тұрғындарын өтініші бойынша, Нартай ақынның есімі беріліп, Нартай Бекежанов атындағы ауыл болып аталды.
– Әрине, біз бұл атауға ризамыз, бірақ «Үлгілі» атауының жойылып кеткеніне наразымыз. Аудан ауылдарының бұрынғы атаулары сақталған. «Еңбекші», «Жиделіарық», «Ортақшыл», «Алғабас», «Бәйгеқұм» ауылдары осылайша ежелгі аттарымен аталады. Кейбір елді мекендерге байырғы атаулары қайтарылды: Ақмая, Бидайкөл, Бестам, Ақтоған, енді біріне жаңа атау берілді. Мысалы, бұрынғы «Қазақстанның 30 жылдығы» совхозы Балаби болып өзгеріп, тұрғындардың тілегімен үндесіп тұр, – дейді бұрынғы «Үлгілі», бүгінгі Нартай ауылының тұрғыны, жасы сексенді алқымдаған қарт ұстаз Абай Бәукенов қынжылыс білдіріп.
1950 жылы колхоздар іріленгенде Бестам ауылдық кеңесі тарап, оған қарайтын мекендер өзге ауылдық кеңеске бекітіліп, бөлек атауға ие болды. Жаңадан ауылдық кеңес құрылып, ол «Керделі ауылдық кеңесі» деп аталды. «Үлгілі» атауы не колхозға, не ауылдық кеңеске берілмей, тасада қала берді. «Үлгілімен» бұрын бір құрамда болған «Еңбекші», «Жиделіарық» атаулары өздерін қамтыған округке берілді. Ауылдар да сол бұрынғы атау­ларын сақтап қалды.
– Керделі сөзінің біздің ауылға ешқандай да қатысы жоқ, – деп Абай ақсақал сөзін қайта сабақтады. – Сол кездегі биліктегілердің енжарлығынан қойыла салған. Еліміз егемендік алған кезде ауыл округінің ­атауын «Үлгілі» деп өзгертпекші болып тұрғындардың қолын жинадық. 300-дей адам қолдады. Жиналыс өткізіп, дауысқа салған кезде тағы да сол енжарлық, салғырттық бой көрсетті. Кейбір қариялар «аш құлақтан тыныш құлақ» деген сыңай танытты. Әлбетте, үлкен кісілер тыныштықты қалайды ғой. Жас­тар қарттардан аса алмады. Сөйтіп ұсынысымыз өтпей қалды.
Осы атаудың шығу тарихын сол кезден қалған бірлі-жарым көне көздерден сұрастырғанымызда, Сырдарияның оңтүстігіндегі Қызылқұмның ішінде кішкене бір төбенің Керделі аталғанынан хабардар болдық. Қыпшақтың шашты руынан тарайтын малай, құтым ағайындардың аз ғана ұрпағының қонысы екен.
«Тайсойған», «Жүзбай», «Шоңбас», «Үрме» мекен,
Бір жағы «Таржайған» мен
«Ірбеленген».
«Сарытораңғыл», «Керделі» біздің
қоныс,
Оқшаулау атыс, шабыс дүрбелеңнен» – деп басталатын Бұдабай ақынның өлеңі де бұл деректі айқындай түскендей...
Қазіргі Нартай Бекежанов атындағы ауыл тұрғындарының талабы – ауыл округінің Керделі деген атауын «Үлгілі» деп өзгерту, сөйтіп «Үлгілі» ауылдық округі» деп атау. Сонда 5 Социалистік Еңбек Ері, 1 Бүкіл одақтық комсомол сыйлығының лауреаты және ондаған ордендер мен медальдардың иегерін шыңдап шығарған киелі мекеннің тарихи ­атауы қайтарылар еді, дейді бұрынғы үлгіліліктер...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстанның құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
22 қаңтар 2021 ж. 648 0