Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЛТА МЕН КҮНКӨРІС ҚАҚТЫҒЫСЫ

ҚАЛТА МЕН КҮНКӨРІС ҚАҚТЫҒЫСЫ

Күздің екінші айын да орталап қалдық. Шиелінің орталық базарына барсаңыз, көз алдыңызға бір көрініс келеді. Сауда қатарында тұрған адамдардың жүзінен «есеп» көрінеді. Бұрынғыдай «бір қап ала салайық» деген сөз сирек естіледі. Енді бәрі салмақпен, оймен, ақшаны санап тұрып алады.


Иә, баға мен базар – осы жылдың ең қызу тақырыбының бірі. Әлеуметтік желіде де, ауыл арасы мен шай үстіндегі әңгімеде де бәрі бір сұраққа тіреледі: «Неге бәрі қымбаттап кетті?».
ҚАЗАН АЙЫНЫҢ ШЫНДЫҒЫ
Орталық базар қазір бұрынғыдай қызқыз қайнағанымен, сәл өзгеше көрініс алған. Баға тақтайшалары жаңарған. Бірақ сатып алушылардың жүзі көңілді емес. Көкөніс пен жемістің иісі аңқыған қатарда тұрған сатушы Назира апай бағаның өсуін сезінгендердің бірі. – Бұрын таңертең келген адам түске дейін алатын еді. Қазір бәрі есеппен жүреді. Картоп былтыр 180 теңге болса, биыл 250 теңге. Шекер бағасы да шарықтап тұр. Біз де кінәлі емеспіз, көтерме баға өзінен қымбат келіп тұр, – дейді ол. Ал сатып алушы Марат есімді зейнеткер мұңын қалжыңмен жеткізді. – Күн сайын базарға келуге қорқамыз. Нанды 130 теңгеден, етті 3 200 теңгеден алып отырмыз. Нан мен ет бұрын күнделікті ас еді, қазір «мерекелік» болып қалды ғой, – деп қалжың аралас мұңын айтты.
БАҒАНЫҢ ӨСУ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Ресми дерекке сүйенсек, қазан айында Қызылорда облысында азық-түлік бағасы орта есеппен 8-12 пайызға өскен. Шиеліде бұл көрсеткіш сәл жоғары. Экономист мамандар оны төмендегіше түсіндіреді. – Біріншіден, жанармайдың қымбаттауы тасымалдау құнын өсірді. Екіншіден, кей өнімдерді сырттан алып келеміз. Импорт қымбат. Үшіншіден, маусымдық тапшылық әсер етуде. Бұл – ұлттық деңгейдегі мәселе. Бірақ ауылдық жерлер оны бірінші сезеді, – дейді мамандар. Яғни Шиеліде бағаның көтерілуі – тек базардың емес, бүкіл экономикалық тізбектің көрінісі.
ҚАҒАЗДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ
Жуырда Шиелі аудандық әкімдігі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау үшін соңғы аптада базар мен дүкендерді аралап шықты. Арнайы жұмысшы топ аудан аумағындағы бірнеше сауда нүктесіне барып, 19 түрлі азық-түлік өніміне мониторинг жүргізген. Мақсат – бағаның негізсіз өсуін тежеу, тұрғынға қолжетімді бағаны сақтау. Әкімдік өкілдері бұл шара жүйелі түрде жалғасатынын айтады. Бірақ тұрғындар бұл көмектің қолжетімділігі туралы екіұшты пікірде. – Арзан өнім келеді дейді. Бірақ тез таусылады. Бір қап қант алуға он адам кезекте тұр. Кім ерте келсе – соған бұйырады, – дейді кент тұрғыны Гүлден Тимурқызы.
«ЛЮКС» ӨНІМГЕ АЙНАЛҒАН НАН МЕН ЕТ
Шиелі базарында бүгінде сиыр етінің келісі 3000-3200 теңге, ал бір бөлке нан 140-150 теңге. Тіпті 200-ге дейін баратындары табылады. Бұл тұрғындар үшін елеулі көрсеткіш. Мысалы, көпбалалы ана Меруерт Сәрсенбаева былай дейді: – Бала-шағаға ет пен нансыз тамақ болмайды. Бірақ бұрынғыдай еркін ала алмаймыз. Енді ет пен май «мерекелік мәзірге» айналғаны рас. Күнделікті дастарқан жеңілдеп қалды, – дейді ол күліп, бірақ көзінен уайым байқалады.Иә, базардағы қысқа әңгімелерден де көп нәрсе аңғарылады. «Баға өскен сайын үміт те өсу керек қой» дейді бір сатушы. «Бәрі қымбат, бірақ адамдардың жылы сөзі арзандап кетпесе екен» дейді бір сатып алушы. Бұл сөздер статистикадан да әсерлі. Өйткені баға – тек экономика емес, көңілкүйдің индикаторы.
БАҒА ӨСТІ, БІРАҚ ҮМІТ ӨШПЕЙДІ
Қымбатшылық – тек экономика емес, психологиялық салмақ. Адамдар дүкенге кірген сайын «жалақым жетпей қала ма?» деген уайыммен өмір сүреді. Көпшілік сапаны емес, бағасы ең төмен өнімді іздей бастады. – Базарда адамдар бұрынғыдай саудаласпайды. Тек сұрап тұрып, үнсіз кетеді. Себебі саудаласудың да мәні қалмады – бәрі қымбат, – дейді сатушы Әлия. Иә, баға мен базар – қоғамның шынайы айнасы. Сол айнаға қарасақ, бүгінгі қазақтың түрі ойлы, қалтасы жұқа, бірақ үміті мықты. Нан мен еттің «люкс» өнімге айналуы – әзіл емес, өмірдің өзі. Халық әзірге төзіммен өмір сүріп отыр. Бірақ төзім де – ресурс. Егер баға мен табыс арасындағы алшақтық ұлғая берсе, бұл айна бір күні сынуы мүмкін.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

22 қазан 2025 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9347)

21 қазан 2025 ж.

№79 (9346)

18 қазан 2025 ж.

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031