Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЫРЫҚҚА НАРЫҚ КӨНЕ МЕ?

ЫРЫҚҚА НАРЫҚ КӨНЕ МЕ?

Базар бағасы ырыққа көнбей тұр. Азық-түлікпен қоса көкөніс құны да шарықтап кетті. «Баға бір түссе, жазда түсер-ау» деген үміт ақталмады. Нағыз пісім мол болатын жаздың өзінде бағаның мың құбылуы ойланарлық жайт. Жалпы алғанда халықтың күнделікті тұтынатын тауарлары – әлеуметтік мәселенің ең жанды жері. Жергілікті билік бұл жағдайды реттеп, қадағалауға тырысқанымен, кейде нарықтың өз заңы бойынша дамитынын естен шығарып аламыз.
Иә, осыдан 3 ай бұрын ғана қанттың құны рекордтық көрсеткішпен пұлданды деп дабыл қағып, даурыққан едік. Қазір тіптен бір келісі 700 теңгеден асып жығылады. Қаппен алсаңыз, 25 келі үшін 16-17 мың теңге төлейсіз. Елдің бәрі тосап қайнатып, қыстың қамына кірісетін тұста қанттың құнының бұлай шарықтауы әрине, жабырқатпай қоймайды.
Тек қант емес-ау, жылда бұл уақытта 100-150 теңгеден аспайтын қияр мен қызанақтың бағасы қазір тіптен қымбат. Қыстыгүні қызанақты 800-1000 теңгеге алатын жұрт жаз мезгілінде де бір келісін 700 теңгеге сатып алуға мәжбүр. Қияр – 200-250 теңгеден. Жаппай пісіп жатқан жергілікті жаздық алманың өзі базар сөрелерінде 600 теңгеден саудаланып жатыр.
Елімізде азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидек, дәнді-дақыл көбейіп, бағасы түсу керек жаз айында қымбаттауына не себеп?
Бағаның тұрақты болмауын сатушылардан сұрап көрдік. Олар сырттан келетін тауар бағасының жоғары болуы ішкі нарықтағы тұрақсыздықты туындататынын алға тартады. Мұнан соң қарапайым саудагерді кінәлау қиын. Күнделікті табысын айыру керек. Сауда жасап тұрған орнына төлейтін пұлы бар. Өнімді жеткізуге кететін шығыны, солардың бәрі түптеп келгенде тұтынушыға қойылатын бағаға ықпал етіп отыр. Қымбатшылық – бір ғана себептен туындамайды. Оның артында бірнеше қосымша себеп-салдары болатыны түсінікті. Базар салты бойынша алынған тауар өту керек, шығынын ақтау керек.
Қазақ «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» деп бекер айтпаған. Адам баласының тіршілігіне алдымен азық қажет, бұл – жаратылыс заңы. Астыңа қымбат көлік мініп, алтын сарайда тұрғанмен бәрібір өмір сүру үшін тамақ керек. Министр мен әкім де, қарапайым адам да ас ішпей жүре алмайды. «Ас – адамның арқауы» деп тегін айтылмаған, сондықтан алғашқы байлығымыз да – азық-түлік. Оны өсіріп, өндіруге мүмкіндігіміз жетіп артылады. Бірақ қарапайым халықтың тапқаны тамағына да жетпейтін болған қазір. Біраздан бері ет жеп, сорпа ішпеген қазақты да жиі кездестіруге болады. Мұның бәрі сол «құрығыр» бағаның қымбатынан.
Қарапайым сөзге салсақ, соңғы жылдары 60 теңге болған бір бөлке нан қазір дүкендерде 110 теңге тұрады. Бес жыл бұрын 1 200-1 500 теңгеге бағаланған сиыр етін қазір 2 300 теңгеге сатып аласыз. Бір уақытта 150-200 теңге деп саудаланған қант жоғарыда айтқанымыздай, 700 теңгеге жетіп жығылады. Қайбір жылдары күнбағыс майы 2000 теңге болып қымбаттады деп жүрген едік. Бүгін оны кемі 4000 теңгеге аласыз. Осыдан 2-3 жыл бұрын 350-400 теңгеге алатын печеньенің келісі қазір 800 теңгеге тұрақтап тұр. Яғни, пайызға шақсақ, 200-250 процентке қымбаттаған тауар түрлері жиі кездеседі. Ал бірақ қазақстандықтардың табысы соңғы жыл-дары осынша есе көбейді ме? Оған жауапты өзіңіз беріңіз.
Азық-түліктің құны халықтың қалтасын теспеуі керек. Алайда тапқан әр теңгесін санап отыратын отандасымызға әкімдіктің түсініктемесінен гөрі арзан азық анағұрлым қажет, яғни нәтиже керек.
Бұған дейін Үкімет азық-түлік бағасын бақылау үшін талай бағдарламаны іске қосты. Әкімдерге де ұрысып тұрады. Бірақ шаруа қожалықтары субсидия мен несиені қажетті деңгейде алып, өнімнің саны мен сапасын арттырып, баға бәсекенің арқасында әрі нарықтың күшімен реттелмесе, мемлекеттік-әкімшілік инструменттер тиімді болмай тұр... Ал Үкімет қаласа, жауыр болған арадағы алыпсатарлар мәселесін түбегейлі шешуге қауқары жетеді-ақ.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
14 маусым 2022 ж. 727 0