Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атырауда азық-түлік бағасы шарықтап барады

Атырауда азық-түлік бағасы шарықтап барады

Атырауда күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының өскендігі анық байқалады. Әсіресе тауық еті мен жұмыртқаның бағасы 10 айда 30 процентке шарықтап кеткен, деп мәлімдеді «Хабар24». Саудагерлер болса бағаның өсуін тауарды тасымалдаушылардың қойған құнымен байланыстырып отыр. Оған қоса батыс өңірді жайлаған құрғақшылық салдарынан егіншілер картоп пен көкөністі екі еседей аз жинапты. Ал импорттық тауарлардың түрлі шығындары өнімнің өзіндік құнын көтерді. Салдарынан жаппай қымбатшылық белең алуда. Мұнайлы өлкеде әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік баға индексі жыл басынан бері 110,6 процентті құраған. Соның ішінде халық көп тұтынатын қант, ұн мен күнбағыс майының бағасы айтарлықтай өскен. Әсіресе жиын-терін айында көкөніс пен картоптың қымбаттауын тұтынушылар түсінбей дал. Мәдина Тілеуғалиева, қала тұрғыны: – 5 киллограмдық шекердің бағасы 1600-ден. Бұрын біз 900-ден алатын едік. Негізі мүлдем қымбаттады ғой. Енді жақсы жұмыс істеп жатқандар күн көреді, жұмыс істемей жатқандарды білмеймін, қалай күн көретінін? Қырыққабат – 49, қарақұмық 32 процентке өскен. Ал тауық еті мен сәбіз бағасының өсуі екі есеге жуық. Күнбағыс майы болса бұрынғы бағасынан бірден 450-500 теңгеге шарықтап кетті. Көтерме саудамен айналысатындар болса нарық заңы дегеннен асырып ештеңе айта алмайды. Орынбасар Жанқұтов, саудагер: – Қазақстаннан шығатын ұн өнімдері неге қымбаттап жатыр десек, қоспалары Еуропадан келеді дейді. Мына қаптары да Ресейден келеді. Бұрын 10 келісін 2 мыңнан сатып жүрдік, қазір 2400-ден сатып жатырмыз. Себебі 2200-ден келіп тұр. Бұл – көтерме саудадағы баға. Ал өнімдер дүкендерге жеткізіліп, оған кіре пұлы қосылғанда жағдайдың қалай құбыларын болжау қиын емес. Азық-түліктің 60 процентін сырттан тасымалдайтын Атырау облысында баға қашан да жоғары. Бірақ айына 10-12 процентке өсу бұрын байқалмайтын. Бұл жағдайдан жергілікті билік жақсы хабардар. Олар енді ғана қамданып, тұрақтандыру қорын жасақтауға кіріскен. Амангелді Саламат, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: – Енді қосымша азық-түлік корпорациясы арқылы ұн алу жоспарланып отыр. Жыл аяғына дейін 6 мың тонна, қосымша тағы да ұн алынады. Биылғы жылы наубайханаларға әр келісі 145 теңгеден сатылды. Әлеуметтік нанның бағасы 90-100 теңгеден асып тұрған жоқ. Отандық құс фабрикаларына субсидия жаңа жылдан бастап тоқтатылады. Ал олар құстың жемі мен түрлі дәрумендерін шетелдерден тасымалдайды. Айналып келгенде ол шығын өнімге түсіп, қиналатын тағы да тұтынушы болмақ. Бүгінде қала базарларында мұздатылған құс етінің келісі 2000 теңгеден сатылса, жұмыртқаның бір данасы 40-44 теңге төңірегінде. Жаңа жылдан бастап жұмыртқаның бағасы 70 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген де ақпар бар. Себебі Атыраудың өз өнімі облысты қамтуға жетпейді. Сырттан келген тағам түрлерінің бағасы күн санап көтеріліп барады.

https://24.kz​​​
13 қазан 2021 ж. 3 654 0