Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Базар бағамына барлау

Базар бағамына барлау

Күнделікті тұтынатын көкөністерді алу үшін базарға бас сұқпай кетпейміз. Базар бағасы құбылмалы ауа райы секілді күрт өзгере кететін әдеті бар. Әсіресе, жаз мезгілінде. Әйел заты салат қайнатып, қыс азығын әзірлейтін кезең қымбатшылыққа ұласады. Одан қалса зейнетақы мен жалақыға үстемақы қосылады деген әңгіме қылтиса базар бағамы шарықтап шыға келеді. Бүгінгі базар нарығы қалай талдап көрелік?
Қайнаған қызу тіршілік ортасы деп базар ішін айтуға болады. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, көкөністің түр-түрін арқалаған әйел қауымынан көз сүрінеді. Бәрі де жанталасып жақсы өнімді алғысы келеді. Алайда, тәуір дүниенің ақшасы да әжептәуір. Базар ішін барласақ сұранысқа ие қияр, қызанақ, болгар бұрышы сынды көкөністердің дәурені жүріп тұр. Қияр бағасы – 100, қызанақ – 120, болгар бұрышы – 150 теңге. Ал, Жаңақорған ауданында дәл осы өнімдер, мысалы қияр – 120, қызанақ – 100, болгар бұрышы – 150 теңге көлемінде сатылуда. Көршілес ауданмен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық жоқ деуге болады. Базар ішінде азық-түлік алып жүрген кент тұрғыны София Бегайдарова: «Көкөніс бағалары жиі өзгереді. Бәріміз жаңа жұлынған, балғын көкөністерді тұтынғанды жөн көреміз. Ал, балғын өнімнің бағасы қымбаттау болады» – дейді.
Сонымен, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі жасақтаған мониторингті сараптасақ. Бірінші кезекте қымбатшылыққа ілінген тауар бағасы көзге түсті. Мәселен, 2017 жылдың 22-қаңтарында сиыр еті – 1100 тг болса, 2018 жылдың 17-шілдесінде 1350 теңгеге өскен. Ал, тауық еті – 520 теңгеден 570 теңгеге қымбаттаған. Сондай-ақ, пияз – 70 теңгеден 100 теңгеге, сәбіз – 90 теңгеден 120-150 теңгеге дейін өсім алған. Ақ күріштің отанына айналған өңірде күріш бағасынан да өзгерісті байқадық. Өткен жылы нарықта 150 теңгені көрсетсе, биыл бұл көрсеткіш 30 теңгеге көтерілген.
Ендігі кезекте қандай тауар түрі арзандағанына тоқталсақ. Алдымен көзге түскені қарақұмық жармасы. 2017 жылы 330 теңгеден сатылған дақылды биыл дүкен сөрелерінен 150 теңгеге кезіктіре аласыз. Сондай-ақ, жұмыртқа бағасы да 28 теңгеден 15, ірімшік 800 теңгеден 650 теңгеге төмендеген. Нарық бағамында тұрақтап тұрған өсімдік майы – 350 тг, құмшекер – 220 тг, ас тұзы – 40 тг, нан – 65 тг. Басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің біршамасын тізіп шықтық. Ұзын сонар тізіммен оқырманды шатыстырмағанды жөн санап, керегін ұсынып отырмыз.
Ал, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбековтың мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы аудан бойынша 29062 гектар жерге егін егіліпті. Оның ішінде негізгі дақыл болып саналатын күріш – 12500 гектар жер аумағын алады. Өткен жылы да 12500 гектар жерге күріш егілген. Екі жылдың көрсеткішіне назар салсақ айтарлықтай өзгеріс жоқ. Дән атасы Ы.Жақаевтың қолы тиген ақ күріштің Шиелі өңірінде қымбаттауына не түрткі? Күріштен тау тұрғызып, рекорд орнатқан ауданның өз өнімі тұрғындарға тиімді бағада ұсынылғанын қалайды халық. Оның себебін білмекке ауылшаруашылық бөлімінің статис маманы Е.Жорабековпен хабарласқан едік. «Күріш бағасының өсім алуы ерте көктемдегі егінге байланысты. Жылдағы дәстүрге сай диірмендерде осы мезетте күріш бағасы қымбаттайды да, күзге қарай қайта 100-120 теңге көлеміне сатылады. Белгілі бір мөлшерін егінге жұмсағандықтан бағаның құбылуы белең алады» – деп түсіндірді сала маманы.
Ағымдағы жылы 1285 гектар жерге көкөніс, 1050 гектар жерге картоп егілгенінен хабардармыз. Әзірге картоптың базардағы бағасы 80-100 теңге көлемінде. Қазір қарапайым халық «қосымша қаржы қосылады» десе қорқатын болды. Өйткені, бұқара бұдан ұтылмаса, ұтпасын жақсы біледі. Қымбатшылық, құнға құрық сала алмау қайталанатын құбылысқа айналды. Қалай десек те, құн құбылып, базар бағасы жиі бұзылатыны жасырын емес. Дегенмен, егіс алқабындағы өнімдердің нарыққа шығар уақыты да таяды. Алдағы уақытта базардағы өнімдердің құны төмендеп, өзіміздің отандық өнімдер сауда төрінен көрінеді деп сенеміз.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
21 шілде 2018 ж. 1 306 0