Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түн түріліп, таң атпай, базар барып мал сатпай, ұрлықтың алдын алайық...

Түн түріліп, таң атпай, базар барып мал сатпай, ұрлықтың алдын алайық...



         Кез-келген кәсіп иесі ең алдымен тұтынушыға тиімділікті арттыру жолында тірлік етуі тиіс. Қызмет көрсету, сауда-саттықты кәсіп еткендер келушінің көңілінен шығып, тұтынушының талғамын тауып жатса құп емес пе?
         Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы мал базарының кейбір мәселелері талқыланған мәжілісте осы тақырып қозғалған-ды. Ә.Оразбекұлының төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібіндегі мәселеге байланысты тиісті сала басшыларына да нақты тапсырмалар жүктеліп, кәсіпкерге ұсыныстар айтылған. Өңір басшысының есепті кездесулерде тұрғындар талқысына салған мал базарының уақытын өзгерту туралы мәселесі қаралды. Мал ұрлығын болдырмау, алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыру жүктелген жиында жергілікті полиция қызметінің бақылау шараларын күшейтуі сөз болды.
         Аудан әкімінің мал базарының жұмыс уақытына өзгеріс енгізу туралы ұсынысы қай жағынан да тиімді болмақ. Аудандағы белең алып отырған мал ұрлығының алдын алуға және базарға сату, сатып алу мақсатымен келетін тұтынушыға да ұтымды ұсыныс. Аудандық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңесі отырыстарында жан-жақты талқыға түскен бұл тақырыпта бір жақты пікірлер болды. Түн жарымында тапырақтаған малдың, асыққан адамның қарасы кімге де болсын тиімсіз. Әсіресе, қыстыгүні көлігін қыздыру, түлігін мінгізуде әжептәуір әлекке түсетін ағайын мұны құптары анық. Алдағы уақытта базардың жұмыс уақыты қыз мезгілінде түн түріліп, таң кірген уақытқа, яғни сағат 7-ге қойылса, сәуір айынан  сағат 6-дан бастауға байлам жасалды. Бұлай болмаған жағдайда мал базары төңірегіндегі халық көкейіндегі күмәнді ойлар сейілмейтіні де анық.  
         Жоғарыда атап өткен мәжілістің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – малдарды құжаттандыру, ендеу, сырғалаумен қатар мойынға тағуға арналаған түн уақытында жарықтандырғыш ілгіштер таратуды ветеринария бөліміне нықтай тапсырды. Есепке алынбаған малдарды түгендеу жұмыстарын жандандыру да мал ұрлығының алдын алудағы маңызды міндеттер болмақ. Және кәсіпкерлік бөлімінің атқаруға тиіс жұмысының бірі – бәсекелестік орта қалыптастыру, нарық талабына сай болу мақсатымен мал базарының мәселесін заңға сәйкес шешу жұмыстары. Яғни, «Әбдікәрім ата» базарының айналасын көркейту-көгалдандыруды жүргізу кәсіп иесіне ұсынылды. Базар аумағына бейне-бақылау камераларын орнату, келіп кетушіге ыңғайлы жағдай туғызу да басты міндет. Базар төңірегіндегі тұрғындардың наразылығын тудырмау мақсатында санитарлық талаптарды қатаң бақылауға алған да жөн болмақ.
         Мәжілістің күн тәртібіндегі мәселелер күн құрғатпай шешімін тауып жатса игі. Белең алған қылмыстың алдын алу мен тұтынушы игілігі үшін жасалуға тиіс тапсырмалар қай тарапқа да тиімді екені даусыз.
Бақытжан МӘДЕН.       
          
11 ақпан 2018 ж. 1 408 0