Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » барымтаға бейнебақылау бөгет болмақ

барымтаға бейнебақылау бөгет болмақ


Жуырда облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов іс сапармен ауданымызда болып, аудан әкімдігінде дөңгелек үстел өткізіп, біршама мәселелерді қарады. Аудан активімен өткен жиында құқық бұзушылық, мал ұрлығы, заңсыз есірткі егумен айналысу және тасымалдау, энергетика, ауданды газдандыру мәселесі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен аймақтағы құрылыс жұмыстары, төтенше жағдайлар қызметі жайында мәселелер көтерілді.
Жоғарыда аталған мәселелер бойынша сала басшылары баяндамаларын жасап, пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді. Олардың айтуынша, аудан бойынша тіркелген мал ұрлығының кентке таяу орналасқан елді-мекендегілері анықталған. Ал, алыс аймақтағы ұры-қары, барымташылардың ісі бейне бақылау камерасының жетіспеушілігіне байланысты анықталмаған. Осыған орай ауданымызға кіретін негізгі жол бойларына сапалы бейне бақылау құрылғыларын орнату ұсынылды. Сонымен қатар, шалғай ауылда орналасқан учаскелік полиция қызметкерлеріне көліктің жетіспеушілігі мен тұрақты тұрғын үйлері болмағандықтан аудан орталығынан қатынайтындықтары сөз етілді. Сол себепті, оларды тұрақты баспанамен қамтамасыз ету де әңгіме арқауына айналды. Ұрлықтың жолын тыю үшін аудандағы көпқабатты үйлер маңы жарықтандырылса деген де тілек білдірілді.
Сонымен қатар, инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген жерлердегі ұрлық, жылу беру маусымына дайындық, газ жүргізу барысы мен рұқсаты жоқ жеке тұлғалардың заңсыз үйлерге газ жүргізуі мен сертификаты жоқ газ пештерінің орнатылуы жайында да мәселе қозғады. Және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының ақылы негізге өтуге даярлығы, теміржолға аспалы көпір салу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Осы секілді маңызды мәселелер талқыға түсіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Шарада күрмеуі қиын шетін мәселелер назардан тыс қалмады.

Е.БАЛТАБАЙҰЛЫ.
13 қараша 2017 ж. 1 531 0