Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘСЕЛЕГЕ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ДА КӨМЕКТЕСЕДІ

МӘСЕЛЕГЕ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ДА КӨМЕКТЕСЕДІ

  • Шиеліде жерге қатысты мәселе туындамауы керек. Қазір күннен күнге заң күшейіп келеді. Егер өздеріне қатысты округ тұрғындарынан осыған байланысты қандай да бір мәселесі болса, мәслихат депутаттары көмектесуі қажет, – деді облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов  аудан әкімдігінде өткен жиында.

Басқосудағы басты мәселе – «Шиелі ауданы бойынша жерді құжаттамалық түгендеудің қорытындысы» жайлы болды. Оған облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы – Шахмардан Қойшыбаев, облыстық мәслихат депутаты, бюджет комиссиясының төрайымы – Райхан Ысқақова, Шиелі ауданынан сайланған облыстық мәслихат депутаты – Қалмырза Қасымов  арнайы келді. Сондай-ақ, аудан әкім Әшім Оразбекұлы мен орынбасарлары және кент, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері мен сала басшылары қатысты.

Жалпы, ауданның жер көлемі 3239755 гектарды құраса, оны ауыл шаруашылығы мақсатындағы, өнеркәсіп, ғарыш, байланыс жерлері, елдімекен жерлері, орман қорының жерлері, су қоры жерлері, қосалқы жер қоры секілді 6 топқа бөліп қарастырады. Айта кету керек, ауданда ерекше қорғалатын аумақтар санатына жататын жер жоқтың қасы. Жиын барысында аудан басшысы:

  • Тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 2007 жылдан бастап 6620 азамат кезекте тұр. Қазіргі таңда «Береке» мөлтек ауданынан 320 жер учаскесі тұрғындарға берілді. Жыл соңына дейін тағы да  200-ге жуық жер телімін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Аталған кезекті аудан әкімдігінің ресми сайты мен жергілікті баспасөз бетінен көре аласыздар, – деді.

Одан бөлек аудан әкімінің орынбасарлары А.Есмаханов, Б.Ысмағұлов, Т.Жағыпбаровтың өз салаларына қатысты баяндамалары тыңдалып, қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылды. Қорытынды сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңыздылығына тоқталып, жергілікті мәслихат депутаттарына жергілікті әкімдердің ұсыныстарын аудан, облыс бюджетіне ұсынып қана қоймай, жұмысты өз ықпалдарымен жүргізуді ұсынды. «Бюджеттегі қаржы – халықтың игілігіне жұмсалу керек, ал, көшені асфальттау, арықты тазалау секілді шаруаларды ішінара ұйымдасып жасауға болады», – деді өз сөзінде.

Иә, аудандағы ең басты мәселе – сені жүрмей «мұз болып қатқан» тұрғын үй салуға жер кезегі. «Биыл 2007 жылғы кезектің қыркүйек айын бітірсек те олжа», – дейді, жер қатынастары бөлімінің мамандары. Бұндай мимырт жүріс, баяу аяңмен алдағы 10 жылдықтағы кезектердің қашан келетіндігі тағы белгісіз. Олай болса, тиісті сала басшыларының бірінші жұмысы осынау 2007-2017 жылдардағы жер кезегін жылдамдатып шешу болмақ. Бұл – халықтың мәселесі. Халықтың пікірі, арманы, мүддесі. Демек, халықтың ұлы, елдің баласы, мемлекеттің қызметшісі атанған тиісті сала мамандары уақыт оздырмай, осы мәселенің түйінін тарқатып, халыққа қажет телімін дер кезінде беру қажет.

Гүлхан ЯХИЯЕВА


  

10 қараша 2017 ж. 1 620 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031