МӘЖІЛІСМЕНДЕР: ӘЛЕУМЕТТІК БЕС БАСТАМА ЕЛ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ
Елбасының бес әлеуметтік бастамасы қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеретін стратегиялық бағдарлама. Оны халыққа кеңінен түсіндіріп, түйінді тұсын тарқату мақсатында аптаның бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Фахриддин Қаратаев, Амангелді Дауренбаев, Абзал Ералиев, Наталья Жұмаділдаева, Балайым Кесебаевалар Шиелі ауданына жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы халық қалаулыларына өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктен өркен алған бірнеше нысандардың жұмысымен таныстырды.
Елбасы ұсынысында міндеттелген әлеуметтік бастамалардың жүзеге асу барысын бағамдаған қонақтар алдымен ауданның индустриялды аймағында орналасқан «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС цемент зауытында болды. Жобалық құны 64 млрд. теңгені құрап, жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығаруды жоспарлап отырған зауыттың құрылысы аяқталса, өңірде оң өзгерістер болатынына көз жеткізді. Мұнда құрылыс кезінде 1200 адам жұмыспен қамтылып, зауыт толық іске қосылған кезде 260 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Ел экономикасын арттыру, өнеркәсібін өркендету жолында қолға алынған ірі жобалардың бірі бұл.
Болашақтың бастамасы саналатын халықты баспанамен қамтамасыз ету, жалақысы төмен қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасау, жастардың білім алуы және жатақханамен қамтылуы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту сынды бес бағытты жүзеге асыру революция дәуіріне жол ашпақ. Құрылыс нарығында үлкен серпіліс тудыратын «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасымен Шиеліде жобалық сметасы толтырылып, 90 пәтерлі 5 тұрғын үй бой көтермек. Сондай-ақ, жастардың жүйелі білім алуы, жатақханамен қамтылуы да қарастырылған. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің бірі шағын несие арқылы өз кәсібін дөңгелету ісі де қолдау тауып келеді. Тұтынушының сұранысын қанағаттандыратын шағын кәсіпкерлік жобалар жұмыссыздық деңгейін төмендетсе, екінші тұсынан отбасын асырап күн көрудің тиімді жолы болды. Бүгінде жұмысы жанданып, өнімін экспортқа шығаруды көздеп отырған кәсіпкерлер де бар.
Бөлінген қаржыны желге ұшырмай, аудан халқын жергілікті өніммен қамтамасыз етуді мақсат еткен «Көкшоқы» мөлтек ауданында орналасқан жеке кәсіпкер Е.Жеңсікбаевтың жылыжайы халық қалаулыларының көңілінен шықты. Жылыжайдың жалпы көлемі 35 сотық жерді құрайды. Құрылыс жұмыстарына 21 млн. теңге қаржы жұмсалған. Бүгінгі күнге дейін мұнда қызанақ, қияр секілді көкөністер егіліп бапталып, жылына 20 тонна қияр, 10 тонна қызанақ өнімі алынып отырған. Жылыжайда 4 азамат тұрақты және маусымдық жұмыста 8 азамат жұмыс жасайды. Жылыжайға өткен жылдың қазан айында 18 сотық жерге тамшылатып суару әдісі бойынша сарымсақ егілген. Кәсіпкер: «Сарымсақ – қияр, қызанақ секілді көп күтімді талап етпейді. Оның тұқымын егіп, сабағы өскен соң екі-ақ мәрте суарасың. Сондай-ақ, қатты жылуды да қажет етпейді. Әрі шығыны да аз. Бұйыртса, алғашқы өнімді сәуір айларында жоспарлап отырмыз», – дейді.
Кәсіптің көзін тапқан жанның несібесі арта түседі. Бүгінгі таңда Шиелі жұртшылығына жұмыртқа ұсынып отырған «Мөлдір и К» толық серіктестігінің құс шаруашылығы тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа өндіріп, базар бағасының тұрақталуына ықпал етуде. Жалпы құны 165 млн. теңгені құрайтын кәсіптің ісінде іргелі жылжу бар. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге қаражат бөлініп, қажетті құрал-жабдықтарды Қытай елінен алдыртқан. Кәсіпкер Н.Мырзабеков өткен жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктен алынған қосымша 33 млн. 500 мың теңгеге 2-цехты іске қосқан.
Сырдың мақтанышы – ақ маржаны. Алқабында ақ күріші жайқалған Шиелі өңірі 45 Социалистік Еңбек Ерін шығарған даңқты өлке. Содан болар, келген қонақ күріштен тау тұрғызған дала академигі Ы.Жақаев ауылына соқпай өтпейді. Бұл жолы да депутаттар еңбек адамына арнап құран бағыштап, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейін тамашалады. Бұл тұста Елбасының жуырда жариялаған бес әлеуметтік бастамасын алға тартып, әңгіме өрбітті. Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай: «Сыр өңірінің даму қарқыны жоғары деңгейде. Ауыл өссе, ел дамиды. Шиелі ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіліміз толды. Ондағы кәсіпкерлер мен фермерлердің ауылдың өркендеуіне үлес қосқаны қуантты. Соның ішінде құс фермасының да, жылыжай кешенінің де жұмысына ризамыз», – деген ойын ортаға салды. Мәжілісмендер әлеуметтік бес бастама ел әлеуетін арттыратынын да тілге тиек етті.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген 10 бағыт пен «Әлеуметтік бес бастама» әлемдегі алпауыт елдермен иық қағыстыруға мүмкіндік туғызады. Ол үшін ІТ-мамандар даярлау, жастардың білім алуы жолында жеңілдіктер жасалуда. Сондықтан, жаңа технологиялармен жұмыс жасаудан жасқанбаған Шиелі ауданының жүйелі жұмысына депутаттар оң бағасын берді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Суретті түсірген
Ерұлан ДАТКЕНОВ.