БАҒА, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
«Арыстан алыстан ақырса, аттың аяғы шалынады» дегендей зейнетақы өсіп, жалақы көбейеді деген ақпар тараса болды, нарықта құн құбылып шыға келеді. Ел ішінде келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеріледі, зейнетақы мен жәрдемақы да көбеймек деген ақпарат тарады. Осы әсер етті ме әлде өзге де себеп бар болар, әйтеуір, базар бағасының тұрақсыздығы халықтың ұйқысын шайдай ашатын болған бүгінде. Әсiресе, жұртты алаңдататыны – күнделiктi тұтынатын азық-түлiктің құны көз ілестірмей бара жатқандығы. Базар бағамын аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің берген мәліметтері бойынша саралаудан бастасақ.
Тамыз айында ғана 75-85 теңгеден сатылған нан қазір 100-105 теңгеге көтерілген. Себебі жаздыгүні ұнның келісі 140 теңгеден болған, қазір 190 теңгеден сатылуда. Ал өткен жылы 130 теңге болғанын да айта кетейік. Осыған қарап-ақ соңғы бірнеше айда азық-түліктің күн сайын қымбаттап бара жатқанын аңғаруға болады.
Тамыз айында ғана 75-85 теңгеден сатылған нан қазір 100-105 теңгеге көтерілген. Себебі жаздыгүні ұнның келісі 140 теңгеден болған, қазір 190 теңгеден сатылуда. Ал өткен жылы 130 теңге болғанын да айта кетейік. Осыған қарап-ақ соңғы бірнеше айда азық-түліктің күн сайын қымбаттап бара жатқанын аңғаруға болады.
Бағаның бұлданып бара жатқанын күнбағыс майының құнынан да білеміз. Өткен жылы орташа бағасы 400 теңгеге жуықтайтын сұйық майдың құны бүгінде екі есеге қымбаттаған. Жұмыртқа мен қарақұмықтың бағасы да дәл солай. Мұнда бағасы былтырдан бері тұрақтап тұрған тек пияз ғана, келісі 100 теңгеден сатылуда. Бәрін айт та бірін айт, ет пен сүттің жырын айт. Осыдан үш ай бұрын ғана 1800 теңгеден сатылған сиыр етінің бір келісі қазір 1950-2000 теңгеге көтерілген. Сүт те солай, майлылығы 2,5 проценттік ең арзан сүт дүкендерде кемі 250 теңгеден тұр. Ал қара базардағы қолдың сүтінің литрі 300 теңгеден саудалануда. Халық көп тұтынатын рожкидің келісі – 260, күріш – 250, жұмыртқаның бір данасы – 43, тұз – 60, қант –340 теңгеге тұрақталса, 72,5 процентті құрайтын сары майдың келісі – 1350 теңгеден сатылуда. Ал сүзбе мен тауық етінің бір келісін базардан 1000 теңгеден алуға болады. Сол секілді картоп – 200, сәбіз бен қырыққабатты – 180 теңгеден таба аласыз.
Қазір екі адамның басы қосыла қалса, базардағы бағаны базына қылып, қымбатшылыққа қынжылады. Өйткені, «үйдегі есепті базардағы баға бұзып-ақ» тұр. Қысқасы, арқаны мұздатып, қалтаны қаққан нарық бағасы биліктің де, халықтың да ырқына бағынар емес.
Гүлхан ЯХИЯ