Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Базар бағамы: өзгеріс бар ма?

Базар бағамы: өзгеріс бар ма?

Қазақта «Үйдегi есептi – базардағы нарық бұзады» деген сөз бар. Сол айтқандай, базар бағасының тұрақсыздығы халықтың ұйқысын шайдай ашатыны үйреншiктi әдетке айналды. Әсiресе, жұртты алаңдататыны – күнделiктi тұтынатын азық-түлiктің бағасы. Осыған қатысты тұрғындар арасында дақпырт әңгіме көп. Осының жай-жапсарын білу үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне хабарласып базар бағамын сұрап, білдік.
Аудандағы нарық бағасына жауапты ауыл шаруашылығы ұсынған мәлімет бойынша күнделікті тұтынатын ет – 1700 теңге болса, ал тауық еті – 770 теңге. Сондай-ақ тұз – 40 теңгені, күріш – 240 теңгені көрсетіп тұр. Ал көкөністерге тоқталсақ, картоп – 100-150 теңге, сәбіз – 120 теңге, пияз – 60-100 теңгені құрайды. Расында, базар – қайнаған қызу тіршілік алаңы. Ал «Арсен» көтерме сауда орнында 50 кг «Тянь-шань» ұны – 8000 тг, «Нұр» көтерме сауда орнында «Ақсарай» ұны – 6500 теңгеден тұтынушыларға сатылуда.
Бірақ сала мамандары құмшекер, пісте майы мен жұмыртқа бағасының қымбаттағанын жеткізді. Мәселен, бұған дейін құмшекер – 230 теңгеден сатылса, қазір келісі 270-280 теңгенің үстінде. Ал пісте майының бұрынғы бағасы 2200-2400 болса, қазір «Нұрислам» мен «Арсен» көтерме сауда орындарында 5 литрлік пісте майы 2700-ден халыққа ұсынылып жатыр. Сонымен қатар дүкен сөрелеріндегі жұмыртқаның бағасы қазір 35-36 теңге болды. Есіңізде болса, осыдан үш ай бұрын ғана тауық жұмыртқасының 10 данасы 210 теңге болатын. Сала мамандары бұл өнімнің күрт өсуін құс тұмауы мен маусымдық мерзіммен байланыстырып отыр.
Мұнымен қоса сала мамандары майонез, шұжық, қияр мен қызанақ секілді өнімдердің бағасының күрт өскендігін айтып хабарласып жататынын айтты. Бірақ ауыл шаруашылық бөлімі бұл өнімдерге жауапты еместіктерін білдірді.
Қорыта келе, бүгінгі сараптап көрген тауарлар тұтынушылардың көп қолданатын азық-түлігі. Сол себепті нарық бағамының құбылуы әрине тұрғындарды алаңдататыны түсінікті. Айтарымыз, базар бағамы ұдайы назарда болмақ.

С.МАДИЯРОВА
19 қазан 2020 ж. 751 0