Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымбатшылық қалтаны қақпасын

Қымбатшылық қалтаны қақпасын

Адам баласының қажетіне жаратар дүниесі таусылған ба, шіркін?! Бір күні азық-түлік алсаңыз, енді бірде киім-кешек керек. Ал басқа күні дүние-мүлікке қаржы жұмсаймыз. Сол себептен шығар, көпшілік қалтасына қаржы түссе болды, базарға қарай аяңдайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтар айлығының 60 пайызын азық-түлікке жұмсайды екен. «Қайнаған қазанға» тап болғанда біздің де байқағанымыз осы. Әсіресе, қазіргідей індет жайлаған уақытта жұртшылық үшін киім-кешек, көздің жауын алатын жиһаздар қызығын жоғалтқандай. Қайда барсаңыз да үйіне азық апара жатқан аналарды көресіз. Міне, осындай ақ жаулықты аналардың қай-қайсысы болмасын қымбатшылықты айтып, басын шайқайды. Расымен базардағы азық-түлік бағасы бірқалыпты емес. Аракідік 10-15 теңге болса да өзгеріп ­отырады. Сондықтан біз базар бағасына барлау жасағанды жөн санадық.

Қолда бар дерекке сүйеніп ақпан мен ­наурыз айындағы бағаны салыстыратын болсақ айтарлықтай өзгеріс байқалады. Өйткені, осыдан бір ай бұрын картоп 120 теңгеден сатылса, қазір 140-170 теңгенің арасында саудалануда. Ал сәбіз ақпанда 120 теңге болып еді, көктем шыға сала бағасы 150 теңгеге дейін шарықтады. Алайда, қырыққабаттың сатылу бағасы өзгеріске ұшырамаған. Ақпан айында қырыққабат 150 теңгеден сатылып еді, қазір де сол бағамен сөреде тұр. Әлеуметтік маңызы бар тауардың арасында екі маусымда да есебінен жаңылмаған пияз. Жуа ақпанда 100 теңгеден сатылып еді, қазір де сол бағаны көрсетіп тұр. Біз мұнда жұмыртқадан айырмашылықты аңғарамыз. Мәселен, ақпанда 26-33 теңгеден сатылған тұқым, қазір 29-31 теңгемен тұтынушыға ұсынылуда. Сиыр еті ақпанда 1650-1750 теңгенің арасында сатылса, қазір 1700-1750 теңгеден сатылымға түсіп жатыр. Сол сияқты тауық еті де 850-900 теңгеге қымбаттаған. Ақпанда бұл ет 750-800 теңгеден сатылған болатын. Қымбаттаған тауарлардың арасында ұн да бар. Осыдан бір ай бұрын ұнның бір келісі 130-156 теңге еді, қазір 160-170 теңге. Өсімдік майы да сәт сайын бағасы тұрақсызданатын тауарлардың тізімінде. Мәселен, ақпанда пісте майы 355-400 теңге болса, қазір 370-440 теңгенің көлемінде.
Міне, бұл нарық бағасына жауапты ауыл шаруашылығы бөлімі келтірген мәлімет. Енді біз базардағы бағаға өз көзімізбен барлау жасағымыз келді.
Хакім Абай айтпақшы «Базарға қарап тұрсақ, әркім барар». Бірі – тұтынушының, енді бірі – ұсынушының рөлінде. Тауардың түгі қалмай өтіп кеткенін қалайтын ­саудагерлер келушінің көңілінен шығуға барын салады. Ал қымбатшылық қалтамды қақпай ма деп алаңдаған алушылар азық-түлікті әбден саралайды. Әрине, қай жерде арзан, қай маңда қымбат екенін салыстырады. Біз де саралап көрдік. Сонда байқағанымыз, базар ішінде сәбіз 130 теңгеден сатылып тұр екен. Кей жерлерде 200 теңгеге дейін барады. Саудагерлерден себебін сұрасақ, сорты басқа дейді. Сонымен бірге қырыққабаттың бағасы да 200 теңгеге дейін көтерілген екен, ал картоп 160 теңгеден саудалануда. Мұнда бағасы аспандап тұрған жеміс-жидектер. Мәселен, бір келі алманың өзі 400-450 теңгенің арасында нарықта тұр. Ал қияр 700 теңгеден, қызанақ 1000 теңгеден сатылуда.
Әрине, қымбатшылыққа әртүрлі жағдай әсер етеді. Әсіресе, зейнетақы өсіп, еңбекақы көбейеді десе немесе доллар бағасы көтеріледі деген ақпар тараса болды, нарықта құн құбылып шыға келеді. Бұдан бөлек маусымдық және сақтау шығындарына байланысты да баға өзгеріп отырады. Осы орайда бағаны тырп еткізбей тізеге басатын тұрақтандыру қоры бар екенін айта кеткен жөн. Бұл қор азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Міне, осы қордың ұйымдастыруымен ауданда наурыз айының 4-5, 7-8, 20, 24 күндері картоп, пияз, сәбіз, макарон, пісте майы, ұн өнімдері арзан бағада сатылған еді. Тұрақтандыру қорының үйлестірушісі «Алтын қамба» 85,6 тонна азық-түлік өнімдері мен 1064 литр шемішке майын әкелген болатын. Сол сәтте картоп пен сәбіз – 75 теңгеден, макарон – 2800 теңгеден, жуа – 50-55 теңгеден, қант – 235 теңгеден сатылды. Әмиянын тексеріп сауда жасайтын әлеумет үшін бұл тиімді екені рас. Алдағы уақытта қордың жүйелі жұмысы жалғасын тапса дәтке қуат болып, аудандағы ағайынның базар бағасына алаңдауы азаяр ма еді?

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ




28 наурыз 2020 ж. 563 0