Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Базар нарқы бақылауда тұрса игі (Бейнебаян)

Базар нарқы бақылауда тұрса игі (Бейнебаян)


Жасыратыны жоқ, базардағы азық-түлік бағасы апшыны аракідік қуырады. «Арыстан алыстан ақырса, аттың аяғы шалынады» дегендей зейнетақы өсіп, еңбекақы көбейеді деген ақпар тараса болды нарықта құн құбылып шыға келеді. Одан қалды, маусымдық және сақтау шығындарына байланысты да өзгеріп отырады. Қазіргі таңда әлеумет әмиянын тексеріп, қалтасын қақпайтын жерлерден сауда жасағанды жөн санайды. Әрине, барлығына тиімді орын базар екені бесенеден белгілі. Тұс-тұстан тауарын тұтынушыға ұсынып, келушінің көңілінен шығу үшін саудагер барын салады. Алдында тұрған азық-түліктің бағасын сатып алушының қабағына қарап өзгерте салуы да ықтимал. Кейбіреуі тұтынушының көңілін қимай, тауарынан 5-10 теңге түсірсе, бәзбіреулер жаңалықты қалт жібермей, өнімін лезде қымбаттатып жіберуге әуес. Жаңалық демекші, жыл басында ­ ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге өсті. Халық осы сәтте айлығымыз шайлығымыздан артылатын болды деп бір жағынан қуанса, екінші жағынан базардағы баға да амалдағаны рас. Алайда, қыс мезгілінде базар бағасы бақылаудан шыққан жоқ. Қолда бар дерекке сүйеніп, екі маусымды салыстыратын болсақ қаңтар, ақпан айларында қымбатшылықты көзіміз көрмеді. Ол кезде картоп – 90, сәбіз бен пияз – 80 теңгеге тұрақтап қалған еді. Керісінше қазір екінші нан саналатын өнім – 100, сәбіз – 150-200, жуа 180-200 теңгеге қымбаттаған. Ал қырыққабат қыста 120-150 теңгеден сатылымға түссе, жазғы маусымда 70-80 теңгеге арзандаған. Әлеуметтік маңызы бар тауардың арасында екі мезгілде де есебінен жаңылмаған нан мен өсімдік майы. Нан алты ай бұрын 65 теңгеден сатылса, қазір де сол бағаны көрсетіп тұр. Ал пісте майы екі мезгілде де 350-400 теңгемен тұтынушыға ұсынылып отыр. Ет жыл басында 1250 теңгеге саудаласа, жаз шыға сала бұл көрсеткіш 1500-1550 теңгеге өсті. Екі мезгілдегі қызанақ пен қиярдың бағасы мүлдем бөлек. Қақаған аязда аты аталған көкөністер 800 теңгеге дейін шарықтаса, шіліңгір шілдеде бұл баға 200-130 теңгеге дейін төмендеді.
Бұл жағдайды саудагерлер сұраныстың болу, болмауына байланысты деп түсіндіреді. Күріш те жыл жылжыған сайын бағасы тұрақсызданатын тауарлардың тізімінде. Мәселен, өткен жылы аудандағы ақ күріштің бағасы – 180 теңге болса, биыл 240-300 теңгенің көлемінде.

Арзан баға сатушы үшін де тиімді
Жоғарыда нарық бағасына жауапты ауыл шаруашылығы бөлімі келтірген сандарды сөйлеттік. Ендігі кезекте базардағы бағаға өз көзімізбен барлау жасағымыз келді. Абай атамыз айтпақшы «Базарға қарап тұрсақ, әркім барар». Бірі – тұтынушының, енді бірі – ұсынушының рөлінде. Әйтеуір, не керек ығы-жығы адам. Көптің ішінен суырылып саудагердің қасына таядық. Әуелгіде бізді сатып алушы деп қабылдаған қыз сайрай жөнелді. Кейіннен тілші екенімізді аңғарып, «Мен бұл жерде тек сатушымын» деп өз-өзінен қуыстанды. Сұрағымызды жауапсыз қалдырудың себебін қазбаламай, қарсыдағы егде тартқан кісіні әңгімеге тарттық. Басына ақ жаулық тағынып, келушілердің асты-үстіне түсіп жүрген апаның бұл кәсіппен айналысқанына аз жыл болмағаны байқалып тұр. Біздің болжамымыз дәл келді. Бибіажар Мастекова 10 жылдан бері саудагер екен. Демек, базардағы бағаның жайын осы кісіден артық ешкім біле қоймас.
– Таңның атысы, күннің батысы осы кәсіппен айналысып келемін. Расымен, әр мезгілге байланысты бағалар өзгеріп отырады. Мысалы қызанақ қазір – 200 теңге болса, жаздың соңына дейін одан да арзандайды. Ал қыста тіптен қымбаттап кетеді. Бұл қымбаттаудың себебі тұтынатын өнімдердің сырттан келуінен шығар. Бағаның төмен болғаны өзіме де жақсы. Бір жағынан халық талап алады, екінші жағынан тауарым тез өтеді. Кейде тұтынушыларға 10-20 теңгеден түсіріп беремін. Былайынша айтқанда өзім үстінен 5-10 теңге ғана көремін, – дейді.
Бұл тауарының түгі қалмай өтіп кеткенін қалайтын табыскердің пікірі. Осы жерде жұртшылықтың айтар өтініш-тілегі мен базынасы да бар екенін естен шығармаған абзал.
Бізден бұйымтай
Көпшіліктің көкейінде баға кез келген уақытта тұрақты һәм төмен болса ғой деген арман жатыр. Республикамызда нарықтағы бағаны тырп еткізбей тізеге басатын тұрақтандыру қоры бар. Бұл қор ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 9 қазандағы №1280 қаулысына сәйкес азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Алайда бір «әттеген-айы» бар. Ол қордың тек облыс­тар, республикалық маңызы бар қала аумағында ғана жұмыс істейтіндігі. Осы қордың бірлі-жарымы дәтке қуат беріп, ауданда құрылса игі. Сол сәтте аудандағы ағайынның базар бағасына алаңдауы азаяр ма еді?

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
11 шілде 2019 ж. 2 047 0