Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баға қайда барасың?

Баға қайда барасың?

Қоғамда азық-түлік бағасын реттеп, тұрақтандыру – соңғы жылдары басты назарда тұрған мәселе. Жасыратыны жоқ, базардағы азық-түлік бағасы маусымдық және сақтау шығындарына байланысты өзгеріп отырады. Соған сәйкес, әлеумет әмиянын тексеріп, қалтасына қарай қам жасайды. Барлығы мейлінше арзан жерден сауда жасағанды құп көреді. Осы орайда біз базар бағасын бағамдап көрдік.
Күздің екінші айынан бастап жұртшылық нан бағасының артуына алаңдағаны белгілі. Ас атасының нарықтағы құны бес емес, бірден 10-15 теңгеге жоғарылаған болатын. Мұның себебін ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков арнайы брифинг өткізіп көпшілікке түсіндіргені оқырман есінде деген ойдамыз. Яғни нан қазіргі таңда 75-80 теңгенің арасында сатылуда. Айтпақшы, қараша айының 2 жұлдызында өткен брифингте кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов бұл бағаны тұрақты ұстап қалуға тырысамыз деген болатын. Сонымен бірге бөлім басшысы ас атасын наубайхананың өзінен алса, тұрғындардың қалтасына салмақ түспейтіндігін де мәлімдеген еді.
Егін-терім аяқталып, қамба қызылға толған мезгілде ұнның да бағасы шарықтап шыға келді. Бұған дейін 50 келі ұнның құны 5800-6000 теңгенің арасында саудаланса, қазір ол 6800-7500 теңгенің арасында тұтынушыларға ұсынылуда. Дегенмен базардағы өзге ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны қыркүйек айынан бері өзгеріске ұшырамапты. Бүгінде базар сөресінде көкөністер мен жеміс-жидектердің сан түрі бар. Бұл бір жағынан ала жаздай еңбек етіп, қара жерге қыртыс салған еңбеккерлердің арқасы.
Күз мезгілі басталғалы картоптың келісі 100-120 теңгенің арасында саудаланса, қазір де сол бағада сатылуда. Сол сияқты пияз – 70-100 теңгеден, орамжапырақ – 100-150 теңгеден, сәбіз – 100 теңгенің көлемінде саудалануда. Мұнда Сыр салысының сатылуында ғана өзгеріс байқалады. Себебі, күрішке аудан халқы қыркүйек айында 260-300 теңгенің арасында қаржы жұмсаса, қазір бұл баға 220-280 теңгеге төмендеген. Базар ішіндегі тауарлардың арасында құны құбылып тұратыны сиыр еті. Өйткені, өткен жылы сиыр етінің 1 келісі 1450 теңгеден сатылса, ол қыркүйек айында 1800 теңгенің үстіне шықты. Ал қазір, қараша айында бұл баға 1650-1700 теңгеге төмен түсті.
Ой сорабы: Әне-міне дегенше қақаған қыз есіктен енгелі тұр. Бұл дегеніміз тұрғындардың шығыны екі есеге көбейетіндігін білдіреді. Енді адамдар азық-түліктің ғана емес, отын мен көмірдің де қамын жасайды. Осы тұста жауапты мамандар қыс мезгілі тақағанда саудагерлердің бағаны өсірмеуін қадағаласа екен деген ниет бар. Өйткені, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтар жалақысының 60 па­йызын азық-түлікке жұмсайды екен.

М.БОЛАТҚЫЗЫ

09 қараша 2019 ж. 956 0