Нан қадірін білейік
Елдегі нан бағасының өсуі жұртшылықты алаңдатуда. 5 теңгеге емес, бірден 10-15 теңгеге қымбаттаған ас атасының нарықтағы бағасы неге құбылғаны жөнінде сәрсенбі күні аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әшірбеков пен кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов брифинг барысында түсіндірді.
«Президент Қ.Тоқаев әлеуметтік нан бағасының өсуіне байланысты Үкімет пен әкімдіктерге шұғыл шаралар қабылдауға тапсырма бергені белгілі. Осы орайда, көкейде «Нанның қадірін білеміз бе?» деген сауал туындайды. Қазір «ішкенің – алдыңда, ішпегенің – артыңданың» заманы. Бұрын жерге түскен нанның қиқымын теріп, қасиетті санасақ, қазір қоқыс жәшіктерінің жанынан өте қалсаң, жаның түршігеді. Жағалай шашылған – нан. Енді «нан қымбаттады» деп шуылдап жатырмыз. Жыл басынан бері астық өсіруші өңірлердегі құрғақшылық салдарынан бидай бітік шықпай, астық көлемінің 15 пайызға азаюына әкелді. Қазіргі уақытта осындай жағдай республиканың барлық өңірлерінде орын алып, нанның данасы 10 теңгеге қымбаттаған. Дегенмен, біздің облыс республика көлемінде нан бағасы ең арзан өңірлердің деңгейінде қалатын болады» – деді аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Шайтмағанбетұлы.
Ас атасының дайын өнім ретінде дастарханға келуі үшін қаншама еңбек пен маңдай тер төгіледі. Дәннің қара жерге егілуі мен нанның 280 градусқа ыстық наубайхана ішінде жасалынып, пісуі қажырлы күш-қайратты қажет ететінін ескере бермейтініміз рас. «Арзанның қадірі болмайтыны тәрізді, бидайдың бағасын өмір бойы төмен бағада ұстап тұру да ауыл шаруашылығын өркендетуге кері әсерін тигізеді. Қай шаруа тер төгіп өсірген бидайын арзан бағаға бергісі келсін. Лаж жоқ, баға сондай болған соң, нарықта белгіленген бағаға өткізуге мәжбүр. Содан жер тырнаған диқанның да қай бір шекесі шылқи қойсын?» деді ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы.
Нан бағасы шарықтады дегенді естіген қос сала басшысы ең алдымен наубайханаларды аралап, мәселенің жай-жапсарымен танысқан. Жалпы, аудан көлемінде 21 наубайхана болса, кентте ірі 6 наубайхана жоғары сұрыптағы сапалы нанмен халықты қамтамасыз етіп отыр. Брифингте кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Ғаниұлы «Бағаның өсуіне ұнның қымбаттауы әсер етуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында наубайханаларға 4750 теңгеден Шымкент қаласынан шығатын «Аслан» ұнын ұсындық. Алайда, ұнның сапасына байланысты нанның иленуі де, жабылуы да нашар болады деп наубайханашылар бас тартты. Жалпы, наубайханаларда нан 75 теңгеден босатылуда және бұл бағаны алдағы уақытта да ұстап тұруға тырысамыз. Сондықтан, тұрғындар арнайы наубайханадан алар болса қымбатшылықтың зардабын көре қоймайды. Өйткені, нан дүкен сөрелерінің бірінде 80, енді бірінде 85 теңгеден сатылуда», – деді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ