Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас атасы аспандап тұр

Ас атасы аспандап тұр


Өткен аптадан бастап ауданда нан бағасы қымбаттады. Ауыл шаруашылығы бөлімі ас атасы құнының аспандауын астықтың аз жиналуымен түсіндірді.

Биыл республика бойынша жалпы егіс алқабының көлемі 22,2 млн гектарды құрады. Оның ішінде бидай 6 млн гектар аумаққа себілген. Егіс науқаны оңтайлы мезгілде жүргізіліп, диқандар сапалы құрал, қажетті техникамен қамтылғанымен, биыл солтүстік өңірінің негізгі шаруашылығы – бидай жылдағыдай бітік шықпады. Мамандардың айтуынша, бидайдың өнімділігі орташа есеппен гектарына 4-5 центнерден аспаған. Бұдан бөлек көптеген егістік жерлерінің топырағы құнарсызданған деген ақпарат бар. Тек солтүстіктің бидайы ғана емес, шіліңгір шілденің шектен шыққан ыстығы өзіміздегі қауын-қарбызға да зардабын тигізбей қоймады.
Осылайша жаздың ыстық және құрғақ болуына байланысты солтүстікте биыл өнім жылдағыдан 2 миллион тоннаға кем жиналған. Сол себепті ұнның бағасы әдеттегіден едәуір өскен. Мәселен, бұған дейін 5800-6000 теңгеге алып жүрген 50 келі ұнның бағасы екі жетіден бері базарда 7 мың теңгеге саудалануда.
– Өткен айда 50 келілік бірінші сортты «Тянь-шань» ұнын 5800 теңгеге алған едім. Елдің бәрі қымбаттайды деп шулаған соң бірер күн бұрын ғана зейнетақымды алып, алдымен ұн алайын деп базарға бардым. Сөйтсем бағасы шарықтап үлгеріпті. 100-200 теңге емес. Бірден 1200 теңгеге жоғарылаған. Не де болса заманымыз тыныш, дастарқанымызда нан көп болса екен, – дейді зейнеткер Қадиша апа.
Ұн қымбаттаған соң нанның да құны өсуі заңдылық. Біздің ауданда әлеуметтік нан деп аталатын салмағы 600 грамдық бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған бөлке нанның бағасы 60 теңгеден 70-75 теңгеге дейін жоғарылаған. Ал көрші жатқан Жаңақорған ауданында да ұн бағасы 7 мыңды құраса, кенттің шет аймағында нан бағасы 90 теңгеге дейін шарықтап тұр.Ұн қымбат болған соң, тек нан ғана емес, тоқаш, бәліш, макарон секілді ұннан жасалатын өнімдердің де бағасы арта түсетіні анық.
Нан – берекенің бастауы. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың бір кепілі – тоқшылық. Сондықтан астық мәселесі салғырттықты көтермейді.

Гүлхан ЯХИЯ
19 қазан 2019 ж. 1 726 0