Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Базар бағасына барлау

Базар бағасына барлау

Бірі жан бағып, бірі қарманып, енді бірі жалданып жүрген базар іші. Қыстың ызғарына қарамастан арлы-берлі жүрген адамның қарасы қалың. Дүниенің дүбірге толы екенін білу үшін осы жерде сәл ғана аяңдасаңыз жеткілікті сияқты. Дуылдап тұрған базар ішінде әлеумет әмиянын тексеріп, қалтасын қақпайтын жерлерден сауда жасағысы келетінін аңғару қиын емес. Өйткені, базардағы азық-түлік бағасы аракідік апшыны қуырады. «Арыстан алыстан ақырса, аттың аяғы шалынады» дегендей зейнетақы өсіп, жалақы көбейеді деген ақпар тараса болды, нарықта құн құбылып шыға келеді. Сонымен қатар базар бағасы маусымдық кезеңге байланысты да өзгеріп отырады. Ал кейбір тауарлардың бағасы қанша болатыны саудагердің өз еркінде. Кей саудагер келушінің көңілінен шығу үшін 5-10 теңге түсірсе, бәзбіреулер жаңалықты қалт жібермей, өнімін лезде қымбаттатып жібереді.

Жаңалық демекші, биылдан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек ақысы 25 пайызға, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 35-тен 50 пайызға, ал әлеуметтік сала қызметкерлерінің айлығы 30-дан 60 пайызға өсті. Айтпақшы, 2020 жылы зейнетақының мөлшері де көбейді. Тіпті студенттердің шәкіртақысы да өсіп, халық айлығымыз шайлығымыздан артылатын болды деп бір жағынан қуанды, ал екінші жағынан базардағы баға да амалдады. Алайда, қыс мезгілінде базар бағасы бақылаудан шыққан жоқ. Ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда І сортты ұнның 1 келісі 130-156 теңгенің арасында сатылымға түсуде. Ал қант 190-230 болса, күнбағыс майы 355-400, сиыр еті 1650-1750 теңгеге тұрақтап тұр. Ал картоп – 120, пияз – 100, қырыққабат – 150, сәбіз – 120, жұмыртқа – 26-33 теңгеден сатылуда.
Міне, базар бағасы қысқаша осылай. Жалпы қыс мезгілінде тұрғындардың шығыны екі есеге артады. Өйткені, адамдар азық-түлік ғана емес, көмір мен отынға да қомақты қаржы жұмсайды. Сол себепті жауапты мамандар мен сау­дагерлер базар бағасын бақылаудан шығармай, көпшіліктің қалтасына қонымды қаржыда сатса игі.

М.БОЛАТҚЫЗЫ


22 ақпан 2020 ж. 651 0