Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық пен нарық

Халық пен нарық

Әні-міне дегенше шіліңгір шілдеге де аяқ бастық. Демек базардағы сауда да қарқынды қызуда. Жасыратыны жоқ, базардағы баға да құбылып отырады. Әсіресе, жаз мезгілінде. Әйел заты түрлі тосаптар, салаттар қайнатып, қыс азығын әзірлейтін кезең қымбатшылыққа ұласады. Одан қалса зейнетақы мен жалақыға үстемақы қосылады деген әңгіменің ұшы көрінсе болды, базар бағамы шарықтап шыға келеді. Дегенмен қалың көпшілік қалтаға қонымды жерлерден сауда жасауға тырысады. Осы орайда күнделікті тұтынатын азық-түліктердің қазіргі таңдағы базардағы бағасын бағамдап көрдік.
Ендеше аудандағы нарық бағасына жауапты ауыл шаруашылығы келтірген мәліметтерді ұсынайық. Күнделікті тұтынатын ет – 1760 теңге болса, ал тауық еті – 770 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ дүкен сөрелеріндегі жұмыртқаның бір данасы – 25 теңгеден, қант – 200 теңгеден, тұз – 40 теңгеден, күріш – 240 теңгені көрсетіп тұр. Ал көкөністерге тоқталар болсақ, картоп – 150 теңге, сәбіз – 150 теңге, пияз – 110 теңгені құрайды. Расында, базар – қайнаған қызу тіршілік алаңы. Тиісті сала мамандары берген мәлімет пен базардағы бағаның сәйкестігін білмекке бел байладық. Жиі тұтынатын тағамға қажетті өнімдердің бірі картоп бағасы – 170 теңге десе, пияз бағасы – 130 теңге, ал қант – 220 теңгеден сатылымда тұр. Базар ішін аралаған сайын 5-10 теңгенің айырмасы барын аңғаруға болады. Сондықтан кент тұрғыны Гүлнәр Қозыбай «Ең алдымен базар ішін бір шолып, бағаны салыстырып шығамын» дейді. Иә, базар бағамы бірқалыпты тұрмайды. Оған пандемияның да әсері болса керек-ті. Ендеше біз саралаған базар бағамы қысқаша осылай. Байқағандарыңыздай назарларыңызға тек күнделікті пайдаланатын азық-түліктердің бағасын көрсетуге тырыстық.

Ф.НЫШАНБЕКҚЫЗЫ
08 шілде 2020 ж. 1 021 0