Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Базар бағасында өзгеріс бар ма?

Базар бағасында өзгеріс бар ма?


Биыл қымбатшылық қалтаға салмақ салып тұр. Адамның да, малдың да, тіпті, көліктің де «азығы» бұрынғы бағадан шарықтап кеткен. Бағаның шарықтауынан шаруаның да, кәсіптің де түр-түрі шатқаяқтап қалды. Қызығы сол, адам мен малдың азығының жоғарылауы көлік майының қымбаттауына тікелей байланысты. Жанар-жағар майдың қымбаттауын әрине, бірінші кезекте мұнаймен, одан қалды доллар курсымен байланыстырады. Осылайша бәрі бір-біріне себеп, әйтеуір. Әсіресе, індеттің жайылуы экспорт пен импортқа әсер етіп, сауда-саттықтың, бағаның көтерілуіне, теңгенің құнсыздануына алып келді.
Аудандағы дүкендерді қоспағанда жалғыз ашық аспан астындағы базар бар және ол біреу-ақ. Сондықтан үймелеп, алыс-жақын ауылдың бәрі осы базардың саудасын жүргізеді. Себебі, дүкендерге қарағанда базарда баға сәл-пәл арзан.
«Үйге азық-түлік алайын десең анау қымбат, мынау қымбат» деп шағымданып жүрген тұрғындардың қарасы көп. Содан базар бағасының есебін ауыл шаруашылық бөлімінен алып, одан бөлек базардағы бағаны көзбен көрейік деп аралап шықтық. Нәтижесінде тиісті сала мамандары ұсынған, барлығы 1 килограмдық көрсеткішімен көрсетілген тізімде күріш – 220, ұн – 140, нан – 75-85, рожки – 220, сұйық май – 750, капуста – 100, пияз – 100, сәбіз – 250, картоп – 150, қант – 320, тұз – 47, қарақұмық – 294, сары май – 1000 теңге. Ал мал өнімдері: ет – 1800, сүт – 230, айран – 230, сүзбе – 600. Құс өнімін айтсақ, еті – 850, 10 дана жұмыртқа – 220 теңге.
Базарды аралау барысында күнбағыс майы 5 л – 3900-4000 тг, қанттың 1 кг – 400 тг, сары май – 700-1400, шай – 780-1000, 2 кг рожки – 530, тұз – 50, картоп – 180-200, сәбіз – 250-300, пияз – 150, қызанақ– 150, қияр – 150, жұмыртқа – 350, мал өнімдері: сиыр еті – 1950, қой – 2500, жылқы – 2500, құрт – 3000, сүт – 250, айран – 300тг.
Естеріңізде болса, бұл бағалар жыл басында күрт өсіп қымбаттаған болатын. Әлеуметтік желіде картобы мен сәбізі бар адам ең бай адам ретінде саналып, әзіл сурет қаптаса, базардағы баға қалтаның түбін көрсеткен. 5 литрлік күнбағыс майы 4500 тг болып, картоп пен сәбіздің бағысы 350-ден 700-800 теңгеге дейін көтерілген еді. «Осылай баға көтеріле беретін болса қайтпекпіз?» деп халық біраз дүрліккен. Бірақ, жергілікті егіннің пісуіне байланысты маусымдық баға қайта орнына түсті. Маусымдық баға дейміз ғой, бұл тұрғыда қарбыз бен қауынның да бағасы түсіпті. Ресейдің шекарасы жабық болуына орай, баға тіптен құлдырап кеткен.
Күнделікті тұрмысымызда азық-түлік бағасының жөн-жосықсыз қымбаттауына жол берілмегені мақұл. Әсіресе, тұрғындар жиі тұтынатын ұн, нан, сонымен бірге макарон өнімдері, ет, сүт пен көкөністердің бағасы қолжетімді болғанына не жетсін?!

А.МҰРАТҚЫЗЫ
10 тамыз 2021 ж. 355 0