Көкөніс бағасы көңіл көншіте ме?
Көктем келсе, көңіл жадырайды. Адамдар бұл мезгілде иммундық жүйені барынша қалпына келтіріп, жеміс-жидек пен көкөністі көп тұтынады. Ал мұндай өнімдердің бағасы бүгінде апшыны қуырады. Базарға барсаңыз, бағаның аспандап тұрғанын бірден байқайсыз. Әсіресе, нарықтағы көкөністердің бағасы көңіл қуантпайды. Сонда да сатып алушылар теңге мен тиынды үнемдеп қалуға барынша тырысады. Содан болса керек, әлеумет әмиянын тексеріп, қалтасын қақпайтын жерден сауда жасағанды жақсы көреді. Десек те, мына заманда қолжетімді бағаға іздегеніңді табу қиын-ақ. Сонымен, базар ішіндегі бүгінгі баға қандай?
«Халық айтса, қалт айтпайды» дейді қазақ. Рас. Күні кеше қоғамдық көлік ішінде келе жатып, әйелдердің «азық-түлік бағасы тағы өсіп кетіпті» деген әңгімесін құлақ шалды. Олар жалақы көбеймесе де, азық-түлік бағасының күн сайын қымбаттап жатқанына наразы. «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, көлік ішіндегі күбір-күбір әңгіменің рас-өтірігін білмекке, біз де базар ішіне жол тарттық.
«Халық айтса, қалт айтпайды» дейді қазақ. Рас. Күні кеше қоғамдық көлік ішінде келе жатып, әйелдердің «азық-түлік бағасы тағы өсіп кетіпті» деген әңгімесін құлақ шалды. Олар жалақы көбеймесе де, азық-түлік бағасының күн сайын қымбаттап жатқанына наразы. «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, көлік ішіндегі күбір-күбір әңгіменің рас-өтірігін білмекке, біз де базар ішіне жол тарттық.
Аудан тұрғындарының барлығы келіп, сатушының саудасын қыздырып, қолжетімді бағада қалағанын сатып алатын жері – Әбдіманап Шорабаев базары. Бұл базар – аудан халқы үшін қолайлы әрі қолжетімді. Тұрғындардың «бұл жерде адам жанынан басқаның бәрі сатылады» деп әзілдейтіні бар. Иә, шынында бұл жерден қалағаныңды іздеп таба аласың. Әрине, қалтаңда қаражатың болса... Алайда күн сайын дуылдап тұратын базардағы баға да бұрынғыдай емес. Қара халық солай дейді. Кісі көркін ашатын киімдердің бағасын былай қойғанда, азық-түліктің құны да баяғыдай емес.
Базар ішінде тізіле жайылған жеміс-жидек пен көкөніс сататын орынды жақсы білетін боларсыздар? Міне, дәл осы жерге күн сайын аудан тұрғындары келіп, сатушылардың саудасын қыздырып кетеді.
Көктемгі сауда қызғанымен, өнімдердің бағасы көңіл көншітпейді. Шалғай жерлерден Шиеліге импортталатын қарапайым сәбіздің өзі қымбат. Ал өзімізден шығатын Бестам ауылының былтыр бір келісі 170-тен сатылған картобының қазіргі бағасы 200 теңгеден сатылуда. Бұдан бөлек, өткен жылы 180-нен нарыққа шыққан сәбіз пен қырыққабат та 200 теңгеден сатылады. Ал жуаның ең арзаны 250 теңгені құрап отыр. Бұл жай ғана күнделікті тұтынатын көкөніс бағасы ғана. Қызанақ пен қияр да былтырғыдан әлдеқайда қымбаттаған. Тәбетіңді ашып, асыңа дәм беретін қиярдың келісін бүгінде 800 теңгеден сатып алуға болатын болса, қораптағы қызанақтардың ең жақсысын 1400 теңгеден таба аласыз. Иә, бір қарағанда бұл бағалар қолжетімді көрінгенімен, кәдімгідей қалтаңды қағады. Бұны базардағы саудагерлер де растап отыр.
– Өздеріңіз білетіндей, қазір қымбатшылықтың заманы. Қара халықтың жағдайы жақсарғанымен, күн сайын бәрі қымбаттап жатыр. Қалтаны қақпайтын ақшаға ойлағаныңды сатып алу қиын. Әсіресе, азық-түлік. Көктем шықса, көкөніс те қымбаттап шыға келеді. Күнделікті астың қымбат болғанын кім қалайды дерсіз? Бірақ амал жоқ. Жағдай солай... Мен мына базарда 20 жылдан бері жеміс-жидек, көкөніс сатып келемін. Осы арқылы нәпақамды айырып, бала-шағаны асырап жүрген жайым бар. Базарда отырған сауданың адамы болған соң, бәрін жақсы білемін, халықтың наразылығын да түсінемін. Бүгінде шынында да, бәрі қымбат. Біз оны мойындаймыз. Бірақ ойымызға келген бағаны қоя салмаймыз. Базар ішіндегі көп орындарда бәрібір баға. Барлығы да төменгі бағада орысша айтқанда «оптовый» жерден сатып алады. Үстінен көретініміз, 5-10 тиын ғана. Мәселен, біз сәбіз бен қырыққабатты 180-нен алып, 200 теңгеден сатамыз. Ал картопты 175 теңгеден алып, 200-ден сатамыз. Пияздың да үстінен 20-30 теңге ғана көреміз. Оны бізге «оптовиктер» 220 теңгеден өткізеді. Ал біз оның үстіне 30 теңге қосып сатамыз. Соның өзінде көкөністердің осындай бағасы сатып алушылардың көңілінен шықпайды. Барлығы айлықтан айлыққа күнелтіп отырғандықтан, кейде сауда болу үшін қарызға беріп жатамыз. Олай етпесек тағы болмайды, – дейді саудагер Айгүл Мұсаева.
Иә, біздің жасаған тәжірибеміздің нәтижесі осындай. Базар бағасы анау айтқандай аспандамаса да, қымбатшылықтың лебі сезіледі. Баға былтырғыдай емес. Содан да болар, қара халық күнделікті жейтін ас-ауқат тағы да қымбаттай ма деп алаңдайды. Рас, күн сайын баға өссе, тұрғындардың да көңілі түсері анық. Нарықтың заманында азақ-түліктің қымбаттағаны кімді де болса алаңдатары сөзсіз. Әсіресе, қара халық қымбатшылық үшін қам жейді. Себебі бағаның тұрақтылығы – бұқара үшін бір бақыт.
Сымбат СҰЛТАН