ҚҰС ӨНІМІ ТАҒЫ ДА ҚЫМБАТТАЙ МА?
Базарға барсаңыз, бағаның аспандап тұрғанын бірден байқайсыз. Әсіресе, нарықтағы азық-түлік бағасы апшыны қуырады. Баяғыдай арзаншылық жоқ. Қымбатшылық заман. Сонда да, сатып алушылар теңге мен тиынды үнемдеп қалуға барынша тырысады. Содан болса керек, әлеумет әмиянын тексеріп, қалтасын қақпайтын жерден сауда жасағанды жақсы көреді. Десек те, мына заманда қолжетімді бағаға іздегеніңді табу қиын-ақ. Ас атасынан бастап жұмыртқа бағасына дейін қымбаттаған.
Өткен жылы жұмыртқа бағасы өңірде 55 теңгеден басталып, құны 100 теңгеге дейін шарықтаған болатын. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр жұмыртқа 20 процентке қымбаттаса, қаңтар айында 30 процентке дейін көтерілген. Сарапшылар бұған тапшылық пен жұмыртқаға маусымдық сұраныстың артуы себеп дейді. Ал, биылғы баға қандай? «Күн дыз ете бастап еді, сауда орындары мен дүкен сөрелеріндегі жұмыртқа бағасы 53 теңгеден басталып, 60 теңгеге өсті. Жаз айларында 30 теңгеге сатып алып жүрген жұмыртқаның бағасы жылдам өзгеріп шыға келді.
Өткен жылы жұмыртқа бағасы өңірде 55 теңгеден басталып, құны 100 теңгеге дейін шарықтаған болатын. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр жұмыртқа 20 процентке қымбаттаса, қаңтар айында 30 процентке дейін көтерілген. Сарапшылар бұған тапшылық пен жұмыртқаға маусымдық сұраныстың артуы себеп дейді. Ал, биылғы баға қандай? «Күн дыз ете бастап еді, сауда орындары мен дүкен сөрелеріндегі жұмыртқа бағасы 53 теңгеден басталып, 60 теңгеге өсті. Жаз айларында 30 теңгеге сатып алып жүрген жұмыртқаның бағасы жылдам өзгеріп шыға келді.
Қаңтарда тіпті қымбаттап, «қалтамызға салмақ түседі ме?» деп алаңдаймыз» дейді тұрғындар.
Сонымен, солай дейік. «Мың рет естігенше, бір рет көр» демекші біз де құс өнімінің қымбаттағаны жөнінде ақпаратқа қанық болып, нарықтағы бағаны білмекке базарға қарай жол тарттық. Ақын Фариза Оңғарсынова айтқандай, «базар іші дуылдап тұр». Мұнда қайнаған сауда. Азық-түлік өнімдерін сатып алу үшін қай дүкенге кіруді білмей дал боласың. Бірі қарапайым дүкендер болса, енді бірі «оптовый» орындар. Ең әуелі қол жетімді баға ұсынатын «Арсен» сауда орнына қарай ат басын бұрдық. Ал, мұнда жұмыртқаның бір данасы 55 теңгеден басталады. Былтыр бұл жұмыртқа ауданда 48 теңгеден бастап сатылған. Хош. Ендігі кезек басқа дүкендерде. Сонымен, біз қолжетімді бағадағы біршама сауда орындарын аралауға көштік. Кезек «Қазына» дүкеніне келді. Мұндағы жұмыртқа бағасы да 55 теңгеден. Ал, халық көп баратын «Аrzan market» сауда орталығында да жұмыртқа бағасының бір данасы 55 теңге мен 60 теңге аралығында сатылып жатыр. Бірақ, оның айналасындағы дүкендерде бұл баға 60 теңгеден басталады. Мәселен, «Димаш» дүкеніне әр-түрлі фермалардан жұмыртқа бағасы 55 теңгеден келсе, 58 теңгеден сатылатын көрінеді. Базар ішіндегі баға да 55 теңгеден. Әр түрлі бағадағы бұл құс өнімі түрлі фермалардан келеді. Тұрғындар сырттан әкелінетін жұмыртқаға қарағанда, ауданнан шығатын тауық өнімін сатып алғанды хош көреді.
– Былтырғы 10 айда облыста 6,2 млн жұмыртқа өндірілген. Бір адамға шаққанда 7-8 жұмыртқадан келеді екен. Ал бір адамға жұмыртқаны тұтынудың ұлттық нормасы – 142 дана. Жұмыртқа тұтынудың физиологиялық нормасын ескерсек, өңірде 195,2 млн жұмыртқа өндірілуі тиіс. Ал, бүгінгі өндіріс көлемі бар болғаны 6,2 млн. Қысқасы, өз-өзімізді қамту үшін жұмыртқа өндірісін 31 есе арттыруымыз қажет. Демек, 189 млн жұмыртқа облысқа сырттан тасымалданады. Ал құс шаруашылығын дамыту, жұмыртқа көлемін арттыруда тауық жемінің, дәруменінің қымбаттауы да аяққа тұсау болады, – дейді бұрынғы құс фабрикасының басшысы Насыр Мырзабеков.
– Мен «moldir.cakes» кондитерлік цехтің негізін қалаушымын. Бұл цех 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бізде түрлі кондитерлік өнімдер жасалады. Күн сайын балғын тоқаштар, тәтті бәліштер, тіпті, ең дәмді торттарға дейін сатылымға шығады. Бағасы арзан емес. Себебі, біз сатып алатын өнімнің бәрі қымбат. Азық-түліктің қымбаттағаны кондитерлерге кері әсерін тигізіп жатыр. Былтыр карантин басталғалы бері, баға шарықтап, бизнесіміз де кішігірім кедергілерге де тап болдық. Шынымызды айтсақ, бұл кәсіпте тұралап қалдық. Неге дейсіздер ғой? Себебі, кондитерлік өнімдерге қосылатын қоспаның бәрі қымбат. Қант, май, ұн, тіпті, жұмыртқа бағасы да көңіл көншітпейді. Ал, біз бұл өнімдерсіз кәсібімізді елестете алмаймыз. Қарапайым тоқаш пен бәліштің өзіне кем дегенде 30 жұмыртқа қосамыз. Бізге бір күнде 20 латоктан бастап жұмыртқа керек. Ал, оның бағасы дәл қазір 60 теңге. Сондықтан бізге кондитерлік өнімдерімізді де қымбаттатуға тура келеді. Кез келген кондитерлік дүкендерде торт бағасы 5000 теңгеден бастап, 20 мыңға дейін кете береді. Бізде де солай. Бірақ, қарапайым тұрғындардың мұндай торттарды сатып алуға шамалары келе бермейді. Қолжетімді бағаның болғанын біз де қалаймыз, – дейді Мөлдір Жаңабайқызы.
Аудандық ауыл шаруашылығының берген мәліметіне сүйенсек, өңірдегі жұмыртқа бағасының құны 53 теңгеден басталып тұрған көрінеді. Еліміздегі басқа қалаларда ше? Сараптап көрейік... Мәселен, жұмыртқаның қымбаттығы жағынан Алматы облысы көш бастап тұр. Бұл өңірде жұмыртқаның бір данасы 60 теңгеден басталады. Ал, Астанада 60, Ақтауда 50, Атырау мен Қызылордада 53, Талдықорған 43, Семей 42, Павлодар 40, Шымкент пен Түркістанда 45, Қостанай, Орал, Көкшетау Ақтөбе қалаларында 38 теңгені құрап отыр. Ең арзан жұмыртқа бағаларының үштігіне Қарағанды, Тараз, Петропавл қалалары жайғасқан. Дегенмен, «бұл баға тұрақталып қала ма, әлде қымбаттай ма?» деген сауал бар халықтың көкейінде.
Сымбат СҰЛТАН