БАЗАР БАҒАМЫ: ӨЗГЕРІС БАР МА?

«Арыстан алыстан ақырса, аттың аяғы шалынады» деген бар емес пе? Зейнетақы өсіп, жалақы көбейсе болды, нарықтағы құн құбылып шыға келеді. Сонымен қатар базар бағасы маусымдық кезеңге байланысты да өзгеріп отырады. Ал кейбір тауарлардың бағасы қанша болатыны саудагердің өз еркінде. Кей саудагер келушінің көңілінен шығу үшін 5-10 теңге түсірсе, бәзбіреулер жаңалықты қалт жібермей, өнімін лезде қымбаттатып жібереді.
Иә, әне-міне дегенше қоян жылының екі аптасын да артқа тастадық. Қарасақ, келген жыл жаман басталған жоқ. Сүйіншілейтін, көңілге қонымды жақсы жаңалықтар көп-ақ. Жаңалық демекші, биылдан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек ақысы 25 процентке өсіп, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері де көбейді. Дәстүрге сай қыс мезгілінде де базар бағасы бақылаудан шыққан жоқ. Бірақ бұл жолы бәрі бұрынғыдан өзгерек. Базар бағасын бағамдап көрсек, аспандап тұрған бағалар жоқтың қасы. Яғни, енді қымбатшылық қараша халықты бүйірден қыспайтын сыңайлы.
Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 19 түрі бақылауда. Соның ішінде күріштің келісі орташа есеппен – 350-400 теңгеден, бірінші сортты ұнның 1 келісі – 210-230 теңге болса, нан – 95-100 теңге, картоп – 185-230, пияз – 185-230. Ал қарақұмықтың бағасы – 550-600, құмшекердің келісі – 450, еттің келісі – 2000, тауық етінің келісі – 100-1200 теңгенің арасында сатылымға түсуде.
ТҮЙІН: Міне, базар бағасы қысқаша осылай. Жалпы қыс мезгілінде тұрғындардың шығыны екі есеге артады. Өйткені әлеумет азық-түлікке ғана емес, көмір мен отынға да қомақты қаржы жұмсайды. Сол себепті жауапты мамандар мен саудагерлер базар бағасын бақылаудан шығармай, көпшіліктің қалтасына қонымды қаржыда сатса игі.
Сұлушаш МАДИЯРОВА
Сұлушаш МАДИЯРОВА