Базар бағасы қандай?
Жасыратыны жоқ, базардағы азық-түлік бағасы аракідік апшыны қуырады. Маусымдық және сақтау шараларына байланысты мың құбылады. Содан болса керек, әлеумет әмиянын тексеріп, қалтасын қақпайтын жерден сауда жасайды. Осы орайда барлығына тиімді орын базар екені бесенеден белгілі. Тұс-тұстан тауарын тұтынушыға ұсынып, келушінің көңілінен шығу үшін саудагер барын салады. Алдында тұрған азық-түліктің бағасын сатып алушының қабағына қарап өзгерте салуы да ғажап емес. Кейбіреуі тұтынушының көңілін қимай, тауарынан 5-10 теңге түсірсе, бәзбіреулер жаңалықты қалт жібермей, өнімін лезде қымбаттатып жіберуге әуес. Қысқасы, базардағы заттың қожасы – саудагер.
Жаңалық демекші, елімізде карантин жарияланған алғашқы айларда лимон, зімбір және сарымсақтың бағасы «аспандап» кеткені мәлім. Көпшілік осы заттарды коронавирустан құтқарады деп сенді ме, әйтеуір бағасына қарамай қалтаға салып жатты. Бір қызығы, адыраспан бағасының өзі шарықтап кетті. Бірақ қазір бұл өнімдердің бағасы бәз-баяғыша. Яғни, лимон мен зімбір бұрынғыдай 150-200 теңгеге тұрақтаса, сарымсақ та 100 теңгенің көлемінде сатылуда. Алайда, көпшіліктің айтуынша, биыл жеміс-жидектің бағасы төмендемей тұр. Әдетте мұндай өнімдер қыста қымбаттап, жазда арзандаушы еді. Енді халықтың «баға бір түссе, жазда түседі-ау» деген үміті ақталмай тұр.
Жаңалық демекші, елімізде карантин жарияланған алғашқы айларда лимон, зімбір және сарымсақтың бағасы «аспандап» кеткені мәлім. Көпшілік осы заттарды коронавирустан құтқарады деп сенді ме, әйтеуір бағасына қарамай қалтаға салып жатты. Бір қызығы, адыраспан бағасының өзі шарықтап кетті. Бірақ қазір бұл өнімдердің бағасы бәз-баяғыша. Яғни, лимон мен зімбір бұрынғыдай 150-200 теңгеге тұрақтаса, сарымсақ та 100 теңгенің көлемінде сатылуда. Алайда, көпшіліктің айтуынша, биыл жеміс-жидектің бағасы төмендемей тұр. Әдетте мұндай өнімдер қыста қымбаттап, жазда арзандаушы еді. Енді халықтың «баға бір түссе, жазда түседі-ау» деген үміті ақталмай тұр.
Мәселен, қазіргі күні алманың 1 келісі 400 теңгеден саудаланса, жүзім 600-800 теңгенің арасында сатылуда, ал қара өріктің бағасы 405 теңгені құрайды. «Қыстың қамын жазда ойла» дегендей қазір қыз-келіншектердің барлығы қыстың қамына кіріскен. Жемістен тосап пен компот жасаса, көкөністерден салат басады. Алайда, тосап пен компот басу үшін жұртшылық жемістің бағасы төмендегенін әлі тосуда. Базар бағасына барлау жасасақ тәтті бұрыш 200 теңге, сәбіз бен картоп 180 теңгеден сөреге қойылыпты, мұнда пияз – 100 теңге, картоп – 150 теңгеден саудалануда. Ал қияр – 200 теңге болса, қызанақ – 150 теңге. Бір қызығы, базардың әр жеріне барсаңыз бағаның да әртүрлі екенін байқайсыз. Сірә, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегеннің кебін киіп отырғандаймыз. Оның үстіне сатушылар тауардың түрі мен түсіне қарап, бағаны да алмастырады. Мәселен, сәбіздің сырты жуылып, тазартылғаны 180 теңге болса, топырағымен сол күйі сатылымға қойылғаны 150 теңге. Қияр да солай. Егер түрі келіскен, салат басуға ыңғайлысын іздесеңіз 180-200 теңгенің арасында таба аласыз, ал іші босап, сақталған жағдайы өзіне сай еместері одан арзан. Әрине, барлығы тауардың дәмі де, түрі де көңілге қонымды болғанын қалайды. Сондықтан 5-10 теңгені айырмашылық санамай, қымбатын алуға тырысады. Бұл қарапайым мысал. Барлығымыздың басымыздан күнде өтіп жатыр. Бірақ «Теңгені тиын құрайды» дегендей кейін азық-түлік үшін қалтамыздан қанша қаржы қағылғанын байқамай да қаламыз.
Еліміздегі пандемия тұрғындарға әжептәуір әсер етті. Кейбіреуінің тұрмысын тұралатып, кәсібін тоқтатты. Сол себепті адамдар ақшасын азық-түлікке ғана жұмсауға мәжбүр. Бұрынғыдай «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңда» деп жүрген ешкімді көрмейсіз. Барлығы бала-шағаның қамын жасаумен әлек. Сондай жандардың бірі – көпбалалы ана Жайна Перімбетқызы. Карантинге байланысты Жайна қазір үйіндегі жалғыз жұмыс істеуші.Отбасының басқа мүшелері бір реттік жәрдемақыны алса да, қаржының көп бөлігі азық-түлікке кететінін айтуда.
– Карантин болғандықтан ешқайда барып жатқан жоқпыз. Шыны керек, тапқан-таянғанымыздың барлығы ас-ауқатқа жұмсалуда. Айлығымның тең жартысына тамақ аламын. Қалғандары да күнделікті ішіп-жейтінге арналады. Оның үстіне қазір такси қызметі де қымбаттады. Көпбалалы болғандықтан бір нан мен бір тамақты ғана емес, әртүрлі нәрсе жегісі келеді. Дәл қазіргі уақытта иммунитетті көтеру керек дейді, ал жеміс-жидектер әлі қымбат. Сондықтан ұн өнімдерін өзім қолдан пісіремін, қалған азық-түлікті базардан аламын, – дейді аудан тұрғыны.
Тұрғындардың дені тапқан табысының басым бөлігін азық-түлікке жұмсайтыны белгілі. Қолына жалақы тиісімен-ақ үйдегі жоқты түгендеуге кіріседі. Бірақ барлығының көкейінде «Айлығым шайлығымнан артылса екен» деген тілек те болатыны жасырын емес. Сол себепті базар бағасы арзандаса екен деген халық тілегі өзгермейді.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ