ҚОЮ ТҮТІН ҚҰРСАУЫНАН ҚҰТЫЛҒАН
Соңғы уақытта елімізде елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұрындары от жағып, күл шығарып жүрген шалғайдағы ауылдар біртіндеп көгілдір отынға қол жеткізіп, қаладағы ағайынмен деңгейлесіп қалды.
Ал, Шиелі ауданында елді мекендерді газдандыру жұмыстары 2018 жылы даңғайыр дихан Ыбырай Жақаев атындағы ауылда басталғанды.
Ал, Шиелі ауданында елді мекендерді газдандыру жұмыстары 2018 жылы даңғайыр дихан Ыбырай Жақаев атындағы ауылда басталғанды.
Одан соң бұл жұмыстар Бидайкөл, Байсын ауылдарында жалғасын тауып, аталған ауылдар көгілдір отынға қосылды. Сол сәтте көршілес Керделінің тұрғындары бұл жаңалыққа іштей қызыға да, қызғана қарап қалғаны жасырын емес.
Көптің тілегі қабыл болды ма әйтеуір, дүйсенбі күні Нартай Бекежанов ауылының тұрғындары асыға күткен көгілдір отынның тұсауы кесілді. 2020 жылдың желтоқсан айында басталған құрылыс-монтаж жұмыстары 9 айға созылып, 504 тұрғын үй табиғи газға қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Нариман Әскербекұлы, аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Әлиасқарұлы, аудан әкімінің орынбасарлары және құрылыс бөлімінің мамандары қатысып, қуанышты жаңалықты елмен бөлісті. Алғаш болып сөз алған аудан әкімі «Баршаңызды ауыл тіршілігіне тың тыныс берер, халықтың тұрмыс сапасының артуына септігі мол серпінді жобаның бірі – Керделі ауылдық округін көгілдір отынға қосу жұмыстарының аяқталуымен құттықтаймын! Елбасы Н.Назарбаев пен президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатының арқасында ауданымыз күннен күнге көркейіп, гүлденіп келеді. Мұның бір дәлелі аудандағы бірнеше елді мекеннің көгілді отынға қосылуы дер едім. Қазіргі таңда Шиелі кенті мен Бәйтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл ауылдық округтері көгілді отынға қосылса, бүгінгі күні Нартай Бекежанов ауылындағы 504 үйге газ кірді. Жақын арада Ш. Қодаманов ауылдық округіне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында табиғи газ жүйесі қосылып, 525 үй көмір жағу бейнетінен құтылатын болады», – деп тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті. Одан соң ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Абай Баукенұлы сөз алып, осынау игілікті іске ат салысқан барша азаматтарға алғысын білдірді. «Қаншама жылдар бойы бізге арман болған көгілдір отынның қартайған шағымызда қызығын, қызуын көруге жазған Аллаға мыңда бір шүкір, елім дейтін азаматтар барда, ерім дейтін ел бар» деп, ақсақал қуанышын жасырмады. Бата – халық қазынасы демекші, салтанатты шара ауыл ақсақалы Құрбан Оспановтың ақ батасымен түйінделді.
Құлақ қағыс! Алдағы уақытта «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында Ақмая және Алғабас ауылдық округтеріне газ құбырын жүргізу жұмыстары басталмақ. Бұл жұмыстарға 745 млн теңге қаражат та бөлініп қойған. Мұнан бөлек Бестам, Ақтоған Жиделіарық, Еңбекші, Алмалы, Телікөл елді мекені тұрғындарының көгілдір отынның игілігін көретін шағы алыс емес.
Рамазан ӘНӘПИЯ