КӨПШІЛІКТІҢ ТІЛЕГІ – КӨГІЛДІР ОТЫН
Соңғы уақытта елімізде елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұрындары от жағып, күл шығарып жүрген шалғайдағы ауылдар біртіндеп көгілдір отынға қол жеткізіп келеді. Шиелілік әлеуметтің әлеуетін жақсарту жолында ауданға қарасты елді мекен жұртшылығын көгілдір отынмен қамтамасыз ету де басты мәселелердің біріне айналуда. Сондықтан да ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстарына өңір басшылығы баса назар аударып, халықтың көгілдір отынмен қамтамасыз етілуіне айрықша көңіл бөліп келеді.
Бұған дейін кенттен бөлек Бидайкөл мен Ы.Жақаевтың жұрты от жағып, күл шығаратын қым-қуыт тіршіліктен арылып, газдың игілігін көріп үлгерді. Дәл қазір Жаңатұрмыс ауылына газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамыр айының 20-на басталған құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарға сәйкес қазан айының соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұйырса байсындық ағайын биылғы қысты көгілдір отынмен қарсы алмақ. Мердігер мекеме «Сапақ» өндірістік кооперативі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 25 адамды жұмыспен қамтыған. Газ жүргізу жұмыстарына бас-аяғы 204 575 мың теңге қаржы жұмсалып отыр.
Бұған дейін кенттен бөлек Бидайкөл мен Ы.Жақаевтың жұрты от жағып, күл шығаратын қым-қуыт тіршіліктен арылып, газдың игілігін көріп үлгерді. Дәл қазір Жаңатұрмыс ауылына газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамыр айының 20-на басталған құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарға сәйкес қазан айының соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұйырса байсындық ағайын биылғы қысты көгілдір отынмен қарсы алмақ. Мердігер мекеме «Сапақ» өндірістік кооперативі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 25 адамды жұмыспен қамтыған. Газ жүргізу жұмыстарына бас-аяғы 204 575 мың теңге қаржы жұмсалып отыр.
Енді көгілдір отынның келуін тағатсыздана күткен Н.Бекежанов жұрты үшін де қуанышты хабардың ауылы алыс емес. Дәл қазір елді мекенге газ кіргізу жұмыстарымен айналысатын мердігерді анықтау үшін тендер жарияланған. Бастапқы жұмыстарына аудандық бюджеттен 300 мың теңге көлемінде қаржы қаралып отыр. Жеңімпаз анықталысымен, құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде. Осылайша бірнеше айда нартайлықтар да көгілдір отынның рахатын көретін болады.
Нартай ауылынан бөлек Ш.Қодаманов, Ақмая, Алғабас елді мекендеріне газ жүргізу үшін жоба сметалық құжаттары әзір. Десе де, жұмыс нақты қашан басталатыны әлі белгісіз. Негізінде заңға сәйкес жоба сметалық құжаты дайындалғаннан кейін 2 жыл мерзімде құрылыс басталуы қажет. Өйтпегенде құжаттағы сызба жарамсыз болып, қайта жасауға тура келеді. Сондықтан жоғарыда аталған ауылдар көп кешікпей көгілдір отынның шарапатын көреді деп сенеміз.
Елбасының стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асырып, дамыған мемлекеттер қатарына қосылу жолында жасалып жатқан жұмыстардың маңызды бір саласы осы газдандыру мәселесіне тірелері сөзсіз. Аймақтарға көгілдір отынның келуі осыған дейін от жағып, көмір тасып, күл шығарудың машақатын көрген тұрғындардың тұрмысын жеңілдетумен қатар табиғаттың зиянды түтіннен тазарып, экологияның жақсаруына да ықпалын тигізері айтпаса да белгілі. Ең бастысы газ бен көмір қалдықтарының арасындағы айырмашылық 10 есеге дейін жетеді. Яғни, газ тартылған соң ауада зиянды қалдықтардың таралуы 10 есеге азаяды.
Иә, түптеп келгенде көгілдір отынның жүргізілуі елді мекеннің еңсесін тіктейді. Бұл күнді шалғайдағы ауыл халқы тағатсыздана күтіп жүр. Енді отын тасып, күл шығарған бейнеттен арылатын сәт Еңбекші, Жиделіарық, Бестам, Досбол датқа, Алмалы жән Ә.Тәжібаев ауылдарының тұрғындарына да бұйырмақ. Дәл қазір аталған елді мекендерге тартылатын құбырдың жоба сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Газдың келуі тұрғындарды пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймасы анық. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз.
Әлбетте, мыңдаған шақырымнан құбыр тарту оңай болмасы анық. Өңірімізге бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының арқасында келген газдың игілігінен құр қалмай, әр тұрғынның үйінде көгілдір отынның жанғаны екі жақты тиімді.
Көгілдір отын – ел өміріне береке, табыс, шуақ әкеледі. Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына да үлкен серпін береді. Ұлы Даланың қуаты, сондай-ақ, мемлекеттік ауқымдағы бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызады.
Гүлхан ЯХИЯ