БЕЛКӨЛ КЕНТІ ГАЗДАНДЫРЫЛДЫ
ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңындағы үлкен қуанышты жаңалығымыздың бірі, Белкөл кентінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді.
Бұған дейін ең өзекті мәселелердің бірі болып келген Белкөл кентін газдандыруға жыл басында облыстық бюджеттен 378 млн. теңге қаралған болатын, осы қаржыға 26 шақырым газ құбыры тартылып, 630 үйге көгілдір отын қосылды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кент тұрғындарын және бүгінгі айтулы қуаныштарымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
«Соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғындарға жайлы жағдай жасауға бағытталған сумен және газбен жабдықтау, жол құрылысы т.б. ауқымды жобалар жүзеге асты. Бұған дейін Тасбөгет, Қызылжарма және Талсуат елді мекендері газдандырылды, ал бүгін біз Белкөл кентін көгілдір отынға қосамыз. Мұндай ірі жобалардың жүзеге асуы ең алдымен Тәуелсіздіктің және Елбасының қолдауының нәтижесінде мүмкін болды. Сіздерді мерейлі мерекемен және көптен күткен газға қосылуларыңызбен құттықтаймын. Табиғи отын халықтың игілігіне қызмет етсін!», - деді Қ. Көшербаев.
Жалпы, соңғы жылдары қалаға қарасты елді мекендерді газдандыру бағытында қарқынды шаралар қабылдануда.
Мысалы, 2015 жылы қалаға қарасты Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округінде газдандыру жұмыстарына 2 млрд 156,9 млн. теңге бөлініп, 115,4 шақырым газ құбырының құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп, осы жұмыстардың аясында 4 мыңнан аса тұрғын үйлер газбен қамтылған болатын.
Былтырғы жылы, Талсуат ауылдық округін және елді мекенде орналасқан үш әлеуметтік нысандарын газдандыру үшін облыстық бюджеттен 271,2 млн.теңге қаржы қаралып, нәтижесінде Талсуат ауылдық округі бойынша 31,5 шақырым газ құбырлары тартылып, 2 мың 365 ауыл тұрғындарының қуанышына орай 500-ге жуық үй табиғи газбен қамтамасыз етілді.