Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » жаңа әкім – жұмысқа жаңа қарқын

жаңа әкім – жұмысқа жаңа қарқын

Кеше облыс әкімі Қ.Көшербаев Шиеліге арнайы жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткізілген актив отырысында үш жарым жыл Шиелі ауданының әкімі болып, абыройлы қызмет атқарған Қ.Сәрсенбаевты Жалағаш ауданының әкімі етіп тағайындағанын атап өтті.
Ал, бұған дейін аудандық мәслихат хатшысы болып, еселі еңбек етіп келе жатқан Ә.Оразбекұлы ҚР Президенті Әкімшілігінің және Шиелі аудандық мәслихат келісімінің негізінде Шиелі ауданының әкімі болып тағайындалды.Барлық сала басшылары, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен аудан ардагерлері қатысқан жиында сөз алған аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы: – 2014 жылдан бері Шиелі ауданының әкімі болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, көптеген жетістікке жетіп, өңірдегі әлеуметтік-өндірістік жобалардың жүзеге асуына жанын сала жүгіріп еңбек еткен Қайратбек Әубәкірұлына ризашылығымды білдіремін. Бұл жылдары Шиелі жаңару, жасару кезеңін бастан кешті деп айта аламыз. Бір ғана жобалық құны 6 млрд. теңгелік аудандық аурухана құрылысының шешімі табылғанын айтсақ та жеткілікті. Мемлекеттік реформаларды, бағдарламаларды дер кезінде орындауда қарым-қабілетінің жоғары екендігін танытты. Осы жұмыстары еленіп, Жалағаш ауданына әкім етіп тағайындап отырмыз. Ол ауданда да бірқатар қордаланған мәселелер бар. Сол мәселелерді Қайратбек Әубәкірұлы осындағы жинақтаған тәжірибесінің негізінде шешеді деп санаймын. Енді Шиеліде қолға алынған коллекторлар проблемасы мен теміржол өткеліндегі кептеліс мәселесін оңтайлы шешу жобалары алдағы уақытта іске асады деп сенемін. Бүгін ҚР Президент Әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың келісімімен Әшім Оразбекұлын аудан әкімі етіп тағайындау туралы Өкімге қол қойдым. Қайратбек Әубәкірұлы кезеңінде басталған іргелі жобалар жалғасын табады деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Ауданды басқарған жылдары толымды тірліктерімен Шиеліні көркейтіп, біраз жетістіктерге қол жеткізген Қ.Әубәкір­ұлы да сөз алып, Жалағаш ауданы әкімі етіп тағайындаған сенімнің үдесінен шығатындығын айтты. Ол өз сөзінде: – «Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Осыдан үш жарым жыл бұрын Шиелі ауданы әкімдігіне қызметке келдім. Сол кезде аудан ардагерлері маған «даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың елі ауылшаруашылығында тоқырап тұр. Осы мәселені шешу керек» деген ұсыныстарын білдірген еді. Содан кейін өз қолдауыңызбен бұл саланы ілгерілету үшін жұмыстар жасалды. Сырдария өзеніне құны миллиардтаған теңгелік су тоспасы салынды. Кепілге кеткен шаруашылық жерлері диқан қауымына қайтарылды. Сіздің тікелей қолдауыңызбен басқа да әлеуметтік-өндірістік салаларға инвестициялар тартылып, қаржылар салынды. Құрылыс жұмыстары қарқын алып, Шиелі көркейді. Ауылшаруашылығы бойынша облыста үздік, чемпион атандық. Бұл жұмыстардың барлығында осындағы азаматтар, аудан ардагерлері маған қосымша қолдау білдіріп отырды. Мен өзімді Шиелінің бір баласы сезіндім. Осы елге қашанда ыстық ықыласым сарқылмақ емес. Барша Шиелі халқына, маған қолдау білдірген азаматтарға рақмет айтамын, – деді.
Ауданға жаңадан тағайындалған әкім Әшім Оразбекұлы да облыс басшысына білдірген сенімін ақтайтындығын айтты. Осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстарынан жинақтаған барлық тәжірибесін іске қосып, Шиелінің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды ілгерілете беретіндігін жеткізді.
Аудан ардагерлері атынан Пердәлі Архабаев ортаға шығып, Қырымбек Елеуұлына облыстың экономикалық-әлеуметтік-өндірістік әлеуетін арттыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға беретіндігін, Қызылорданың шын мәнінде көркейгендігін, іргелі істер, толымды тірліктер жасалған Сырдың бас қаласы жайнап, жасара түскендігін тілге тиек етті.
– Бүгін біздің ауданға мақсатты жұмыспен келіп отырсыз. Үш жарым жыл бұрын Қ.Әубәкірұлына сенім білдіріп, біздің ауданға әкім етіп әкелгеніңізде «Құдай қаласа, барлық ауылдарды аралап, хал-ахуалын көзбен көріп, түйінді мәселенің шешімін табамыз» – деген едіңіз. Сол сөзіңізді іс-жүзінде жүзеге асырдыңыз. Бір Шиелі ауданының өзінде барлық-дерлік ауылдық округтердің жол, су, жарық, әлеуметтік қызмет көрсету орындары, мектеп, мәдениет үйлері мәселесі шешімін тапты. Өзіміздің ортамыздан, жергілікті кадрды көтеру мақсатында, ауданның азаматы, Шиелінің көркейіп, өсіп-өнуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан, жылы жүзді Әшім баламыздың әкім болып тағайындалғанын естіп-көріп қуанып отырмыз. Біз барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сіз сенім білдірген әкімнің айналасында топтасып, бұған дейін жасалып келе жатқан жұмыстардың, іргелі жобалардың әрі қарай тоқтап қалмай жанданып, жұмыс жасауына жұмыламыз, – деді мұқым ақсақал, ардагерлер атынан сөз алған Пердәлі Сейдахметұлы.
Аймақ басшысы Қ.Көшербаев жиынды қорытындылап, жаңа тағайындалған әкімге «Тізгінді қолға ұстағаннан кейін, оның жауапкершілігін терең сезіну керек.Елдің, халықтың сенімінен шығып, жаңа әкім жұмысына жаңа қарқын беруі қажет» – деп алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Н.Сәдуақасұлы.
16 қараша 2017 ж. 1 691 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031