Тіршілікке көрік берген КӨГІЛДІР ОТЫН
Әлемдік энергетикада «көгілдір отынның» маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болмасын даму деңгейінің көрсеткіші.
Көптеген дамыған елдердің өз энергетикасында көмірден газға дейінгі өрлеу жолын жүріп өткені бекер емес. Бұл негізінен Еуропа, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея басынан кешірген құбылыс. Көмірмен салыстырғанда, газ қоры жер бетінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан оны өндіру мен тұтынушыға жеткізу аса ірі инфрақұрылымды қажет етеді.
«Көгілдір отынның» қажеттілігі күн санап артуда. Әсіресе көмір бағасының жыл сайын шарықтауы ауылдағы ағайынға ауырлық туғызып жатқаны анық. Қазіргі кезде газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру жұмысы қолға алынып, соған сәйкес қажетті қаржы сомасы да қарастырылып жатыр.
Бүгінгі таңда кент бойынша 5 мыңнан аса тұрғын үй, 160 ірі кәсіпорын мен 110 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары табиғи газдың игілігін сезінуде.Олардың қатарына 9 білім мекемесін қосып қойыңыз. Иә, байқағаныңыздай кентке газ әлдеқашан келіп қойғанымен біраз мектептер әлі күнге көмірді пайдаланып отыр. Мұның себебін аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дана Аман:
– Білім ордаларындағы жылу қазандығы талапқа сай келмейді. Осыған орай биыл бірқатар мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жыл соңына қарай кенттегі білім мекемелері түгелдей дерлік көгілдір отынмен қамтылатын болады, – деп түсіндірді.
Жуырда кентке іргелес Ы.Жақаев ауылы да табиғи газға қосылды. Қазіргі таңда елді мекендегі 120 тұрғын үй көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Бірер күн бұрын ғана Бидайкөлге де газ кіргенін хабарлаған едік. Ауыл халқы енді көмір тасып, күл шығармайтынына дән риза. Соңғы дерек бойынша мұндағы 27 тұрғын «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне құжатын өткізіп, табиғи газ қосылғалы тұр. Алдағы уақытта аталған екі ауылдағы мектептер мен мекемелерді көгілдір отынға қосу үшін алғышарттары әзірленуде.
Ауылдарға газ тарту жұмысы мұнымен бәсеңдемейді. Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек жыл соңына дейін кезегін күтіп тұрған шаруа көп. Мәселен кентке жақын орналасқан Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Алғабас, Жаңатұрмыс ауылдарына газ тарту жұмыстарының жобасы жасалынып, жуық арада әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұнан өзге Ақмая ауылында да шаруашылық төрағасы Д.Жұмбековтың бастамасымен көгілдір отын тарту мәселесі шешімін тапқалы тұр. Осы орайда тіректі ауылдар да назардан тыс қалмайтынын айт кеткен жөн. Жоғары да аталған шығыс беткейде орналасқан ауылдар Төңкерістің тұсындағы газ қазандығы арқылы көгілдір отынды тұтынатын болса, Сұлутөбе, Тартоғай, Бәйгеқұм, Бала би ауылдары үшін арнайы қазандық қажет. Қазіргі уақытта бұл мәселе арнайы комиссияға ұсынылған. Мақұлданса, облыстық бюджеттің қарауына жіберілмек.
Экономика мен тұрғындардың тіршілігінде газ тұтынуды ұлғайтуда еліміздің әлеуеті зор. Бұл да мемлекетімізді дамыту стратегиясының маңызды бір бөлігі. Осындай зор мүмкіндіктерді пайдалану саясаты жоғары деңгейде жүргізіліп келеді деуге негіз.
Облыс бойынша Шиелі ауданы елді мекендерге газ тарту жұмыстары бойынша көш бастап тұрған бірден-бір өңір екендігін атап көрсеткендігіміз жөн.
Гүлхан ЯХИЯ.