Көгілдір отынды көпшілік күтеді

Бүгінде Шиелі ауданы Шиелі кенті, Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов секілді 6 елді мекенге газ құбыры жүргізіліп, тұрғындар от жағу машақатынан арылды. Шиелі кенті бойынша газ кіргізуге тиісті 7574 тұрғын үйдің 6424-і, Ы.Жақаев елді мекенінде 468, Бидайкөл елді мекенінде 300, Байсын елді мекенінде 110 тұрғын үй газ пайдаланып отыр. Кенттегі 5 ірі кәсіпорын, 215 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары, 24 әлеуметтік сала ғимараттарының жылу жүйелері газға ауыстырылған. Басқа отын түрлеріне қарағанда газдың экологиялық жағынан таза, қызуы жоғары, жану үдерісін механикаландыруға және автоматтандыруға ыңғайлылығы сияқты бірқатар артықшылығы бар екені белгілі.
Жалпы көгілдір отынды пайдаланушылар саны жылдан-жылға үздіксіз өсу үстінде. Ірі ауылдардың дені табиғи газға қол жеткізді. Ендігі кезекте Бестам, Досбол Датқа, Еңбекші, Жиделіарық, Ақмая, Алғабас, сияқты ауылдарға газ құбырын жүргізуге қажетті 2 млрд 102 млн теңгенің қаралуына бюджеттік өтінімдер тапсырылды. Алайда, аталған ауылдардың көгілдір отыны қашан жетері әлі белгісіз. Бұған жауапты мамандардан ақпаратты білмекке жұмыс орнына апта бойы хабарласқанымызбен тұтқаны көтермеді. Болмаған соң, сала басшысы Дана Аманның жеке ұялысына қоңырау шалып, әзер тілдестік. Осыншалықты уақыт күткендегі жауабымызға «қаражат бөлінген жоқ» деп қысқа қайырды. Ал, егер жауапты маман халыққа толық әрі нақты ақпарат бергісі келсе, газеттің келесі санына жауабын жариялауға әзірміз.
С.СЕРІКҚЫЗЫ