Жүйелі жұмыс – өркендеу өрісі
Аптаның екінші күні аудан әкімі Ә.Оразбекұлының ауылдарға есеп беру жиыны Ы.Жақаев, Бидайкөл, Қарғалы ауылдық округтерінде өтті. Өткен жылы аудан көлемінде атқарылған еселі еңбектің есебін тыңдауға аудандық мәслихат хатшысы, депутаттары, «Нұр отан» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының орынбасары және тиісті мекемелер мен дербес бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты. Бұл күнгі басқосудың бісмілләсі екі рет Социалистік Еңбек Ері, дала академигі атанған Ы.Жақаев ауылында басталды.
Ауылдағы қоғамдық-саяси ахуал, тәртіп, ұрлық мәселелері жөнінде алғашқы баяндаманы оқуға Иіркөл ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы Олжас Ратаев мінбеге көтерілді. Полиция инспекторының айтуынша, елді мекенде былтыр қылмыстың алдын алу бағытында біршама жұмыстар атқарылған. Аймақтағы қоғамдық тәртіп те бір жөнге келіп, бүгінгі таңда мал ұрлығына қатысы бар деген күдіктілерді анықтау үшін түрлі іс-шаралар жүріп жатыр екен. Осыдан кейін, Иіркөл ауылдық округінің 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және алдағы атқарылатын жұмыстары жайлы ауыл әкімі С.Монтаев халық алдында қорытынды есебін берді. Иә, Ы.Жақаев ауылы Шиелі кентіне жақын орналасқан елді мекендердің бірі екені белгілі. Жалпы, жер көлемі – 20265 гектарды құрайтын диқан баба ауылында бүгінгі таңда егін егуге қолайлы 2078 гектар жер бар. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы егін шаруашылығына екі шаруа қожалығы 700 мың теңге, «Наурыз-дем» несие серіктестігі арқылы 2 шаруа қожалық 18800,0 мың теңге қаржы алған. Қазіргі таңда ауылда 2630 бас мүйізді ірі қара, 1005 бас уақ мал, 1000 құс, 284 бас жылқы бар.
Иіркөлдіктер үшін ит жылындағы ең қуанышты жаңалық, елді мекенге өткен жылдан бастап табиғи газ жүргізілген. Осы күні 23 отбасы көк отынның кереметін көріп, үйге көмір тасып, от жағу машақатынан алаңсыз ажыраған. Ал, қалған тұрғын үйлер табиғи газға қосылуға қарқынды кірісіп, келіп тұрған көгілдір отынды шаңырақтарына кіргізіп алуға жұмыс жасап жатыр. Ы.Жақаев ауылы аудандағы алдыңғы қатарлы ауылдардың бірі екендігі сөзсіз. Ендігі кезекте ауыл әкімдігі елді мекенді көркейту-көгалдандыруға баса көңіл бөліп, аумақты абаттандыруға күш салуды жоспарлап отыр екен. Лайым берекелі істері нәтижелі көрініс таба берсін.
Күн бесінге жақындаған тұста аудан әкімі бастаған делегация кенттің тағы бір көршісі Бидайкөл ауылдық округіне атбасын бұрды. Мұнда әуелі, ауылдық учаскелік полиция инспекторы Қ.Ермаханов пен ауыл әкімі А.Жандарбековтың есебі тыңдалып, одан кейін аудан әкімі Ә.Оразбекұлының Шиелі ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен одан әрі дамуының негізгі бағыттары туралы баяндамасы тыңдалды. 702 түтіні бар бұл ауылда бүгін де 3918 жан тіршілік етіп, ауыл мен ауданның, қала берді тұтас республиканың дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Мәселен, 2018 жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы бойынша жұмыс іздеуші ретінде 108 тұрғын тіркеліп, 54 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, 9 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Естеріңізде болса, Елбасының биылғы Жолдауында индустриаландыру жобаларының жүзеге асуы бәсекеге қабілеттілік пен елдің экспорттық әлеуетін арттыруға басымдылық берілген болатын. Осы мақсатта, 270 тонна ауылдан шықан көкөніс және бақша өнімдерін Ресей Федерациясына экспортқа жіберген. Сонымен қатар, елді мекенде ет бағытындағы өнімдерді дамытуда «Тұлпар» шаруа қожалығы 600 бас уақ малды Иран Ислам Республикасына экспортқа шығарған. Ауылдағы кәсіпкерлікте де алға жылжу бар. Айта кетер болсақ, Бидайкөл ауылының көркін аша түсетін, халқына берер пайдасы мол, жобалық құны 180 млн. 102 мың теңгенің жаңа «Бастау» сауықтыру кешені жабық бассейні ел игілігіне қызмет етуде. Онда қазіргі таңда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, «Zhas project» жобасы бойынша компьютерлік ресурстық орталық ашуға құны 1 млн. тұратын жоба ұсынылып, ауыл тұрғыны Дана Шорабаева жеңімпаз атанып, дәріхана ғимаратының екінші қабатында өз кәсібін жүргізуде. Нәтижесінде, аталған жоба бойынша ауыл жастарының арасындағы жұмыссыздық 2 адамға қысқарған.
Мұндағы ақжолтай жаңалықтың бірі, осы жылы бидайкөлдіктер толық көгілдір отынына қол жеткізетін болды. Сонымен қатар, мемлекеттік балабақшаның іргетасын қалау, елді мекенде демалыс саябағын салу күн тәртібінде тұрған бірінші мәселе екенін білдік. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, ағымдағы жылы осы айтылған жобалар кезең-кезеңімен іске асатын көрінеді.
Сейсенбідегі соңғы сапар дарияның арғы бетіндегі Қарғалы елді мекенінде жалғасты.
Күнкөрісін төрт түліктен тапқан қарғалылық ағайын ауданнан келген қонақтарды жылы қарсы алды. Әдеттегіше, жиналыс учаскелік полиция инспекторы Асылхан Мұхамеджанның баяндамасымен басталды. Тәртіп сақшысының келтірген дерегіне үңілсек, 2018 жылы ауылда бір ғана қылмыс тіркеліп, оның өзі ашылған. Осылайша, Қарғалы ауылы аудандағы қылмысы ең төмен ауыл атанды. Ал, ауыл әкімі Б.Райымбеков ауылдағы былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Иә, арғы беттегі ағайын үшін қажетті дүниелер көп-ақ. Дегенмен, ауылдан емхана, клуб үйі, спорттық сауықтыру орталығы бой көтеріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Е.Айтөреұлы,
Б.Бәйімбет (фото),
Иіркөл-Бидайкөл-Қарғалы.