Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел үмітін ақтаған есеп

Ел үмітін ақтаған есеп

Биылғы қыс мезгілінде өңірде қардың жауу мөлшері өте төмен болып тұр. Онсызда қары қалың жаумайтын аймақтанбыз ғой. Дегенмен, бұрындары балаға ермек боларлық қарды көріп тұрушы едік, биыл о да жоқ. Есесіне, дамылсыз жауған жауынның көлемі көп. Өткен апта бойы, кешегі түнімен аспаннан төгілген ақ жауынның соңы, бүгін ақ қарға ұласты ау, әйтеуір. Көптен күткен қонағымыз таң ата келген-ау, сірә. Аққа оранған жолға із салып, ауданға қарай бет алып келеміз. Өздеріңізге белгілі аудан әкімі Ә.Оразбекұлының тура бір апта бұрын ауылдарға барып есеп беру сапары басталған. Сол сапар бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі, Алаш арыстарының бірі болған әйгілі Мұстаф Шоқай дүниеге келген Сұлутөбе елді мекенінде жалғасты.

Сырлы сұлутөбе
Дүйсенбідегі есеп беру жиындары Сұлутөбе, Қоғалы, Тартоғай ауылдық округтері бойынша белгіленген екен. Ендігі сол жиналыстарға аз-кем тоқталып өтсек. Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Тілеуберген Шаутай, аудандық мәслихат хатшысы, депутаттары, «Нұр Отан» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының орынбасары және тиісті мекемелер мен бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Күн тәртібінде бекітілгендей алдымен Сұлутөбе ауылдық округі бойынша полиция инспекторы Д.Мажиханов 2018 жылы жасаған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы баяндама жасады. Белгілі болғандай өткен жылы Сұлутөбеде 15 қылмыс орын алып, жеті қылмыс ашылған. Бұл дегеніміз елді мекенде қылмыстың көптігін, оның ашылуы аз екендігін көрсетіп отыр. Осынау кемшілікті ескерген аудан әкімі Ә.Оразбекұлы Д.Мажиханов мырзаға әбжіл әрекет етіп, тіркелген сегіз қылмыстың жақын уақыт аралығында анықталуын нақты тапсырды. Осыдан кейін, қос әкімнің баяндамасы қатар оқылып, жиынға қатысушылар көкейдегі сұрақтарын жолдап, өзекті мәселелерін ортаға салды.
Зейнеткер Е.Жұмаділов ауылдағы ескі мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, сол жерден әуез мектебі ашылса деген ойын айтты. Бұған қатысты аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ауыл әкіміне аталған мекеменің жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттарды әзірлеп, ұсыныспен келуін жүктеді. Ал, П.Мұханова бұрынғы Бірлестік ауылы қазіргі уақытта заңды түрде Жаназар батыр ауылы деп өзгертілсе де, әлі күнге дейін құжаттарын Бірлестік атауымен алып жүргенін айтып, өңір басшысынан бұл мәселені бір ретке келтіріп беруін сұрады. Қойылған сауалға орай аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мәселені өзінің қаперінде болатынын ескертіп, алдағы уақытта халыққа қызмет көрсету орталығымен бірлесе отырып жұмыс жасап, бұл мәселені шешіп беретінін жеткізді. Иә, аудандағы Тіректі ауылдың бірі Сұлутөбе ауылдық округінің биылғы қуанышты жаңалығын естіп біз де марқайып қалдық. Оны өздеріңізбен бөлісуді де жөн санадық. Бұйырса осы жылы Жаназар батыр мен 1 мамыр елді мекендері таза ауыз сумен толық қамтылып, ондағы ағайын ауызсуды тасып ішу машақатынан құтылмақ екен. Халқымыз суды тіршілік көзі санап, оны құрметті астың қатарына қосқан. Олай болса, Жаназар батыр, 1 мамыр ауылдарына жүріп жатқан ауызсу аталған ауылдарға таза әрі тың тіршілікті ала келсін деген тілек білдіргіміз келеді.
Талапты тартоғай
Аудан әкімінің қорытынды есебі бұ­дан кейін Тартоғай ауылдық округінде №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейі­нің акт залында өтті. Әдеттегідей, бірінші ауылдық полиция инспекторы С.Макешовтың есебі тыңдалды. Аға лейтенанттың айтуынша, жыл көлемінде ауылда 9 қылмыс орын алған. Оның ішінде бесеуі мал ұрлығы болып отыр. Ауылда орын алған қылмыстың ашылуы да көңіл толарлық емес. Өңір басшысы полиция инспекторына мал ұрлығын түбегейлі тоқтатуға қарқынды жұмыс жасап, малынан айырылған жәбірленушілердің арызы бойынша малдарын табуға жәрдем беруді тапсырды.
Тартоғайдағы тәртіп мәселесінен кейін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдағы кәсіпкерлікті ілгерілету, аудан әкімінің алға қойған міндеттері мен тапсырмаларын орындау бағытында округ әкімі Д.Сүйіндіктің баяндамасы оқылды. Бізге мәлім болғандай ауылда аяқ су мәселесі толыққанды шешілмеген. Ауыл әкімі ағымдағы жылы аяқ суды аяқсыз қалдырмай, мәселесін шешетінін айтты. Одан бөлек, ауыз судың да жүйесін жаңарту, орталықтандыру жұмыстары осы жылдың еншісінде тұрғанын білдік. Ал, осы көктем шыға тартоғайлықтар кең көлемде егін егуге белсеніп отырғаны бізді қуантты. Сөзінің соңында ауыл әкімі Д.Сүйіндік аудан басшылығанан елді мекенге әлеуметтік нысандардың құрылысын салу жұмыстарын бастауға ықпал етуін сұрады. Осыдан кейін сөз алған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы Шиелі ауданының өндірістік-өнеркісібі мен әлеуметтік-экономикасына, мәдениеті мен спортына, кәсіпкерлігі мен туризіміне жеке-жеке тоқталып, арнайы әзірлеген слайд арқылы жиналғандарды өңір тынысымен таныстырды.
Арғы беттегі ауқымды шара
Дүйсенбідегі аудан әкімінің соңғы сапары қоғалы ауылдық округінде жалғасын тапты. Әдеттегідей, жергілікті полиция инспекторының сөзінен соң ауыл әкімі Ғ.Сейтов 2018 жылы атқарған жұмыстарының қортынды есебін берді. Осы округке өткен жылы сайланған ауыл әкімінің жыл көлемінде жасаған жұмыстары ауылға кіргеннен көзге ұрып тұр. Дарияның арғы бетіндегі ауылда кәсіп ашып, тіршілігін оңдап отырған азаматтар да жоқ емес екен. Мәселен, елді мекенде жыл басынан бері «Бастау-бизнес» курсынан 11 адам өткізілген. 3 азамат «Ауылшарушылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы және «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы 1 млн. 131 мың теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Ал, «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша ИП «Абдраманов» қазіргі таңда тәулігіне 250 дана нан пісіретін наубайхана ашып, 2 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мұнда Тартоғай-Айдарлы аралығындағы 28,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, ауыл ішіндегі Есабыз көшесі де толық жөнделген. Ауыл көшелеріндегі жарық мәселесі де оң шешімін тауып, жолдары бір жүйеге келтірілген.
Иә, аптаның алғашқы күніндегі аудан әкімінің есебі осылайша Қоғалыда қортындыланып, бағытты бергі бетке бұрдық.

Елдос Жүсіп,
Бақытжан Бәйімбет (фото),
Сұлутөбе-Тартоғай-Қоғалы
.
22 қаңтар 2019 ж. 931 0