Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЙСЫНДАҒЫ БАЙЫПТЫ VIBE

БАЙСЫНДАҒЫ БАЙЫПТЫ VIBE

Ауыл – әр пенде үшін қымбат һәм ыстық. Ол – күні бүгінге дейін сан толқынның қастерлі ордасы, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені, алтын бесігі бола білді. Осындай құт қонған берекелі елді мекеннің бірі – Шиелінің тап іргесіндегі Жаңатұрмыс ауылдық округі. Балдаурен Шәкіртаев басқарып отырған бұл ауылдың келбеті алыстан көз тартады. Жөнделген түзу көшелер, әдемі үйлер... Бәрін айт та, бірін айт, бүгінгі таңда байсындықтардың хал-ахуалы тұрақты. Ауызсу, аяқсу, электр жарығы, «көгілдір отын» бәрі-бәрі шешімін тапқан.

КӘСІП АШЫП, МАЛ БАҚҚАН
Байсындағы бұқараның басым көпшілігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіп ашып, ауылдағы ағайынға қызмет етуде. Осыдан екі жыл бұрын ауылдық округ бойынша 2 шаруа қожалық тіркелген болса, қазіргі таңда оның саны 23-ке жеткен. Олардың 4-еуі егін және мал шаруашылығымен, ал 19-ы бірыңғай мал шаруашылығымен шұғылданады.
Біз баяндап отырған бұл ауыл – ежелден түлік өргізген мекен. Бүгін де сол үрдісі үзілмеген. Төрт түлік арқылы түтіні түзу ұшқан жайы бар. Мал шаруашылығы арқылы мұнда мұрты майланған қожалықтар көптеп кездеседі. Сондықтан да, елді мекеннің тұрмыс-тірлігі күн санап жақсарып келеді. Бұған еңбегінің өтеуін төккен тер мен жомарт жерден ғана сұрайтын жергілікті шаруалар үздіксіз үлес қосуда. Олар мал шаруашылығымен қатар егін де салады. Тегі, қыс қыстаққа, жаз жайлауға көшірген үйір-үйір жылқы, отар-отар қой – ауылдың сәні екенін тамыры атамекенде жатқан қазақ жақсы біледі. Осы жылдың 6 айында мал шаруашылығы саласында мүйізді ірі қара – 3419, уақ мал – 2464, жылқы – 635 басқа көбейген.
Ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағдарламалары оңтайлы жүзеге асуда. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үш маңызды мәселені: салық базасының ұлғаюын, жаңа жұмыс орындарының құрылуы және қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығының жақсаруын қамтамасыз етеді. Жұмыссыздықты азайтып, кедейшілік деңгейін төмендету – басты мәселе. Сәйкесінше азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы ол – кәсіпкерлік. 2020 жылмен салыстырғанда ауылдық округ бойынша тіркелген субъектілер саны 95-ке жеткен. Оның 10-ы – заңды тұлғалар, 23-і – шаруа қожалықтар болса, 62-сі – жеке кәсіпкерлер. Бір сөзбен айтқанда, елді мекенде кәсіпкерліктің дамуы қарқын алған.
Ауылдық округте шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамытудың іс-шара жоспарына сәйкес, «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 3 ауыл тұрғыны осыдан 2 жыл бұрын 3 675 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Бұған дейін ауылда монша, шаштараз, мал бордақылау алаңы сынды кәсіп түрлері ашылып, ауыл халқының аудан орталығына келіп-кету машақаты азайған болатын. Ендігі жерде тағы да кәсіпкерлер қолдау тапса, жаңа кәсіп көздері ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылмақ. Айта кетейік, үздіксіз ізденістің арқасында ауылдық округте жұмыссыздық деңгейі 2,2 пайызға азайған.

ЖАРЫҒЫ ЖАРҚЫРАҒАН ЖОЛДАР

Жалпы алғанда ырыс-ынтымағы, береке-бірлігі жарасқан осынау Жаңатұрмыс ауылдық округінде 1100 адам тұрады. Үй саны – 199. Төрт жыл бұрын тұрғындар тұратын көшелер саны 7 болса, қазір олардың 14-ке көбейген. Олардың ішінде 13 көшеге атау беріліп, қалған 1 көше квартал болып орналасыпты. Ауыл әкімі Балдаурен Шәкіртаевтың баяндауынша, елді мекеннің инфрақұрылымы назардан тыс қалған емес. Жыл сайын әр бағыт бойынша жоспарға сай жұмыс жүргізілуде.
– Жалпы ұзындығы 10,8 км, олардың ішінде 6,2 км болатын 6 көшеге асфальт жұмыстары жүргізілді. Ал 4,6 км болатын 8 көшеге қиыршық тас төселген. 2020 жылдан бері ауылдың маңызды көшелерінің барлығына асфальт жұмыстары жүргізілді. 2020-2024 жылдар аралығында Ақмешіт, Сейхун, А.Байкенжеев, Ә.Оспанқұлов, С.Тобағабылов, С.Асанов көшелерінің тұйығына және Е.Жұмабаев көшелеріне қиыршақ төсілді. Сонымен қатар өткен жылы С.Асанов көшесінің бойына жаяу жүргіншілер жолын салуға 6 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда бұл жолдың игілігін халық көруде, – дейді ауыл әкімі.
5 көшеге диодты көше жарық шамы орнатылыпты. Яғни, С.Ережепов, Сейхун, С.Асанов Б.Әбдімомынов көшелеріне жаңадан жарықшамдары қойылса, С.Аймағанбетов көшесінің бойындағы электр шамдарына биыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан бағаналы жарық шамдары орын теуіпті.
АУЫЛ КЕЛБЕТІ – БІЛІМ ОШАҒЫНДА
Сонау 1965 жылы іргетасы қаланған №207 білім ордасының бүгінгі сәулеті мен келбеті келісті. Нысан құрылысын 2022 жылы «Авангард ПГС» мекемесі жүргізіп, өткен жылы халық игілігіне ұсынды. Құрылысқа республикалық бюджеттен 800 миллионның үстінде қаржы жұмсалған. Екі қабатты ғимаратта оқушыларға қажеттінің бәрі бар. Ауласы қоршалып, абаттандыру жұмыстары да жасалған.
– Байсында жүзеге асып жатқан игі істер аз емес. Ауылымыздың ажарын айшықтайтын жаңа мектептің ашылуы осыған дәлел. Мектеп оқушылардың білім алуына қажетті құрал- жабдықтармен толық қамтылған. Енді осы мүмкіндіктерді пайдаланып, оқушыларға дұрыс білім беруіміз керек, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роллан Мұстафаев.
Жаңаның аты жаңа емес пе? Қазіргі заман талабына сай жабдықталған пәндік кабинеттер, технологиялық дәріс беру бөлмелері, спорт, акт залдары, кең де жайлы асхана бәрі де сәулет сымбатымен көз тартып, еріксіз назарыңды аударады.
Бұл ауылда 2020 жылы С.Аймағанбетов пен Б.Әбдімомынов көшелерінің қиылысында «Балалар ойын алаңы» бой көтерсе, 2021 жылы Б.Әбдімомынов көшесінің бойына абаттандыру жұмыстары бойынша «Жаттықтыру алаңы» құрылған. Ауылдағы ағайын «балалар ойын алаңдары бүлдіршіндердің қуанышына айналып, ауылымыздың көркіне көрік қосты» деседі.
АУЫЛЫ ЖАҚСЫ ЫРЫСТЫ БОЛАР
Жаңатұрмыс ауылдық округі «көгілдір отынға» алғашқылардың бірі болып қол жеткізген ауыл. Бүгінде елді мекендегі 190 тұрғын үйге, яғни 99,9 пайызына газ құбырларының түтікшелері орналастырып, тұрғындар толығымен «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. 
Айтпақшы, ауыл әкімінің сұранысымен «Beeline» Қазақстан компаниясымен ұялы байланыс операторының базалық станциясын орнату жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде аталған байланыс жүйесі сәтті іске қосылып, ауыл тұрғындарына басқа ұялы байланыс оператор желісімен қатар, Beeline 4G интернет байланысын еш кедергісіз қолдануда.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл халқы «жарық мәселесі жанымызға батып тұр» десетін. Өз кезегінде жел үп етсе, жалп етіп сөніп қалатын жарық мәселесі де шешімін тапқанды. Яғни, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, аудан әкімінің тікелей қолдауымен жаңадан қуаттылығы жоғары екі трансформатор орналыпты. Ең қызығы, тірлігі байыпты өрбіген мекенге қоныстанушылардың қатары көбеюде.
– Осыдан төрт жыл бұрын ауылға тұрғын үй құрылысын салу үшін 62 гектар жер телім қосымша берілген-ді. Өткен жылы осыған байланысты жоба-сметалық құжаттары әзірленіп сараптамадан толық өткізілді. Енді Байсын ауылына 11 көше жаңадан қосылмақ, – дейді ауыл әкімі.
Расында, алақандай ғана ауылдың жыл бойында атқарған жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Алға қойған мақсаттары мен бағыты да анық. Бастысы ауыл азаматының әкім болып қайта сайлануы оның туған ауылына шын жанашыр болып қызмет етуіне жол ашқан секілді. Ендеше, Байсын ауылының өркендеп, өсуіне «Өскен өңірліктер» де шын тілеулес.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
15 шілде 2024 ж. 73 0