Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік ауыл – Ақмая

Үздік ауыл – Ақмая

Терең қатпарлы тарихқа көз жүгіртсек, қай заманда болсын елдің бағын әділетті әрі білікті билеуші ашқан. Басшысының ойлағаны елдің мұңы, көптің жайы, болашақтың қамы болса, ол ел өркендеп, тасы өрге домалайды. Қазіргі заманда да ісі сөзімен қабысатын, ұстанымы ұлттық мүддемен табысатын көшбасшысы бар елдер алға озып жатыр. Осы тұрғыда Президент пәрмен берген істердің қаншалықты жүзеге асып жатқанын сараптап тұруды жөн көрдік. Халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан алдымен барша қазақтың алтын бесігі, дәурен-дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі ауылдан бастасақ.
Биыл Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толса, аудан орталығынан 15 шақырым қашықта жатқан Ақмая ауылына 85 жыл толды. Осы мерейлі мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Туған елге тарту» атты «Ауыл күндері» байқауында 22 ауылдық округтің ішінен топ жарып шыққан Ақмая ауылдық округі «Бас жүлдені» иеленді. 2 ай бұрын басталған «Туған елге тарту» фестивалінің қорытындысы жексенбі күні «Алтын дән – 2023» мерекесінде жарияланды. Олай болса үздіктер қатарынан бой көрсеткен Ақмая ауылының ахуалы қалай сараптап көрелік.
Ауыл – әрбір адам үшін өте қымбат, ыстық. Ол бізге дейінгі сан толқынның қастерлі ордасы, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені, алтын бесігі, салт-дәстүрі, өлең-жыры, өнері, мәдениет пен адамгершілік ортасы. Осындай құт қонған берекелі елді мекеннің бірі – Ақмая ауылдық округі. Ауыл келбеті алыстан көз тартады. Жөнделген түзу көшелер, әдемі үйлер... Кіре берісте қатарласа орналасқан Еңбек Ерлерінің портреттері... Барлығы бір-бірімен үйлесім тауып тұрғандай.
Ауылдың ажары артып, халықтың тұрмысы түзелсе, ол ауыл әкімінің іскерлігін білдіреді. Өзі туып өскен елді-мекеннің ертеңін ойлаған Бағлан Сағындықов Президент ұсынған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында біршама істің шешім тапқанын айтады. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Іргелі көшесін орташа жөндеуден өткізуге 20 млн 720 мың теңге және Ы.Алтынсарин көшесін орташа жөндеуден өткізуге 21 млн 168 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. А.Құнанбаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға 20 млн теңге бөлініп, «Rus Lider» ЖШС жеңімпаз атанып, қәзіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса Ақмая ауылы және Қосарық елді-мекені аралығына түнгі жарық шамдарын орнатуға 6,9 млн теңге қаржы қаралып, «Кониструктив LTD» ЖШС жеңімпаз атанып, қәзіргі таңда дайындық жұмыстарына кірісіп кетті» дейді әкім.
Ауылды аббаттандыру жұмысына ден қойған ауыл әкімі көшет егу, аяқ суға насос орнату, көшелерді көгалдандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Сонымен қатар елді мекендегі балалар ойын және спорт алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарына 212 мың теңге бөлініп, ИП «Рауан» жеңімпаз атанып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілгенін де тілге тиек етті. Ең бастысы егінмен күнелткен Ақмая халқы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында, Ақмая ауылының тұсында айналма жол құрылысының басталғанына қуанышты. Себебі жолдың арғы бетіндегі егіс алқабындағы өнімді ауылға тасу үшін қатынауда көптеген кедергілерге кезігіп жүрді. Жол құрылысы бітсе, диқан қауымның да жол азабы азая түсері сөзсіз. Ата кетейік «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойы мен Ақмая ауылына дейінгі 8,5 шақырым топырақты жәй жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына демеуші есебінен 2,5 млн қаржы бөлініп, 1 024 512 876 теңгенің жоба-сметалық құжаттары мен сараптамасы әзірленіп, мемлекеттік сатып алу порталына жарияланған. Жеңімпаз анықталғаннан кейін өтпелі кезең бойынша жұмыстар басталатын болады деп ақпар берді ауыл басшысы.

Балаларға бар жағдай жасалады
«Еліміздің ертеңі – бүгінгі балалар» дейді ауыл әкімі. Ақмаяда соңғы 3 жылда 149 сәби дүние есігін ашқан. Балалардың ең алғашқы тәрбие ошағы бала бақша десек, олар үшін «Аймира» бала бақшасы үздіксіз жұмыс істеуде. Қазіргі таңда «Аймира» бала бақшасы 100 баланы, жаңадан ашылған «Аймира и К» бөбекжай бақшасы – 50 баланы тәрбиелеуде. Заман талабына сай жабдықталған бала бақшаның құрылтайшысы Жәмила Әділбекова бүлдіршіндердің жай-күйін жіті назарда ұстайды. Тәрбиешілері білім-білігін кеңейту үшін түрлі республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Қолынан өнер тамған шеберлер бүлдіршіндерді түрлі өнерге де баулиды.
Бала бақшадан алған тәлім-тәрбиені одан әрі мектеп ұштай түседі. Елді мекенде орналасқан 620 орындық мектеп ғимараты 1983 жылы пайдалануға берілген. №49 орта мектебінде 84 мұғалім еңбек етеді, 468 оқушы білім алады. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін тек мектепте ғана емес «Ақмая ауылдық клуб үйі» де түрлі үйірмелер ұсынады. Биыл ғана клуб үйінің тізгінін ұстаған Мейрамбек Ибрагимов оқушыларға арнап «домбыра» үйірмесін қайта жандандырды. «Танылмаған таланттар» атты шарасында ауылдағы өнер адамдарын сахнаға шығарса, ауылдан шыққан алыптарды дәріптеп, түрлі кездесулер де ұйымдастырды.
Жас жеткіншектерді спортқа бау­лу мақсатында мәслихат депуаты Д.Жұмбековтың демеушілігімен салынған Спорт үйі де өз жұмысын тоқтатқан емес. Бүгінгі таңда бокс, ережесіз жекпе-жек, күрес сынды спорт түрінен жас балуандар жеңіске жетіп, ауылдың абыройын асқақтатып жүр.

Шаруға дем берген қос қожалық
Бүгінде түтіні түзу шыққан 470 үйде 2673 халық тұрады. Кәріс, орыс ұлтына құшағын айқара ашқан Ақмая ауылдық округінің ажары күннен күнге артып келеді. Кезінде бір келген сапарында Қарақалпақстанның халық ақыны Тілеуберген Жұмамұратов деген ағамыз:
«Бір колхоздан он алты батыр көрдім,
Бар қазақ батыр болмай несі қалды...», – деп жырға қосқан Ақмая ауылы шынында, адамды таң қалдырмай, ақын шабытын шарықтатпай қоймайды. Қиын-қыстау заматта арып-ашып, пана іздеп келген сан алуан ұлт өкілдерін жатсынбай, жатырқамай, құшақ жая қарсы алған Шиелі өлкесінің қасиетті топырағы сол ұлт өкілдерінің кеудесін жұлдызбен көмкеріп, Еңбек ерлерін шығарды. Бүгінде сол даңқты диқандардың ізін жалғап, қамбаны қызылға толтырып отырған «Ақмая» шаруа қожалығы 200-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отыр. Ерте көктемнен кетпенін сайлап, жер қойнына алтын дән сепкен ақмаялық диқандар күз келіп қуанышқа бөленуде. Жексенбіде өткен «Алтын дән – 2023» мерекесінде шаруа қожалық төрағасы Дәулет Жұмбеков 3 адамға автокөлік кілтін табыстады. Ала жаздай төгілген тердің өтеуі болған темір тұлпарды Бауыржан Сандыбаев, Бейсенбек Күнтупов, Төрехан Әлтаев иеленді.
Ақмаялықтардың ырысын еселеу үшін құрылған тағы бір шаруа қожалық бар. Ол – «Дастан» шаруа қожалығы. Биыл қожалық төрағасы Руслан Ранов механизатор Оңғар Арыстанов пен күрішші Айдос Бектұрғановқа көлік мінгізді. Сондай-ақ, мол өнім жиған күрішші Рахат Жылқыайдаровқа 1,5 миллион теңге табыстады.

Шаштараз, монша бәрі бар
Бұрындары шаш қидыру үшін де аудан орталығына ағылатын ақмаялықтар енді қажетті дүниені алыстан іздемейді. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін түсінген ауыл халқы шаштараз, наубайхана, монша, сауда орындарын ауылдық жерлерден ашуға кірісті. Нәтижесінде ауыл ажарланып, әлеуеті де арта түсуде.
– Ақмая ауылдық округі бойынша 96 кәсіпкер, 37 шаруа қожалық тіркелген. Жыл басынан бері «Наурыз-Дем» несие серіктестігінің ЖШС «Іскер» бағдарламасы аясында 4 азамат 153 млн теңге көлемінде несие алды. 1 азамат 1 млн 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант иегері атанды. Сондай-ақ «Қызылорда»ӨИО (Микро. Бизнес) арқылы 4 адам 11 млн 600 мың теңге несие алып өз кәсіптерін дөңгелетуде, – деді ауыл әкімі Б.Сағындықов.
Баяғыдай ауылдағы ағайынның аңсары қалаға қарай аумайды. Керісінше тұрмысы түзеліп, ажары артқан ауылдардың келбеті қалаға теңесіп келеді. Жастар да ауылдың әлеуетін арттыру үшін жұмыс істеуде. Оның бір ғана айғағын Ақмаядағы атқарылып жатқан жұмыстардан аңғаруға болады. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек алдағы уақытта орталық алаң, жастар саябағы мен ардагерлер аллеясы да бой көтереді. Тек ол үшін қолдау керек.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
24 қазан 2023 ж. 262 0