Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕРІ ӨРІСТЕГЕН ҚОС АУЫЛ

ӨНЕРІ ӨРІСТЕГЕН ҚОС АУЫЛ

«Туған елге тарту « атты кезекті өнер фестивалінде Ақмая мен Қарғалы ауылдары да қалыс қалмады. Қос ауылдың көркемөнерпаздары мен еңбеккерлері, білім саласының қызметкерлері өзгеше дайындықпен келген. Бақ сынаған ауылдық округтердің бағдарламасын біз де тамашалап қайттық.
Сол күнгі орталық алаңдағы көрініс – бір қарағанда кәнігі этно ауыл дерсіз. Себебі екі ауылдың ауызбіршілігі мен қазақы құндылықтарына куә боласыз. Келген көпшілік көрмеге қарап, Ақмая мен Қарғалы ауыл округтерінің тұрмысын, шаруашылығын, салтын көзбен көрді.
Шарада «Еңбек күні» де аталып өтіліп, аудан әкімі Н.Ахатов пен облыстық мәслихат депутаты Д.Жұмбеков қарапайым еңбек адамдарын марапаттады. Ауылдардың ақсақалдары бата беріп, әжелері әнін шырқады.
Ақмая – көркімен көз тартатын ауылдардың бірі. Шиелінің іргесінде орналасқан. Мұқым елге белгілі тәуелсіздік жылдары осы ауылдағы шаруашылық қана талан-таражға түспей, қабырғасы сөгілмей, өзінің біртұтастығын сақтап қалған.
Ерекшелгі сол, фестивальде қос бұрымды қазақ қызының бейнесі ақ күрішпен бейнеленді. Атамекенін, киелі Шиелісін әнге қосып, алаңды думанға бөлеген ақмаялықтар халықтық өнер - айтыстың да көрігін қыздырды. Ақын Қатира Жәленова, термеші Сәрсенбек Баймағанбетовтер бастаған өнерпаздар легін қарапайым еңбек адамдары ретро әндермен жалғады. Сондай-ақ үш ұлттың (қазақ, орыс, шешен) биін сахналық образдарымен халыққа паш етті. №49 қазақ орта мектебінің 50 ұстазы «Атамекен» әніне хор айтып аудан тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлады.
Бұл ауылдан 16 Еңбек Ері шыққан. Барлығы да – корей ұлтының азаматтары. Алтын сабағы майысып, дәндері күнге шағылысқан күріштің қамбасы да осы ауылда. Ауылдың бренді - күріш десек те болады. Айта кетейік, биыл ауылдың құрылғанына – 85 жыл. Тірлігі өрге озған ауылдың атқарып жатқан жұмыстары көп. Мұны ауыл әкімі Бағлан Сағындықовтың брифингтегі сөзінен аңғардық.
Ауыл әкімінің баяндауынша, Шиелі ауданында 3423 өзге ұлт өкілдері ғұмыр кешуде. Соның ішінде ең көп этнос өкілдері шоғырланған жердің бірі – Ақмая ауылы.Әкімшілік аумақтық бөлініс бойынша Ақмая ауылдық округіне Ақмая ауылы, Қосарық елді мекені кіреді. Жалпы көлемі 13411 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылық жерлері 2260 га, егістік жерлері 4872 га, жайылымдық жерлері 4818 гектарды құрайды. Егін шаруашылығында 4872 гектардан астам суармалы жерлер бар. Елді мекендегі үлкен шаруашылық «Ақмая» шаруа қожалығы ауыл тұрғындарының 200-ге жуық азаматты жұмыспен қамтып отыр.
Тағылымы терең фестивальде Қарғалы ауылдық округінің тұрғындары да жоғары деңгейде өз өнерлерін көрсетті. Бұл ауылдың өзгешелігі – бал татыған балық сорпасында. Дәм татқан адамдар риза болып, мақтанышпен айта жүрді. Қаламгер Қалмақанның ізін жалғаған өнерпаздар сахнаның сәнін келтірді. Ауыл тұрғындары дайындаған қолөнер бұйымдары мен көрмелері, ән шашулары да болды.
Қарғалы – шаруашылығы дамыған елді-мекен десек қателеспейміз. Ауыл халқының күн көрісі мал шаруашылығы. Бренді – балық. Қазір Қарғалы ауылдық округінде 1 орта мектеп, 1 емхана, 1 клуб, 1 кітапхана жұмыс істейді. Ауыл әкімі Қайрат Қапанұлының айтуынша, совхоз құрылмай тұрып, Сырдың осы бетіндегі аудан малшыларының балаларына 1958 жылдары қазіргі Қарғалы ауылының батыс бетіндегі «Жүзбай» деп аталатын жерге танымал ақын Қалмахан Әбдіқадыров мектеп салдырып, су басуға байланысты мектеп құлап, кейіннен Сырдария өзенінен 7 шақырымдай жерге өз қаржысына мектеп тұрғызды. Мектеп интернатымен қоса, малшы балаларының білім алуына арнап салдырып, алғашқы директор Сақтаған Шопашев болды.
Салтанаты кештің соңында отшашу атылып, халықтың көтеріңкі көңіл-күйін еселеді. Айтып өтейік, фестиваль өз мәресіне жақындап келеді. Қорытынды өнер кеші 6 қазан күні орталық алаңда өтеді деп жоспарлануда. Олай болса, барша ауыл-аймақтарға тек сәттілік тілейміз!

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ

26 қыркүйек 2023 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (9202)

14 мамыр 2024 ж.

№37 (9201)

10 мамыр 2024 ж.

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031