Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егіс даласындағы марапат

Егіс даласындағы марапат


Авангард – Кеңес Одағы кезінде күріш совхозымен белгілі болған ауыл, тәуелсіздік жылдары кезінде талан-таражға түспей, өзінің биіктігінде қалған бірден-бір елді мекен. Бүгінде еңсесін тіктеп, аудандағы ауылдардың алдыңғы қатарында көпке үлгі болып жүр.

Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде ауыл-аймақта игі қызметтер атқарылуда. Мемлекет тарапынан зор қолдау болмаса, кәсіпкерлердің де ісі өрге жүзбеген болар еді. Осының нәтижесінде кәсіпкерлер туған жерінің гүлденуіне қол ұшын созып жүр. Есімі елімізге етене таныс спортшы, бүгінде білдей кәсіпкер Жақсылық Үшкемпіров: «Ауыл-аймақтың өсуі жолында қолымыздан келгенінше көмегімізді аямауымыз қажет», – деген еді. Тағы бір сөзінде: «Елімізде 5 жарым мың ауыл бар деп естимін. Сол ауылдардан еліне қамқор болар 5500 азамат шықса, Қазақстан гүлденіп кетер еді», – деген болатын. Барды бар кезінде бағалайық. Біздің ауданда да мұндай қайырымды шара жасап жатқан азаматтар аз емес. Мешіт, спорт-сауықтыру кешені, балабақша салып жатыр. Ақмая ауылының азаматы, кәсіпкер Дәулет Жұмбеков біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен шаруашылыққа жаңа тыныс, жаңа серпін беріп өрге сүйреп келеді. Ол әрбір сәтті қалт жібермей, ауылындағы жақсы-жайсаңдарды, ауыл жастарын жинап, түрлі мерекелік шараларда ауылдың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени жиындарында демеушілік танытады. Қолдау көмегін аяп қалған емес. Мінекей, жуырда шаруашылықтың егіс даласында «Біз жастар адал еңбекті қалаймыз» атты жастар жылына орай ауқымды шара өткізді. Шарада «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет қатысып, ауыл жастарына ізгі тілегін жолдап, егіннің бітік болып шығуына тілектес екендігін жеткізді. Бұл жолы да жастар мәселесі ескерусіз қалмады.
Жиында байқағанымыздай ауыл жастарының білім алуы, әлеуметтік жағдайын назарда ұстап, мүмкіндік болса туған жерінен жұмыстар тау­ып беріп жатқанын байқадық. Ол басшылық жасап келе жатқан «Ақмая» шаруа қожалығында тәртіп пен береке-бірлік орнап, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. «Биылғы егін-терімді ойдағыдай жинап алатын болсақ, ауылға газ тартып, рахатын көретін сәт те алыс емес», – деді Дәулет Жұмбеков. Өзі басқарып отырған шаруа қожалықтың жас механизаторлары мен бригадир жігіттеріне алғыс хат табыстап, сый-сияпат ұсынды. Көпшілік алдында жас мамандардың еңбектерін елеп, кіші буынға қай кезде де қамқорлық керек екендігін тағы бір көрсеткендей болды.
Ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағанбетов Мұхтар Шахановтың «12-3» деген өлеңінен үзіндіні айта келіп, жастық шақ – адамзаттың көктемі. Сондықтан осы көктем нәрлі болса, әр тіршілік өз қорегін қажетінше алып, көріктеніп, ажарландыра түсетіндігін тілге тиек етсе, әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Нұрымбетқожаева мен аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет сөз сөйлеп, егіс алқабы бітік шығып, қырман қызыл дәнге толсын деген тілектерін жеткізді.
Иә, расымен де қамқорлық танытып отыратын ел ағасы барда мерейлі күнде тағылымды істер орын ала бермек. Болашақ жастарға тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан осындай азаматтар барда, Ақмая ауылы әрбір саласынан шыққан майталмандарымен, ақын-жазушыларымен, ерлерімен, білімді ұстаздарымен әрдайым мақтана алады. Кешті әрлеген ауыл өнерпаздарының ән-шашуы жұртты серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жұлдызай Ноғайбайқызы
24 маусым 2019 ж. 723 0