Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл – ел бесігі

Ауыл – ел бесігі


Ауылдың құмында туып, суын ішкен әр­бір адам туған жер­і­нің түрленіп, өсіп-өр­кен­деуіне үлес қо­су­­ды мақсат-міндеті деп бағамдайды. Әр адам­­ның­  кіндік қаны там­ып, туып өскен елі жер­ жәннатымен тең. Өйткені, бүгінде ел та­ны­­ған азаматтар мен батырлардың тіптен, ғалым мен қарапайым ауыл тұрғындарының естен кетпес жұлдызды сәт­тері сол өлкемен тіке­лей байланысты. Ал, еліміздің әрбір тауы мен өзені тұнып тұрған тарих­қа толы екенін ескерсек, азаматтардың  сол құндылықтарды құрметтеуі бекер емес. Ол – тазалыққа атсалысса да, бір тал отырғызса да шынайы ісімен өскелең ұрпақтың бойына Отанды сүю деген сезімді ұялатуы қажет. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­­сындағы «Туған жер» бағдарламасының мәні мен мазмұны осында болса керек.

Тәрбие тал бесіктен бастау алады десек, сәмбі талдың иіліп тал бесікке айналар орны ауыл екені бесенеден белгілі. Сіз өз туған жеріңіз үшін не істедіңіз? Жер ананың өтеуін қайтардыңыз ба? Әрине, мұндай тосын сұраққа кез-келгенімізтосырқап қалатынымыз жасырынемес. Себебі, елі-жеріне деген сүйіспеншілігін игі істермен өтеп, туған жерге туын тіккен  азаматтар бар әрине, бірақ саусақпен санарлық. Елбасы рухани жаңғырудың бір тетігін осы тақырыпқа неліктен арнады? Ауыл-аймақтың замана көшінен қалмай, Қазақстанның озық отыздыққа ұмтылуы үшін. Ал, бұл жолда ауыл әкімдеріне артылар жүк ауырлай түспек.
Бүгінде Шиелі ауданына қарас­ты 22 ауылдық округ бар. Тұрмыс-тіршілігі егіншілікпен біте қайнасқан ауылдардың бірінде мал шаруашылығы дамып, енді бірінде кәсіпкерлік қанатын кеңге жаюда. Әр ауылдан түлеп ұшқан тау тұлғалар, атпалдай азаматтар, жанашыр жандар да жетерлік. Ал, оларды игілікті істің басына жиып, ұйытқысы болу ауыл басшыларының бауырмалдығын көрсетсе керек. Жылдық жоспарды бекітіп, ауыл ішінде мерекелік шараны ұйымдастырумен шектелуді заман талабы көтермейді. Бұрынғыдай қаптаған хаттама, мыңдаған құжаттардың әлегі жоқ. Сандық жүйе барлық салаға енуде. Саусақпен түртіп қалсаңыз, ақпарыңыз діттеген жеріне жетіп барады. Сондықтан, жылы орнынан қозғалып, айналаға көз тастап, тәжірибе алмасатын кез жеткен сыңайлы.
Сұлулығына қазақ елі сүйсінген Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылын білмейтін жан жоқ. Бүгінгі күннің «заманауи ауылы» атанған елді-мекенде халыққа керекті игіліктің бәрі жасалған. Орталығында супермаркеті жұмыс жасап, субұрқақтары атқылап тұрған жалғыз ауыл да осы. Елбасы Н.Назарбаев Сыр бойына жасаған ресми сапарында берекелі ауылға өз бағасын берген еді. Келешекке қол созған ауыл бейнесіне көңілі толған Мемлекет басшысы сөзін: «Барлық ауыл Нағидай болсын» деген тілекпен түйіндеген болатын. Ендеше, басшысы бастап, қарты қостаған нағилықтардың еңсерген өткелін бағындыруға біздің де шама-шарқымыз жетпейді ме? Күріш егіп, тары өсірген Ақмая, Ортақшыл, Төңкеріс, табиғаты тамаша Бәйгеқұм секілді басқа да ауылдардың әлеуетін ауыз толтырып айтып жүрміз. Тіпті, жомарт жандарға да кенде емес. Ал, осы ауыл орталықтарына жан бітіріп, сәнін келтірсе, Нағи Ілиясовтан асып түсер ауылдар пайда болар еді.
Болашақта әлем халқы ең үлкен 39 мегаполистің маңайына шоғырлануы мүмкін. Елбасы атаған мегатрендтің бірі – урбанизация үдерісі жүреді. Яғни, болашағы жоқ ауылдардың тізімі жасалып, су, жел, күн энергиясынан қуат алатын ақылды қалашықтар бой көтеруі бек мүмкін. Олай болса, бір-бір кәсіптің құлағын ұстап, түрлі лауазымда қызмет атқарып жүрген ауылдан шыққан азаматтарды бір арнаға тоғыстырып, ауылды абаттандыру жұмыстары жаңғырса. Бұл жолда да туған жерге ту тіккендердің еңсесін көтеретін марапаттар ұйымдастыру ауыл басшыларының алғырлығы мен іскерлігіне тірелері мәлім. Мемлекет қолдауы және кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының бірлесе жұмыс жасауының арқасында ауыл гүлденіп, әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі қаланады. Тек, ерім деген ел болса, елі үшін еңбек етер азаматтар табылатынын ескерсек болғаны.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
27 қазан 2018 ж. 2 066 0